«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – ӘСКЕРИЛЕР

Мамлютка қаласында “Тіл – татулық тірегі!” өңірлік фестивалі өтті. Жергілікті әскери басқару органдары ұжымдарының арасында өткен шараға М.Жұмабаев, Есіл, Қызылжар, Жамбыл, Мамлют аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінің және Петропавл қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарманың жеке құрамы қатысты.

Сайыстың бағдарламасы бойынша әрбір мекеме қызметкерлеріне сахнада қазақ, орыс, украин, татар, неміс, грузин халықтарының мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын көрсету шарты қойылды. Бұл тапсырманы әр команда ойдағыдай жүзеге асырды. Мәселен, Есіл ауданы бөлімінің жеке құрамы сайыстың шымылдығын қазақ халқының мәдениетін көрсетумен ашты. Есілдіктер кіріспе сөздерінде қазақ дәстүрінің тарихына, әдет-ғұрыптардың ертеден осы күнге дейін ұрпақтарға жету жолына шолу жасады. Ал кейін “Беташар” салтын көрсетті. Ұлттық нышанда рәсімделген сахна, жүргізушілердің шеберлігі, орындаушылардың ұлттық киімдері, жайылған дастарқан – барлығы көріністің салтанаттылығын, маңыздылығын көрсетті.

Қызылжар ауданынан келген бөлім қызметкерлері өздерінің қойылымдарында неміс халқында ерекше орын алатын “Сыра фестивалін” ұйымдастырып, оның неміс халқы арасындағы маңыздылығын көрсете білді. Қатысушылардың киім үлгісі, әндері мен билерді нақышына келтіріп орындауы – осының барлығы көрермендерді ерекше сүйсіндірді.

Мағжан Жұмабаев ауданының намысын арқалап келген қатысушыларға украин халқының мәдениетін көрсету тапсырмасы берілген болатын. Фестивальға қатысушылар украиндардың “Келін іздеу” мен “Құда түсіру” салт-дәстүрін көрсетті. Ұлттық тағамдардың әр алуан түрлілігі, ұлттық киімдердің жарқын түстері, ұлттық фольклор – осының барлығы фестиваль тақырыбын ашып, көрермендерге әртүрлі қырынан көрініп, қызықтыра алды.

Ал Мамлют ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері орыс халқының салт-дәстүрлерін көрсетумен көзге түсті.

Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің Гран при сыйлығына Мамлют ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ие болды. Қызылжар ауданы бірінші орыннан көрінсе, екінші орынға Есіл ауданының, ал үшінші орынға Мағжан Жұмабаев ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұжымдары қол жеткізді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлмира РАХЫМЖАНОВА,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие, әлеуметтік және психологиялық жұмыс бөлімі

 бастығының аға көмекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp