Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында Тәуелсіздігіміздің 25 және облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында “Біз салауатты өмірді таңдаймыз!” атты велошеру өтті. Аудандық кітапхана ұйымдастырған іс-шараға Явленкадағы орта мектептердің оқушылары қатысты.
Жалаулармен және шарлармен безендірілген велосипедшілер колоннасы Явленка ауылының орталық көшелерімен жүріп өтті. Үш шақырымға созылған жолда оқушылар Есіл ауданының №10 өрт сөндіру бөліміне соқты, мұнда оқушыларды аудандық өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ринат Қанғожинов қарсы алды. Шеруге қатысушылар бөлімге саяхат жасап, өрт сөндіруші мамандығының қыр-сырымен танысты, арнайы техникаларды тамашалады. Ал бөлім қызметкерлері болса, балаларды тәтті сыйлықтарымен шығарып салды. Велошерушілер тоқтаған келесі аялдама – аудандық емхана болды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, пайдалануға берілген емдеу мекемесі бүгінде тұрғындар игілігіне жұмыс істеуде. Емхана қызметкерлері де балаларға сәттілік тілеп, тәтті дәрумендер және пайдалы кеңестер жазылған буклеттер табыстады. Есіл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім де велошерушілерді салтанатпен қарсы алды. Бөлім басшысы Оралбек Қабыкеев әскери қызметші болғысы келетін балалардың сұрақтарына жауап берді, бұл бөлім “темекіні кәмпитке айырбаста” акциясын өткізді.
Велосипедшілер Явленка тарихи-өлкетану мұражайына да атбасын тіреді. Мұражай директоры Галина Попова балаларды жәдігерлермен таныстырып, шоколадтар таратты. Соңғы аялдама “Болашақ” саябағы болды, онда велошерушілерді кітапханашылар қарсы алды. Аудандық кітапхана “Салауатты өмір салты” атты кітап көрмесін ұйымдастырыпты. Осы жерде балалар тақырып бойынша түрлі сұрақтарға жауап беріп, ойын ойнады, ал, шара соңында оларға балмұздақ таратылды. Сөйтіп, балалар жақсы көңіл күймен қош айтысты.
Гүлнәр ОРАЗАЛИНА,
Есіл аудандық орталық кітапханасының әдіскері.