Жұмыстан шаршап келген Қырмызы біраз жатып, демалғысы келді. Жастыққа басы тигенімен, ұйықтай алмады. “Енді не істеймін?” деген сұрақ оның жанын жегідей жеді. Бойына бала біткеніне 4 айдың жүзі болса да, аурухана бетін әлі көрген жоқ. Тіпті, ол жаққа барғысы да келмейді. “Үйленеміз, бақытты отбасы боламыз”, – деп жүрген жігіті бала жайында естігенде ат-тонын ала қашқан. Содан бері оның жаздай жасыл өмірі сары күзге айналып, арманының барлығы үзілген жапырақтай жан-жаққа ұшып кетті. “Әне келер, міне келер” деген үмітпен талай таңды атырып, талай кешті батырды. Бірақ кеткен жігіт қайтып оралмады. Осылай алаңдап жүрген кезде арада біраз уақыт өтіп те кетті. Енді, міне, ойланып-толғанып, ақыры іштегі шаранаға алты ай болған кезде ғана әйелдер кеңесіне барып, тіркеуге тұрды. Дәрігердің қолына ұстатқан бір бума жолдамасымен тексеруден өтіп, екі аптадан кейін сол кабинетке қайта оралды. Есіктен имене кірген Қырмызыны дәрігер салқын жүзбен қарсы алды. Олар біраз отырып әңгімелесті. Медициналық сараптаманың нәтижесі іштегі баланың бойында кінәрат барын анықтаған. Егер Қырмызы ауруханаға ерте барған кезде мұндай өкінішті жайттың алдын алуға болар еді. Бірақ алтын уақытты өткізіп алған. Осының бәрін түсінген бойда оның өкініштен өзегі өртеніп кеткендей болды.
Арада екі ай өткенде Қырмызы босанып, шекесі торсықтай ұлды өмірге әкелді. Туабіткен ауруға шалдыққан нәрестенің бір қарағанда басқа шақалақтардан ешбір айырмашылығы жоқ еді. Тек құлағының естіп, өздігінен жүріп-тұруы екіталай еді. Сал баланы бағудың қиындығынан қорыққан Қырмызы шырылдаған шақалақтан бас тартып, оны перзентханаға тастап кетті. Ешбір кінәсі болмаса да, бар күнәні жалғыз өзі арқалаған нәресте кең дүниенің есігін ашпай жатып, қалаусыздар қатарына қосылды.
Бұл – ойнап жүріп, от басқандардың өз ісіне жауапсыздықпен қарауының салдары. Отбасылық өмірге дайын болмай, баланың тағдырын ойыншыққа айналдырғандар қоғамда әлеуметтік жетімдердің көбеюіне өз “үлесін” қосуда. Ол өз алдына бір проблема болса, болашақ аналардың денсаулығына салғырт қарауынан іштен туабіткен мүгедек балалардың саны азаяр емес. Ақ халаттыларды алаңдатып отырған көкейкесті мәселелердің өзектісі де осы.
Өкінішке қарай, бүгінгі әйелдердің барлығының денсаулығы 100 пайыз жақсы деп айту қиын. Сондықтан да бала көтермес бұрын әйелдер алдын ала медициналық тексеруден өтуге тиіс. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова осылай дейді. Білікті маманның айтуына қарағанда, жүкті әйелдер өздеріне салғырт қараса, оның кесірінен шарананың да денсаулығында кінәрат болуы мүмкін. Бойына бала біткенін сезген болашақ ана міндетті түрде өзі қаралатын дәрігеріне барып, жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұруы керек.
Жанна Қабиденқызы жүкті әйелдердің ерте есепке тұруының маңыздылығын да айтып өтті.
– Консультацияға ерте келу жүктілік кезінде пайда болатын түрлі сырқаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дені сау сәбидің тууын қамтамасыз етеді. Кейбір әйелдер мұны ескере бермейді. Сөйтіп, жүктіліктің біраз уақытын өткізіп алып дәрігерге қаралады. Қуаныш пен қорқынышқа толы тоғыз айды артқа тастап, сағына күткен сәбиі туабіткен ауруға шалдықса, ана үшін бұл ең үлкен өкініш. Болашақ аналар осыны есте ұстаса екен, – дейді бас дәрігер.
“Дені сау ұрпақ – ел байлығы” деген қағидаға сүйенген мамандар болашақ аналармен жан-жақты ұйымдастырылған жұмыс жүргізеді. Облыстық перинаталдық орталықтағы жүктiлiк патологиясы – бөлiмшесi осының бірден-бір айғағы. Бұл – перинаталдық өлiм-жiтiмнiң қауiптi тобындағы, жүктiлiк барысы асқынған, экстрагениталдық патологиясы бар жүктi әйелдердi емдеуге арналған бөлімше. Білікті, тәжірибесі мол мамандар бөлімшеде қауiптi топтағы екіқабат әйелдерді босануға дайындайды. Жүктiлiктiң асқынуын, созылмалы аурулардың өршуiн сараптау, емдеу, оңалту және тұрақты медициналық бақылау мен қадағалау үшiн бұл жерге жүктi әйелдердi жоспарлы түрде жатқызып, емдейді. Қажет болған кезде шұғыл емдеу жұмыстары да іске асырылады. Емдеушi дәрiгер жүктi әйелдi тексерiп-қарағаннан кейiн емдеу тәсiлiн таңдау және босандыру әдiсi бойынша мәселенi шешу мақсатымен акушерлiк талдау өткiзiледi. Бұл жайында жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Қалықова айтып берді. Жоғары санатты дәрiгердің айтуынша, бөлiмшеде білікті қызметкерлер жұмыс iстейдi. Олардың барлығы өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын мамандар.
– Болашақ аналар өз денсаулығына ерекше мән берулері керек. Өйткені, олар – ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы буын. Қазір медицинаның дамыған уақыты, кез келген ауруды ерте кезде анықтауға мүмкіндік бар. Тек уақытты өткізіп алмау керек. Біз жүкті әйелдермен жоспарлы түрде жұмыс істейміз. Олардың аман-есен босануына қолдан келгенше барлық жағдайды жасаймыз, – дейді Гүлнар Балапанқызы.
“Кейбір аналар “ұят болады” деген оймен қыз бала тәрбиесіне байланысты онымен ашық сөйлеспейді. Осылайша қыздар өзіне керек деген ақыл-кеңестен шет қалып, көп нәрсені біле бермейді. Соның салдарынан ойнап жүріп, от басады. Мұндайға жол беруге болмайды”, – дейді маман.
Әрине, әрбір ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды. Қыздарының бойжетіп, абыроймен тұрмысқа ұзатылғаны, ұлдарының үйлі-баранды болғаны бір мерей емес пе?! Осындай жолда балалардың адасып кетпеуі үшін бағыт-бағдар беріп отыру қажет. Бұл жерде аналар ғана емес, мектептегі мұғалімдер, аурухана, емхана дәрігерлері, барлығы жұмыла жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл – барлық ақ халаттылардың ортақ ойы.
Зерттеулер бойынша әйелдердің 70 пайызы жүктілікке дейін дәрігерге алдын ала көріне қоймайтыны анықталған. Яғни, олар уақытымен тексерілмейді, ана болу сияқты жауапты қадамға ешбір дайындықсыз қарайды. Осының салдарынан жас ананың ағзасындағы инфекциялардың құрсаққа біткен шаранаға жұғатыны түсінікті. Бүгінгі таңда әйелдер арасында гинекологиялық аурулар, бедеулік түрлері, қатерлі ісіктер, жатыр мойны патологиясы жиі кездесуде. Осы орайда облыста “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға байланысты жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Мұның барлығы – ұрпағымыздың дені сау болуы үшін жасалып отырған шаралар. Өкініштісі сол, кейбір әйелдер осындай мүмкіндікті пайдаланбай, ауруларын асқындырып алады. Осы жағынан алғанда ұлт денсаулығы аналардан басталатынын нәзік жандар әлі де болса жете түсінбейтін сияқты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.