«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОДАҒА ҚАТЫСҚАНДАРҒА – АЛҒЫС ХАТ

Кеше облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов “Алтын сапа” сыйлығына және республикалық “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесіне Қызылжар өңірінен қатысқан кәсіпорындардың басшыларын қабылдап, Алғыс хаттар мен дипломдар табыс етті.

– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен белгіленген “Алтын сапа” сыйлығы мен “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесі 2006 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Осы кезеңде сыйлық сапа мен сенімділіктің шынайы көрсеткішіне айналды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – отандық өнімдердің сапасын көтеру, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін жандандыру. Қызмет көрсететін өндіруші-кәсіпорындар немесе компаниялар үшін аталмыш сыйлықтарға қатысу абыройлы іс болумен қатар, экономикалық жағынан да тиімді. Ол компанияны нарықта танымал етеді, оның дамуына жаңа мүмкіндік туғызады және іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейтеді.  

Өңірімізден 2014 жылғы “Алтын сапа” сыйлығына – 21, республикалық “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесіне 9 кәсіпорын қатысты. “Қазақстанның үздік тауары – 2014” байқауының “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымында “Левин В.Д.” ЖК – 1-ші, “Блок” ЖШС 2-ші дәрежелі дипломның иегері атанды. “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымында “Единство” ЖШС – 1-ші, “Анисифоров” ЖК – 2-ші, “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС 3-ші орындарды еншіледі. “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында “КЭСС”, “Казмясопродукт”, “ViZaVi Company” ЖШС-лері тиісінше 1-3-орындарды жеңіп алды. Бұдан басқа, аталмыш шараға белсене қатысқаны және өнім мен қызметтің жоғары сапа көрсеткішіне жетуге тырысқаны үшін номинанттар Алғыс хаттармен марапатталды, – дей келіп, Ерлан Мұратұлы “Алтын сапа – 2014” сыйлығына қатысқан кәсіпорындардың басшыларына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин қол қойған Алғыс хаттарды тапсырды.

Республикалық “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесінің 3-дәрежелі дипломдарына Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму жөніндегі министрі Әсет Исекешев қол қойған.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp