«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

С. Сәдуақасов мақалалары

Алаш қайраткерлерінің осыдан бір ғасыр бұрын атқарған істері қазір өз жемісін беріп жатқандай, ал айтқан сөздері әлі өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, сол кезде Омбыда оқып жүрген Смағұл Сәдуақасұлының ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы идеясы қазір ауылдарды сақтап қалудың бір жолы ретінде ұсынылуда. Жаңа әрі әділетті Қазақстан құрып жатқан біздің билік Алаштың арда ұлының ескі мен жаңа туралы жазған мақаласына бір назар салса артық болмас еді. Оқырман назарына биыл туғанына 125 жыл толған Смағұл Сәдуақасұлының «Жас азамат», «Лениншіл жас» газеттеріне шыққан бірнеше мақаласын алаштанушы ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай ықшамдап ұсынып отыр.

ҚАЗIРГI ДӘУIР – IС ДӘУIРІ

Қазақстан өңiрiнде жастардың мiн­детi өте-мөте зор екенiн дәлелдеп қажетi жоқ. Жастар төңкерiс заманының қаза­нында қайнап өстi. Жастардың мектебi алысқан, тартысқан тұрмыс болды. Бұ­рын кiтапта айтылатын нәрселердiң көбiн жастарға өмiрдiң өзi көрсеттi. Бұл жастардың заманынан алған олжасы. Мұнымен қабат, жастардың өзгелердiң алдында табиғи артықшылығы да бар. Жастың жүрегi тезiрек қызады. Жаңа­лыққа да жас тезiрек аяқ басады. Елдi жасартатын – жас.

Бiрақ жастың бұл сықылды артық­шылығымен қатар, оның кемшiлiк жерi де аз емес. Жас жаңа пiкiрге тез түседi дедiк әлгiнде. Жаңа пiкiр деп ненi айта­мыз? Бiреудiң ойына келмегендi айтқан­ды жаңа пiкiр тапты дей аламыз ба? Ылғи ескiлiкке қарсыны жаңа пiкiрге санай аламыз ба?

Мысалы, бiреу: «Абайды күйдiрiп, өртеп жiберу керек», – дейдi екен. Се­бебi Абай ескi, ол бұрын болған, бiзге жаңа керек. Бұл сықылды пiкiрге жаңа пiкiрлi жастар қалай қарау керек? Бұл пiкiр сырттан қарағанда, рас, жаңа сы­қылды. Бiрақ бұның негiзi дұрыс емес. Бiз ескiге қарсы болғанда, оның шын шiрiген, ескiрген жерiне қарсымыз. Осы күнгiнi гүлдендiрудiң орнына бүлдiретiн, шiрiтетiн, iлгерi басуға бөгет болатын жерiне қарсымыз.

Бiз өткен заманнан осы күнгiнiң ара­сын шорт кесiп тастамаймыз. Менен бұ­рынғының бәрi ескi, менiкi ғана жаңа, сол жаңа өзiме жетедi, өзiмдi қанағат­тандырады деп бiз еш уақытта да айта алмаймыз.

…Сондықтан бiз iске жарайтын ескi­ден жиренбеймiз, бiз оны өз керегiмiзге жаратамыз. Әлгi Абайға қайта келейiк. Абайдың бiз шәкiртiмiз деп, әрине, айт­паймыз. Бiрақ Абайдың сабақ болатын жерi де бар. Абай – анық ақын. Абай әдемi сөздiң ұстазы. Абайдан бiз әдемi сөзге үйренуiмiз керек. Абай құр ғана ақын емес, ол бiр белгiлi заманның адамы, заманында болған кертартпа­лыққа, бұзақылыққа Абай қарсы бол­ған. Оның сынаған, оның мiнеген тұр­мысы осы күнi, әрине, өзгередi, бiрақ әлi өзгермеген, жетпеген жерлерi де бар. Олай болса, осы күнгi кем-кетiк­терiмiзбен күресу жолында Абайдың iске асатын сөздерi әлi де толып жа­тыр.

Бiз «ескi», «жаңа» деген сөздердiң арасын тым жадағай, құрғақ түсiнбеуiмiз керек. Бұл екеуiнiң арасында байлам бар, қатынас бар. Қыс пен жаздың ара­сында жазғытұрым бар. Ескi мен жаңа­ны екi ортасындағы байламымен бiрге түсiну керек.

ЖАСТАРДЫҢ БҰРЫНҒЫ ҺӘМ ҚАЗIРГI ҰЙЫМДАРЫ

Қазақ жастарының ұйымдары бұ­рыннан бар едi. Ең алғашқы жастар ұйы­мы Омбы қаласында 1914 жылы ашыл­ды. Ол ұйымның аты «Бiрлiк» едi. «Бiрлiктiң» мақсаты оның программа­сында (тұтынған жолында) айтылған:

«Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жа­ғынан iлгергi қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезiмiн туғызу һәм ұлттықты сақтау».

Бұл айтылған мақсаттарға жету үшiн жастар арасында ұлтты сүю сезiмiн сiңдi­ре беру. Халық әдебиетiн жинау, ол әде­биеттi кiтапша һәм үлкен кiтаптар етiп бастыру. Театр кiтаптарын шығару, га­зет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелi мектептерге кiтаптар жазу, школға түсемiн деген шәкiрттердi даяр­лайтын курстар ашу, мұқтаж шәкiрттер­ге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың iшiнде театр туғызу.

Ұйымның саяси һәм шаруашылық туралы ұстаған жолы: кедейлердi, жiңiш­келердi байлардың, күштiлердiң зорлы­ғынан құтқару, әйелге теңдiк әперу.

«Бiрлiктiң» бұдан басқа да iстеген жұ­мыстары толып жатыр. 1916 жылы «Бiрлiк» «Балапан» деген қолжазба жур­нал шығарып тұрды. «Балапан» зама­нында ауызға iлiнiп, жастарға көрсеткен қызметi көп болды.

1917 жылы Қазақстанда мынадай ұйымдар ашылды: «Еркiн дала» – Орынборда; «Жанар» – Семейде. «Оқытушылар ұйымы» – Семейде; «Талап» – Семейде, Шыңғыс болысы; «Игiлiк» – Орынборда; «Қамқор» – Торғайда; «Жас қазақ» – Уральскiде; «Үмiт» – Троицкiде; «Талап» – Қы­зылжарда; «Оқығандар» – Көкшетау­да; «Ұйым» – Екiбастұз заводы, Семей облысында; «Ғылым ұйымы» – Кере­куде; «Ынтымақ» – Атбасарда; «Жас жүрек» – Спасск заводында; «Жастар ұйымшасы» – Бөкейлік ордасында; «Жас қазақ» – Ақмолада; «Қазақ жәр­демi» – Зайсанда; «Ерiк» – Баянауыл­да (Семей облысы); «Қызмет» – Кере­куде; «Жас тiлек» – Ақтөбеде; «Ғы­лым» – Керекуде. Бұл ұйымдардың iшiнде «Еркiн дала», «Жанар» ұйымда­ры да көп жұмыстар iстедi.

1918 жылы Омбыда жалпы қазақ-қырғыз жастарының жиылысы шақы­рылды. Бұл жиылыста қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының бәрi бiрiгiп, «Жас азамат» деп ат қойып, кiндiк коми­тет сайланды. Артынан тез уақыттан соң Омбы шаһарында билiк Сiбiр үкiметiнiң қолына көшiп, жастардың кiндiк ордасы мен басқа жастар ұйымдарының қатынасы үзiлiп қалды. Әйтсе де, «Жас аза­маттың» басында қалған бiраз азаматтар iстi жүргiзе бердi…

ӨМІР ҮШІН КҮРЕСУ

Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу – бар жерде жан дү­ниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман.

Бұлай болудың себебі: күресуші­лердің әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығынан. Не іске болса да әдіс ке­рек. Және заман өткен сайын әдіс өз­геріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты ала­йық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қа­рай әдісін өзгертіп отырады. Сондық­тан екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.

Ол мынау:

1) Неміс түрлі қымбат тастардан, ағаштан салынған үйлерде тұрғанда, қазақ шымнан салынған жер үйшікте жатады;

2) Неміс малын неше мыңға алатын жерде қазақ малын текке де алмайды;

3) Қазақ қара топырық жерде егінге жарымайды, неміс тастай жерде егінді мол алады;

4) Неміс фабрикадан шығатын кезде­месін, заводтан шығатын дәрі дәрмектер сияқты нәрселерін өзінен асырып шет жұрттарға жеткізіп жатқанда;

5) Біздің қазақ сатып алуға таба ал­май, өз денесін әзер-мәзер жауып отыр;

6) Фабрика-заводтар, темір жол, па­раход-аэропландар неміс жұртынан та­былады. Бізде мұның бірі де жоқ. Бұ­дан байқалды өмірмен күресу үшін қилы жұрттардың қандай әдіс пен іс қылатындықтары. Һәм соның арқа­сында тамағы тоқ, көйлегі көк, еңсесі көтеріңкі, шаруасының жоғары екендігі. Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістерді қолдану үшін саяси кеңдік болып, үкімет жағынан бірде қысым­шылық болмасқа керек. Орыс халқы­ның шаруасының артта қалуы, ескі үкіметтің шаруаға қысыңқы саяси тұ­мылдырық салғандықтан болатын.

Үлкен өзгерістен бері шаруаға саяси кеңдік туды. Бұрынғы уақыттарда біздің қазақтың оқыған азаматтары бірыңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азамат­тарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес.

Сонда да шаруаны кейін қалдыруға болмайды. Сондықтан саясат таразы­сында салмағы аз оқығандарымыз ел шаруасына кірісулері лайық. 20-сыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек. Елдің кірісі азайып, шығысы кө­бейіп барады. Бұл қалыппен жүре берсе, шаруаның жайы кетеді.

Бұдан былай біркелкі азаматтар ша­руаның күйзелгенін қайта түзетіп, гүлде­нетін шаруаларын қарастырып, керекті істерді қолға алу керек. Шаруаның жолы тарам-тарам болғандықтан, оған іс­тейтін шаралар да әртүрлі болмақшы.

Қазаққа киетін киімді, ішетін шай­ды, ұстайтын ыдыс-аяқтарды арзан алу үшін ұйым дүкендерін ашу керек. Ақша­сы жоқ кедейлерге астық, киім үшін, алым үшін тайынша-торпағын бергіз­бестей ұсақ қарыз серіктіктерін ашу ке­рек.

Қазақтың малының тұқымын асыл­дандыратын, егін шаруасын түзейтін ауыл шаруасы ұйымдарын ашу керек. Қазақтың тері-терсегін, жүн-жұрқасын, майын, малын еріксіз көндіріп шет жұртқа сатқызбастай, алыс-беріс ұйым­дарын ашу керек.

Ұйымдар туралы бұл мақалада бар­лығын жазып болмайды. Сондықтан ке­лесі нөмірлерде әр ұйым туралы бір-бір мақала жазармын.

Смағұл СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp