«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“РЕВИЗОР” КЕЛГЕНДЕ…

Орта Азиядағы ең үздік режиссерлердің бірі, тәжікстандық Барзу Абдураззаков С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Николай Гогольдің “Ревизорын” сахналайды дегенді естігеннен-ақ XIX ғасырдағы орыс қоғамының бет-бейнесі суреттелген пьесаның қазіргі заманға берер қандай құндылығы бар деген ой мазалаған еді.

Қағаз бетіндегі пьесаның спектакльге айналу жолы күрделі. Режиссер де суретшідей. Алдымен ақ кенептің үстіне болашақ сурет туындысының нобайын салғандай, режиссер драматургиялық шығарманы талдау барысында спектакльдің негізгі ойын топшылайды. Актерлерге бағыт-бағдар береді. Театр ұжымдық өнер болғандықтан, әлбетте қойылымның сәтті шығуы тұтас ұжымға тәуелді. Десек те, спектакльдің кескіндемедегідей түрлі түсті бояуларға қанық болуы, пьесада суреттелген оқиғаның, қозғалған мәселенің қазіргі қоғам дертінің дегбіріне дөп түсуі, әлбетте, режиссердің шеберлігіне, тәжірибесіне байланысты. Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі өткен жылы Қырғызстанның ең үздік режиссері атағына ие болды. Барзу Абдураззаков бұрын-соңды Қазақстанның театрларында жұмыс істеп көрмеген. Оның еліміздегі алғашқы қойылымы Қызылжар өңірінен бастау алды. Театрдың директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, режиссерді шақыртудағы мақсат – сахнагерлердің шеберліктерін өсіру, театрдың репертуарлық көкжиегін кеңейту.  

Театрда барлығы сағаттың тіліндей жұмыс істеуі тиіс. Егер режиссерді қозғалтқыш десек, қойылым декорациясын, сахналық костюмдерді жасайтын қоюшы-суретшіні, музыкамен әрлеушіні, жарық берушіні және тағы басқа қызметкерлерді сағат саймандарының өзге бөліктеріне ұқсатуға болады. Мұқанов сахнасында жаңа қойылымға дайындық басталды дегеннен-ақ, жайбарақат отырған бірде-бір қызметкер болған жоқ. Актерлерден бастап, театрдың камералық оркестріне дейін жұмыла іске кірісті. Әсіресе, Сергей Имашбаевтың жетекшілігіндегі оркестрдің ішінен құралған квартетке мол жауапкершілік жүктелді. Себебі, режиссер спектакльге дәл сол квартетті де қатыстырды. Және қарапайым музыканттар ретінде емес, квартет спектакльдің қосымша кейіпкеріндей рөл атқарды. Жанры мюзикл емес, комедиялық спектакльге квартеттің қандай қатысы бар деуіңіз әбден орынды. Қойылым шымылдығы дәл осы квартетпен ашылды. Қоюшы-режиссердің театрдың мүмкіншілігін әр қырынан көрсеткісі келгені осыдан-ақ байқалды.

Бір айдан астам уақытқа созылған еңбектің қайтарымы премьералық көрсетілімде болды. Себебі, спектакль аяқталмай жатып, үзіліске шыққан талғампаз көрерменнің бірі Петропавл өнер колледжіндегі актерлік өнер бөлімінің меңгерушісі Наталья Котляренко мұндай қойылымды бұрын-соңды көрмегенін айтып, актерлердің ойынына, режиссерлік қолтаңбаның ерекшелігіне риза болды.

Адамдық қасиеттердің күйреуін ащы күлкімен суреттеген режиссер Гогольдің пьесасын қазіргі қоғамға лайықтағаны актерлердің сахнадағы ойынынан байқалып тұрды. Әуелде сахнада бейнеленген уақытты автор өмір сүрген заманмен салыстырғың-ақ келеді. Себебі, спектакльдегі кейіпкерлердің киімі, жүріс-тұрысы сол заманнан хабар беретіндей көрінеді. Бірақ Анна Андреева мен Мария Антоновнаның, Земляниканың, Осиптің ойынына қарап, оқиғаның екі дәуірге де тәуелді екендігін көресіз. Осылайша режиссер өнерде де өмірдегідей қатып қалған заңдылықтар жоқтығын дәлелдей түседі. Бұл ойдың ұшқынын актерлік ойында да байқауға болады. Дуанбасын сомдаған театрдың бас режиссері әрі актері Баатырбек Шамбетовтің рөлін бірнеше бөлікке жіктеп, қарастырған дұрыс. Әуелде комедиялық образ бірде трагедиялық сипат алса, бірде көрерменнің жүрек қылын қозғайтын драмалық бейнеге айналады. Актер өзіне жүктелген міндетті айнымастан сахнада жеткізе білді. Станиславскийше айтар болсақ, оның ойынына сендік.

Керзаманның келбетін дөп басып бейнелей алған спектакльдегі әр рөлден адам жанының көлеңкелі тұстарын жазбай танисыз. Мұнда бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Олардың бітім-болмысы көзбояушылықтан, жағымпаздықтан, паңдықтан тұрады. Іс-әрекеттерінде жылт еткен мейірімділікке қарап, Хлестаков пен Гибнерді жамандыққа қия алмайсыз. Ақыр-соңында өз қамын ойлаған қуыскеуде Хлестаков та, көбінесе үнсіз жүретін Гибнер де – жағымсыз кейіпкерлер қатарын толықтырды.

Қоғамымыздағы келеңсіздіктерді заманауи пайымдаумен әжуалайтын қойылымның хронометражы үш сағатты қамтиды. Әдетте, театр заңдылығына сүйенер болсақ, спектакль үшін үш сағат үш ғасырмен парапар. Бірақ көрермен уақытпен неге санаспады? Керісінше, қойылым өткен уақыт тым аздай көрінді. Оның құпиясы режиссерлік тіл мен актерлік ансамбльдің үйлесімінде жатса керек. Мінсіз драматургиядан бастап, ұтқыр режиссура, шыңдалған актерлік ойын, қойылым ырғағымен үндескен музыка мен би, ұтымды декорация – барлығы өзара үйлесімді. Жымдаса жұмыс істеген Мұқанов сахнагерлерінің ішкі тұтастығы көрерменді бірден баурап алды.

Спектакльде ойнаған әр сахнагерге жеке-жеке тоқталса да аздық етпейді. Әрбіреуі өз алдына дара. Бір-біріне ұқсамайтын сан мінездерді суреттеген сахнагерлер бейнелік көркемдікпен қоғам келбетінің мозаикасын құрастырды десек, қателеспейміз. Жеңілтек Хлестаковты – Асылхан Разиев, асыра діншілдігі ісінде емес, сөзінде байқалатын Ляпкин-Тяпкинді – Болат Мамытбеков, айлакер Земляниканы – Шолпан Айтибаева, аузын ашқан шендіге шекпенін шешуге дайын жағымпаз Бобчинскийді – Мұхамедәлі Испанов, оның сыңары Добчинскийді – Мақсат Ақжолов, жалтақ Шпекинді – Думан Адыкенов, жылпос Осипті – Нұрбол Асқаров, қорқақ Держиморданы – Дулат Ташкен сомдады. Өзге рөлдерде ойнаған сахнагерлер де спектакльге реңк берді.

Қойылымда комедиялық сарынды Бобчинскийді сомдаған Мұхамедәлі Испановтың рөлінен көре білдік. Әр қимылы ойластырылған, ырғаққа толы. Театр сахнасында қойылған өзге спекаткльдерде қосалқы образдарды сомдаса да, комедиялық бет-бейнесімен көрермендерді қыран-топан күлкіге кенелте білетін актердің осы рөлін ерекше атап өтуге тұрарлық.

Жанды дауыс, жанды музыка, актерлік ойынның мінсіздігі, декорацияның әсемдігі көрерменге театр өнерінің сиқырлы әлемін тағы бір рет айқара ашты. Спектакльді сахналау барысында соны идеялар мен тосын шешімдерге барған режиссер сахна сырын бірден жайып салмады. Соңғы түйінді көрерменнің өзіне қалдырды. Қойылымның соңғы көрінісінде есікті қағып келген шынайы “Ревизорды” ешкім көрмейді. Сол себепті де, әрбіреуіміз санамызды серпілтіп, ар-ұят кейпінде келген “Ревизорды” қарсы алдық.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: жаңа қойылымнан көріністер.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp