С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Н. Гогольдің “Ревизорын” сахнаға шығаруға әзірленуде. Қойылым көрермендер назарына 27 ақпанда ұсынылады деп күтілуде. Соған орай театрда спектакльдің қоюшы-режиссері Барзу Абдуразаковпен кездесу өтті.
“Ревизордың” сюжеттік мазмұны көптеген оқырмандарға белгілі. Н.Гоголь бұл шығарманы жазуға 1835 жылы кіріскен. Ал пьесада көрініс тапқан оқиғаның желісін авторға Александр Пушкин айтқан. Оқиға Ресейдің Вологодск облысының кішігірім қаласында орын алған екен. Кей деректерде сол қаланың басшылары оларға қонаққа келген Пушкинді дәл сол ревизор деп қабылдап қалған деседі.
Гоголь бұл пьесаны жазғанда: “Ресейдің бүкіл былығын бір арнаға тоғыстыруға тырыстым”, – деген. Автор қолжазбасын алғаш рет оқығанда Александр Сергеевич ішек-сілесі қатып күлсе, өзгелері ләммим демепті.
Пьеса қазіргі заманда несімен құнды? Спектакльді көрген көрермен кезінде Пушкин сынды күле ме? Әлде өзгелердей үнсіз ойға шомып отыра ма? Бұл сауалдарға режиссер жауап берді.
– Бірде-бір досым жиында: “Өмірден азық-түлікке, киім-кешекке толып тұрған супермаркеттегідей не керектің барлығын ала аласыздар. Бірақ алдыңда касса тұрғанын еш ұмытпаңыз!” – деді. Расында да, өмірде барлық дүниенің құны бар. Мейірімділік саған екі еселеніп, жақсылық болып қалай қайтса, жамандық та солай. Әр нәрсенің соңы бар. Барлығымыз да пендеміз. Бүгін болмаса, ертең өмірдегі жасаған жақсылығымыз бен жамандығымыздың өтемін аламыз. Мен бұл пьеса арқылы көрермендерге осы ойды жеткізгім келді.
Пьеса сахналау барысында біршама өзгеріске ұшыраған. Режиссер драматургиялық шығарманы бүгінгі заман талабына сәйкестендірген. Спектакльге театрдың 20-ға жуық сахнагерлері қатысады. Басты рөлде – Асылхан Рәзиев.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.