«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА — “БЕЙБАРЫС СҰЛТАН”

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 129-шы маусымның шымылдығы ашылды. Бұл жолы театр сахнагерлері көрермендерге Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай дарынды жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың “Бейбарыс сұлтан” атты тарихи драмасы бойынша сахналанған қойылымды тарту етті.

Драматургтің шығармасында осыдан VIII ғасыр бұрынғы оқиғалар баяндалады. Қайсарлықты қанат етіп, ерлігі мен айбыны асқан Бейбарыс 10 жасында қазақ даласының батысында басқыншылардың қолына түсіп, құл базарында басы саудаланады. Оны сатып алған Мысыр сұлтаны Каирдың жанындағы әскери мектепке беріп, соғыс өнеріне машықтандырады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Бейбарыс өзінің өжеттілігінің, ақылдылығының арқасында біраз қиындықты бастан өткеріп, ақырында “Сұлтан” атанып, Мысырды басқарады.  

Құлдан сұлтан тағына дейін көтерілген Бейбарыс бала кезінде Қазақ даласынан кездейсоқ ала кеткен бір түп жусанды қандай жағдай болса да тұмарындай сақтайды. Жусанның жұпар иісі Бейбарыстың еліне деген сағынышын еселендіре түскендей болады. Спектакльдің мақсаты да осы, яғни туған жерге деген сағынышты көрсету.

Басты рөл – Бейбарыс бейнесін сомдаған Евгений Патешкин өз шеберлігін жақсы көрсете білді. Екі ай дайындықтан кейін сахна төріне алып шыққан қойылымда барлық әртістер өздеріне жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындап шықты деп айтуға әбден болады. Өйткені, спектакльді ұйып тыңдаған көрермендер қауымы рухани демалысқа дән риза болып, өз алғыстарын тік тұрып, қол соғумен жеткізді.

Есімі елімізге танымал дарынды театр режиссері Дина Жұмабаеваның қойылымы соңында шығармашылық ұжымға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp