Ашылғанына 10 жылдан астам уақыт өткен “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы бүгінде облыс орталығындағы белді кәсіпорындардың бірінен саналады. Өңірдің ғана мақтанышы емес, республика көлемінде жақсы өнімдерімен аты шыққан кәсіпорынның атақ-даңқы асқақтап тұр. Олай дейтін себебіміз, “Масло-Дел” тауар белгісімен шығарылатын өнімдердің қай-қайсы болса да, тұтынушылар арасында сұранысқа ие.
Облыс орталығындағы кәсіпорынның негізгі бағыты – сүт және сүттен жасалған түрлі өнімдер шығару. Мұнда жаз маусымында тәулігіне 120 тонна сүт қабылданады. Күн сайын ұзақмерзімді сақтауға арналған 60 тонна сүт пастерленіп, 4 тонна май, 8 тонна құрғақ сүт алынады. Сонымен қатар, шағын цехта айран, қатық, қаймақ, ірімшік өндіріледі. Өндіріс меңгерушісі Надежда Ковалева пастерленген айран мен сүт дайындайтын қосымша желіні іске қосу жоспарда бар екенін айтты. Ол үшін арнайы жоба әзірленген. Биыл аталмыш цехтың құрылысы қолға алынбақ.
Қазіргі таңда серіктестік филиалында 250 адам еңбек етуде. Өнімдер Қазақстанның барлық аймағына жөнелтіледі. Басты тұтынушылардың арасында – Көкшетау, Алматы, Атырау, Ақтау, Қызылорда қалалары да бар. Өндіріс меңгерушісі Надежда Ковалева қыста қарқын біршама бәсеңдейтінін, ал сәуір мен қазан аралығында жұмыс үздіксіз, үзіліссіз жүретінін айтты. Шикізаттың жетіспеушілігінен толық қуатында жұмыс істеу мүмкін емес. Өйткені, қыста тек 25-30 тонна сүт қабылданады. Ал өндіріс кешенінің қуаттылығы 200 тонна екенін ескерсек, бұл өте аз. Былтыр заңды және жеке тұлғалардан 30636,023, биылғы жылы мамыр айын қоса алғанда 9312,862 тонна сүт қабылданған.
Кәсіпорынның материалдық-техникалық жарақтануы жақсы. Жоғары қуатты екі жаңа сепаратор орнатылған. Сүт өнімдерін тетрапакеттеу үшін жақында автоматтандыру құрылғысы орнатылмақ. Жалпы серіктестіктің облыс орталығындағы филиалында сүттен дайындалатын өнімнің 20 түрі шығарылады. Олар өңірдің беткеұстар кәсіпорындарының бірі ретінде жергілікті тауар өндірушілермен бірге биыл Түмен қаласында өткен жәрмеңкеге қатысып қайтты. Ал алдағы уақытта Қытаймен қарым-қатынас орнату жоспарлануда.
Петропавл қаласында өндіріс кешенінің бірнеше сауда нүктесі бар. Сонымен қатар, екі үлкен павильон жұмыс істейді. Өнімді өндірумен қатар, оны өткізу де оңай шаруа емес. Тауарды сату мәселесін сөз еткенімізде, Надежда Ковалева шағын қалада қайта өңдеу саласында жергілікті тауар өндірушілермен бәсекеге түсу оңай емес екенін айтады. Онымен қоса, Ресеймен шекаралас болғандықтан, нарықты жаулаған импорттық сүт өнімдері аз емес.
Кәсіпорынның беделі – тұтынушының берген бағасымен, өнімнің сапасымен өлшенеді. Сүтті қайта өңдеумен айналысатын өндіріс кешені алда ауқымды жобаларды жүзеге асырып, ел игілігі жолында қызмет етуге барынша зор үлес қоспақ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.