2016 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік аудит нысандарының тізіміне сәйкес 22 нысанда 8 аудиторлық іс-шара жүргізілді. Оның 13-і – мемлекеттік мекеме, 9-ы – квазимемлекеттік сектор субъектісі.
Аудиторлық тексеріспен қамтылған қаражат көлемі 37 894,0 млн. теңгені құрады. 550,1 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 89,2 млн. теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар (315 бірлік) – 1 333,8 млн. теңге, бюджет қаражаттарын, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану – 124,0 млн. теңге, тиімсіз жоспарлау – 3,1 млн. теңге. Анықталған бұзушылықтардың үлесі 4,1 пайызды құрады.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша Бюджет кодексін – 341,5 млн. теңгеге (22 пайыз), Салық кодексін – 188,1 млн. теңгеге (12,1 пайыз), “Мемлекеттік мүлік туралы” заңды – 175,0 млн. теңгеге (11,3 пайыз), “Білім туралы” заңды – 638,7 млн. теңгеге (41,2 пайыз), бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті – 111,3 млн. теңгеге (7,2 пайыз), “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңды және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасын 70,9 млн. теңгеге (4,6 пайыз) бұзуға жол берілген.
Қабылданған тиісті шаралар нәтижесінде бюджетке түсуі тиіс болған 66,9 млн. теңгенің 44,8 млн. теңгесі қайтарылды. Қаржылық заң бұзушылықтардың дені білім беру мекемелерінде тіркелген, ол 639,1 млн. теңге немесе 41,2 пайызға тең, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарда – 407,6 млн. теңге немесе 26,3 пайыз, денсаулық сақтау саласында – 236,0 млн. теңге немесе 15,2 пайыз, мемлекеттік кіріс органдарында 188,1 млн. теңге немесе 12,1 пайызды құрады.
Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша Петропавл қаласы, Жамбыл және Тайынша аудандарының мемлекеттік кірістер басқармаларында бұзушылықтардың жалпы сомасы 188,1 млн. теңгені құрады, бюджетке түсуі тиіс 40,3 млн. теңгенің 22,8 млн. теңгесі қайтарылды.
Тексеріс бақылауға алынған нысандардың лауазымды қызметшілерінің Қазақстан Республикасы заңнамаларын сақтамайтындығына, жергілікті бюджетке салықтық түсімдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету жөніндегі өздеріне жүктелген міндеттерін орындамайтындығына көз жеткізді. Салық қызметі органдары бюджетке салық және өзге де міндетті төлемдерді негізсіз есепке алған, сондай-ақ, 4,5 млн. теңгенің заңсыз қайтарымын жасаған.
Салықтық міндеттемелерді мерзімінде орындауды қамтамасыз етудің тәсілдерін қолданбау, сондай-ақ, 117,4 млн. теңге сомасындағы салықтық міндеттемелерді Қазақстан Республикасы салықтық заңнамаларымен белгіленген мерзімде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдамау борышкерлердің салықты төлеуден жалтаруына мүмкіндік береді.
Жергілікті бюджетке салықтық түсімдердің болжамдық көрсеткіштерін атқару жөніндегі салық органдары қызметінің есебіне артық төленген салық сомасы мен 655,3 млн. теңге көлеміндегі өсімақы әсер еткен, кейін бұл сома салық төлеушілерге қайтарылған немесе бюджет сыныптамасы бойынша басқа кодтарға есепке алынған.
Заңнамамен көзделген салық төлеушілерге шектеусіз қосымша салықтық есептілік нысанын ұсыну мүмкіндігі, соның ішінде азайту салық төлеушілердің жергілікті бюджетке салықтар төлемінен және салықтық берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алудан жалтаруына мүмкіндіктер ашады. Салық төлеушілер 311,8 млн. теңге сомасындағы салық бойынша алымдарға негізсіз азайту жасаған, кейін салық төлеушілер азайтып көрсеткен сома қалпына келтірілді.
“2015 жыл үшін жергілікті бюджеттің жоспарлануын және атқарылуын, соның ішінде бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкестігін, мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігін бағалау” аудиторлық іс-шарасының қорытындысы бойынша сомасы 317,8 млн. теңге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 1,1 млн. теңге, рәсімдерді орындау тәртібін бұзушылықтар – 316,7 млн теңге. Жүргізілген аудит нәтижесінде аудандық экономика және қаржы бөлімдерінің (Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы) мемлекеттік мүлікті басқару бөлігіндегі өздерінің функцияларын тиісінше атқармау фактілері анықталды.
Мәселен, Қызылжар аудандық бөлімі аудандық бюджеттің кірісіне үй-жайларды жалға бергені үшін ақшалай қаражатты есептеудің уақтылы және толық аударылуына тиісті деңгейде бақылау жүргізбеген, соның салдарынан 2016 жылдың 1 қаңтарында алты жалға алушы жалпы сомасы 1,0 млн. теңге берешек болып қалған. Он бір жалға алушыға жалдық төлемдерін уақтылы төлемегені үшін өсімпұл есептелмеген, болмаса толық көлемде есептелмеген және ол талап етілмеген. Мамлют ауданында жеті бірдей жалға алушының, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда екі жалға алушының жалдық төлемдерін уақтылы төлемеу фактілері анықталды.
Жергілікті бюджетті жоспарлау және атқаруды, Тимирязев ауданының аумағын дамыту бағдарламасын іске асыруды бағалаудың қорытындылары бойынша жалпы сомасы 788,6 млн. теңге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 20,6 млн. теңге, рәсімдерді орындау тәртібін бұзушылық – 768,0 млн. теңге. Өтелуі тиіс бұзушылықтар сомасы 20,6 млн. теңгені құрады, соның ішінде аудит барысында 20,2 млн. теңге қайтарылды.
“СҚО Тимирязев ауданының білім бөлімі” ММ-де оқитындардың саны бекітілген кепілді нормативтерге сәйкеспейтіні анықталды. Аталмыш мектептерге 638,2 млн. теңге жұмсалған. Тимирязев ауданындағы үш бірдей мекемеде (аудан әкімінің аппараты, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім бөлімдері) жалпы сомасы 0,6 млн. теңге жалақыны есептеудің және төлеудің бұзушылықтары анықталды.
“Тимирязев аудандық орталық аурухана” ШЖҚ МК-да мемлекет активтерін басқару және бюджет қаражатын пайдаланудың сәйкестігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында жалпы сомасы 8,6 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 0,4 млн. теңге, рәсімдерді орындау тәртібін бұзу – 8,2 млн. теңге.
Тексеру комиссиясының қаулысын (ұсынымдарын) орындамағаны немесе дұрыс орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағы бойынша екі мекеменің басшысы 63,6 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аудит нысандарына және мүдделі мемлекеттік органдарға тексеру комиссиясының нұсқамаларындағы айқындалған бұзушылықтар мен жұмыста жол берілген кемшіліктерді жою үшін 56 тапсырма берілді, оның 38-і толық көлемде атқарылды. Аудиторлық тексеріс қорытындысы бойынша берілген 2 ұсыныстың атқару мерзімі әлі келген жоқ.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 117 тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 76 қызметшіге – тәртіптік, 41-іне әкімшілік (35 жеке және заңды тұлға, 6 лауазымды тұлға) жаза қолданылды. Тексеру комиссиясының аудит материалдары бойынша салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 9,7 млн. теңгені құрады.
“Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 4-тармағы 5-тармақшасына сәйкес аудит нысандарының лауазымды қызметшілерінің Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерін сақтамау фактілері бойынша 3 ұсыныс мәслихаттарға жіберілді.
Амандық СЕЙФУЛЛИН,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы.