«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СӘНІ – “АЛУА”

Тындырымды адам уақыт талғамайды. Осы лебізді “Алуа” халық би ансамблінің жетекшісі, белгілі хореограф Жанна Темірбаеваның өзіне де, ол баулып жүрген биші қыздарға да білдірсек, артық емес.

Жанна Хамитқызы жастайынан биге құмартқаны соншалық, өмірдегі мың таңдаудың біріне ғана қанат байлап, осы өнерге бой ұрды. Таңдауын тап басқанын өмір айғақтады.

Ол Петропавлдағы Киров зауытының жанындағы “Кировчаночка” жастар би тобына келді. Ұстазы да нағыз мейірбан, балаға үйірсек жан екен. Осы Галина Васильевна Журавлеваның баптап-баулуымен жас Жанна мың бұралатын би әлеміне бойлап кетті. Бұл зауыттың “Арай” халық би ансамблінің атағы қыр асып, үлкен орталықтарға, астаналарға әйгілі болып тұрған шағы еді. Хореографы Мариэтта Ворожбитова, жетекшісі Валерий Хренов. Үлгі алатын адамдарды ат арытып, алыстан іздемей, үйрене бер.

Жанна Хамитқызы ұстазының ақыл-кеңесімен Петропавлдағы өнер колледжінің хореография бөлімін, одан соң М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің музыка-педагогика факультетін осы мамандық бойынша тамамдап шығып, өз алдына бишілер тобының шаңырағын құрмақ еді. Көктен тілегені жерден табылып, 2010 жылы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Қуандық Қасымов бишілерді баулуға шақырады.

Бұл ұсынысты қуана қабыл алған жас биші әрі ұстаз келісімін беріп, театрдың бас балетмейстері болды. Содан бастап осы сахнада қойылған спектакльдердегі мазмұнына орай мың бұралған бишілердің өнеріне сүйсіне қол соғуымыздың астарында оларды өнерге баулыған Ж. Темірбаеваның ұмтылысы мен еңбегі барын кейін білдік.

– Би – айрықша бір астарлы әлем ғой. Би тілімен өмірдің небір қасиеттерін сипаттауға болады. Ол сұлулықты да, іңкәрлікті де, махаббатты да, инабаттылықты да, сондай-ақ, қасірет пен қайғыны да, зұлымдықты да бейнелей алады. Биші де – сахнагер. Ол сөзбен емес, қимылмен осы сырларды жүрекке жеткізеді, – дейді Жанна Хамитқызы.

2010 жылғы 16 желтоқсан “Алуаның” шымылдық ашқан сәтті күні болыпты. Тәуелсіздік күнін ұлықтаған концертте Жанна Хамитқызының жиырма биші жас өрендері сахнада шыр айналып, дөңгелене билеп, қошеметке бөленген екен. Содан соң олардың жұптары жазылмаған. Құрмет те көп күттірмеген. 2012 жылы Алматыда өткен “Ақ көгершін” республикалық байқауында “Алуа” лауреат атағын жеңіп алады. Осыдан соң Парижде 2012 жылғы шілдеде әлемнің он екі елінің өнерпаздары бас қосқан халықаралық байқауда Қазақстанның атынан “Алуа” қатысып, сұңғыла еуропалықтарды қазақ биінің сырына бойлатты.

Ал келесі жылы Астанада Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден отыз алты бишілер ансамбльдері бақ сынасқан бәйгеде “Алуа” бірінші дәрежелі дипломды қанжығаға байлады.

Репертуары қалыптасқан және өнері айғақталып жүрген “Алуаның” ендігі уақытта халықаралық сынақтарға лайықты екендігі анық еді. Сондықтан ансамбль 2013 жылы Мәскеу би топтары ұйымдастырып, Астанада өткен “Роза ветров” конкурсына қатысып қайтты. Осы бәйгеде жұлдызы жанған “Алуа” Сочи қаласындағы байқауға жолдаманы жеңіп алды.

– Соның арқасында биылғы жылдың наурыз айында ансамбльдің жиырма бір бишісі Сочиде өнер көрсетіп, лауреат атанды. Бұл да бір үлкен жетістігіміз болды, – деді Ж. Темірбаева.

Осындай жетістіктерінің арқасында “Алуа” 2013 жылы “Халық би ансамблі” атағына ие болды.

“Алуа” – бүгін отау емес, би ордасы. Сексен биші бір шаңырақ астына тоғысқан. Бес жастан он төрт жасқа дейінгі үш топта жас бишілер өнер көрсетсе, қазақ театрының жанында балет труппасы сахнаға шығады. Атап айтқанда, бұл соңғысы филармония қойған “Қыз Жібек” операсында, Виктор Шалаевтың “Мағжанның соты” пьесасы бойынша қойылымда оқиғаларды бимен бейнеледі.

Осылай “Алуаның” бишілері сахнаны сәнге бөлеп келеді. Бишілердің арасында қаладағы арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері бар. Ансамбль жетекшісі бұлардың көбінің әлі өнер даңғылына анық түсетін қабілеттері мол, әсіресе, ұмтылыстары зор екенін айтып өтті. Осы өнерпаздар – Мәдина Қазиева, Махаббат Майсейітова, Ләйла Нұркина, Диана Ысқақова, Камила Айтенова, Қадиша Мұқанова және басқа да бишілер “Алуаның” атын асқақтатып жүр.

Өнер тоқтаусыз дамып, өрлей түскенде оның ләззаты бойға қуат, серпін беретіні анық. Осы жолды бір таңдаған соң оның асуына көз тігіп қана қоймай, жан-жақты қырларын ұштау да – жетістік. Міне, соған бастар кезеңнің есік қағып тұрғаны мынау. Жаңа 2015 жыл төрге озды. Өмір мен өнердің байланысы үзілмек емес. Жанна Хамитқызы және оның шәкірттері уақытты уысында ұстаудан айныған емес. Жаңа жылда жаңа биіктерді бағындыра бермек.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp