Криминалистердің жұмысының қиындығын көпшілік біле бермейді. Олардың көздеген мақсаты – қылмысты егжей-тегжейлі зерттеу. Жедел-криминалистикалық басқарма бөліністерінің қызметкерлері жыл басынан бері 2,5 мың зерттеу жүргізді. Аса маңызды бағыттардың бірі – трасология, яғни машина доңғалағы, аяқ киім, қол іздерімен жұмыс жүргізу. Кей-кезде ерекше іздер де кездесіп жатады.
Ақпан айында орын алған пәтер ұрлығын тергеу кезінде криминалистер саусақ іздерін 24 таспаға түсіріп алып, егжей-тегжейлі зерттеу жүргізе келе олардың пәтер иелеріне және қонақтарына тиесілі екенін анықтады. Криминалист Азамат Қоқышевтың кәсіби шеберлігінің арқасында папиллярлық сызық болмайтын дене мүшелерінің іздерін табу мүмкін болды. Табылған іздерді салыстыра келе, элементтерінің көлемі мен орналасуы сәйкес келіп, 1977 жылы туған елорда тұрғынының қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Тергеу мүддесіне байланысты бұл ерекше криминалистикалық зерттеуді толық жариялауға болмайды. Осы орайда күдіктілердің тағы бір пәтер ұрлығына қатысы белгілі болды. Екі қылмыс бойынша жалпы шығын көлемі 1,5 млн. теңгені құрады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.
– Жалпы жыл басынан облыс криминалистері “Папилон” ақпараттық жүйесіне 278 қылмыс орнынан алынған 1295 қол ізін енгізді, – дейді жедел-криминалистикалық басқарманың бастығы, полиция полковнигі Игорь Семенов.
Биылғы жылдың қаңтар айынан жедел-криминалистикалық басқарманың бөліністері 621 қылмыс орнын тексерді. Қажетті сараптамаларды жүргізу мақсатында екі жылжымалы криминалистикалық зертхана оқиға орнына 32 рет шықты.