Қазақта ежелден келе жатқан салттардың бірі – сарқыт. Ол дегеніміз, тойдан, түрлі мейрамдардан ырымдап кәмпит, құрт сияқты тәттілерден алып, үйдегі келін-балаға ауыз тигізу.
Үлкен табақтан қалған етті де “сарқыт” деп, оны жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деп ырым етіп жеген. Мұның барлығы – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Қазір заман өзгерді ме, әлде адамдардың ой-өрісі басқаша ма, әйтеуір, сол кездегі “сарқыт” салтының бүгінде тек қана сарқыншағы қалды. Бұл дегеніміз дәстүрдің жоғалып бара жатқандығы емес. Керісінше, ол да заманнан қалмай, өзінше “дамып, өркендеп” барады деген сөз.
Бұрынғы кезде шақырыстан келгенде әжелер екі-үш кәмпитті, қол ормалға түйілген бір кішкене мейіз-өрікті қалталарынан алып беретін. Ал қазір қонақтар бір сөмкемен барған жерден, екі сөмке арқалап қайтады. Және ол өзі үйреншікті әдетке айналып барады. Менің қолыма қалам алғызған да осындай ой.
Жақында кезекті шақырыстың бірінде болдым. Тойға жиналған қалың қауымға астан кейін шай ішу үшін бөлек дастарқан жайылды. Осындай үстелдердің біріне мен де барып қалып едім, шай ішіп болған әйелдер жағы өзара тәттілерді бөле бастағанын көріп, таңғалдым. Жеміс-жидекті, тәтті тағамдарды уыстап алып, сөмкелеріне салғандарын көріп, айтарға сөз таба алмадым. Олар, тіпті, өздерінен кейін келген адамдарға назар да аудармайды. Мына көрініске қарап тұрып, өзім ұялдым. Ақ жаулықты аналар, қариялар осындай жаман әдетті тоқтату керек. Қойға шапқан қасқырдай өзара таласып, бөлісіп алған сарқытпен ешкім бала-шағасын асырамайды. Сондықтан бұл дағды жастарға жұғып, асқынып кетпей тұрғанда тез арада оның тамырына балта шабу керек.
Жамбыл НҰРЛАНҰЛЫ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.