«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ СОҢЫ – СЕРГЕЛДЕҢ

Екі ай бұрын танысым келеңсіз жағдайға тап болды. Облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істеген ол кезекті той өтіп жатқан күні асүйдегі тозығы жеткен плитадан шыққан отқа қолын күйдіріп алады. Күйік алған жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жеткізіледі. Осылайша, бір апта бойы жұмысқа шыға алмайды. Егер ол жұмыс берушімен еңбек шартын жасасқан жағдайда мейрамханада өндіріс қауіпсіздігін сақтамаған кәсіпкерден өтемақы өндіріп алуына болар еді. Иә, әсіресе, жастар еңбек шартынсыз жұмыс істеуге келісім беріп жатады. Ал келеңсіз жағдайлар орын алса, олар өздерінің далада қалатынын түсінбейді.

Бүгіндері көптеген студенттер мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргені белгілі. Бұл нысандардың иелері жалдамалы қызметкерлерімен біркүнгі қызметі үшін жұмыс соңында қолма-қол есеп айырысады. Еңбек шартын жасауға екі тарап та құлықсыз. Заңгер Нұрлан Әлмұрзинның айтуынша, мұндай әрекет жұмыс берушіге ыңғайлы болғанымен, жұмыскерге тиімсіз. Мейрамхана иесі осылайша салық төлеуден құтылатын көрінеді.

– Еңбек шарты – олардың міндеттері мен құқықтарын айқындайтын құжат. Егер келеңсіздіктер орын алса, әр тарап аталмыш шартты негізге ала отырып өз құқығын қорғайды, – дейді заңгер.

Нұрлан Әлмұрзин атап өткендей, жұмыс уақытында өндірістік жарақат алған немесе денсаулығына зиян келген жағдайда жұмысшы әлеуметтік жәрдемақы талап ете алады. Еңбек кодексінің 133-бабы қызметкерге уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттейді. Бұл үшін жұмыс берушіге еңбекке жарамсыздық парағын ұсыну қажет. Еңбек шарты орындалмаған жағдайда азаматтар мемлекеттік еңбек инспекторына және сотқа жүгіне алады.

Азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын, еңбек және әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қадағалайтын облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішембаевтің айтуынша, жыл басынан бері өңіріміздің мемлекеттік инспекторлары тұрғындардан келіп түскен 727 өтінішті қараған. Оның 691-і – еңбек қатынастарына, 36-сы еңбекті қорғау және қауіпсіздікке байланысты.

– Басқарма мамандары келіп түскен өтініштер бойынша өңіріміздің ұйымдары мен кәсіпорындарында 248 жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде Еңбек кодексін бұзудың 465 фактісі анықталды. Оның ішінде еңбек қатынасы 277 рет бұзылса, еңбек қауіпсіздігі бойынша 186 бұзушылыққа жол беріліп, жұмыспен қамту бойынша 2 заңсыздық орын алды. Инспекторлар анықталған олқылықтарды жоюға байланысты 153 нұсқама толтырды, – дейді Қайрат Сәкенұлы.

Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген 89 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 11,8 млн. теңге айыппұл салынды. Оның 10,8 млн. теңгесі өндіріліп алынған.

Жыл басынан бері 1421 ұйым басшысы мен еңбек қауіпсіздігіне жауапты тұлға біліктілігін арттырып, аттестаттаудан өткен. Еңбек заңнамасын түсіндіру бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да үзбей жүргізіліп тұрады. Соның өзінде жазатайым оқиғалар азаяр емес. Басқарма басшысы үстіміздегі жылдың 10 айында өндірісте 69 оқыс оқиға орын алғанын, 71 адам зардап шеккенін айтты. Олардың төртеуі қаза тапса, 24-і – ауыр, 16-сы – орташа, 27-сі жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Оқыс жағдайларға өндірістік жұмыстың дұрыс ұйым­дас­ты­ры­л­мауы, жұмысшылардың еңбек қа­уіп­сіздігін білмеуі себеп болуда.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында жергілікті “СевЕсильЗерно” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірменінде келеңсіз жағдай орын алған. Технологиялық үдерісті бақылаушы қызметкер бидайдың конвейермен автоматты режімде жүруін қадағалап тұрған кезде жүйе істен шығады. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес жұмысшы жабдықты сөндіріп, туындаған мәселені басшылыққа хабарлауы тиіс болатын. Алайда, уақыт үнемдеу мақсатында жұмысшы құрылғыны өзі жөндеуге кіріседі. Конвейерді жартылай ғана ағытып, биік жабдықтың басына сатымен көтерілген оның байқаусызда қолы қысылып қалады. Кейін дәрігерлер оның зақымданған қолын иығына дейін кесіп тастады. Осылайша, 38 жастағы азамат мүгедектер қатарына қосылды. Бұл жағдайда өндіріс жұмыстарын жеткілікті деңгейде қадағаламаған жұмыс берушінің де, жабдықты толық өшірмеген жұмысшының да кінәлі екені анықталды. Нәтижесінде серіктестікке қатысты Әкімшілік кодекстің 93-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, кемшіліктерді жою үшін нұсқамалар берілді.

Өндіріс ошақтарында адам өміріне тілсіз жау да қауіп төндіреді. Мәселен, өңірімізде соңғы уақытта өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері үш есеге артқан. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері өңір аумағында 562 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алып, 17 адам зардап шегіп, 27 азамат қаза тапқан. Материалдық шығын 91 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 24 пайызға көп. Департамент қызметкерлері 1711 тексеріс жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 6373 фактісін анықтаған. Нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде 1139 қаулы шығарылса, оның 897-сі – ескерту, 242-сі – айыппұл түріндегі жазалар. 72 заңды тұлғаға – 3 млн. 089 мың теңге, 125 лауазымды тұлғаға 2 млн. 813 мың теңге айыппұл салынған.

Еңбек кодексінің 181-бабында көрсетілгендей, жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына құқығы бар. Сондай-ақ, ол өзі де еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға тиіс. Ең бастысы, “Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде”, деп салғырттыққа салынбай, әркім өз мүддесінің аяққа тапталуына жол бермеуі қажет.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp