«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЯЖАЙ ОРНЫНА БАСПАНА БЕРІЛЕ МЕ?

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Кездесуге келгендердің басым бөлігі баспана мәселесін көтерді. Өңір басшысы әрқайсысы бойынша заң аясында қолдан келер көмек көрсетілетінін жеткізді.

Облыс әкімінің қабылдауына келген азаматтардың бірі – әскери зейнеткер Мықтыбай Жүкенов. Ол 12 жыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаментінде қызмет еткен. 2004 жылдан бастап пәтер кезегінде тұрып, 2012 жылы жалға берілетін коммуналдық үй алған. 2016 жылы зейнет демалысына шыққан азаматтың айтуынша, былтыр Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі баспананы қайтарып алыпты.

«2012 жылы 3 бөлмелі пәтер алдым. Сол пәтерді жекешелендіріп алайын десем, құжаты жоқ, тек келісімшарт қана бар. Менің қолымдағы келісімшартты 2017 жылы алып, орнына қосымша келісім берді. Екі келісімшарттың екеуі де әкімдік архивінде жоқ, тұрғын үй комиссиясының хаттамасы сақталмаған. Былтыр қыркүйек айында бірінші сот отырысы өтті. Сот арқылы құжаттардың сақталмағаны дәлелденді», – дейді төрт баланың әкесі Мықтыбай Жүкенов. Облыс әкімі азаматтың мәселесін арнайы қарап, мамандармен кездесіп, жағдайды егжей- тегжейлі анықтайтынын жеткізді. Сонымен қатар соттың шешімін күту керек екені де айтылды.

Облыс әкімінің көмегіне Заречный кентінде орналасқан саяжай аумағындағы баспаналардың тұрғындары да жүгінді. Саяжай аумағында жалғыз баспана болып саналатын 40 үй орналасқан. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Заречный кентін көшіруге шешімі қабылданған болатын. Бірақ саяжай аумағында орналасқан бұл баспаналар үшін өтемақы немесе пәтер беру қарастырылмаған.

Қала басшысы Серік Мұхамедиев бұл мәселе заң жүзінде қаралғанын жеткізді. Егер де саяжай аумағындағы баспана иелеріне пәтер берілетін болса, кезекте тұрған 20 мыңнан астам азамат өз наразылықтарын білдіретінін айтты. Қазір Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аумаққа көшіру мақсатында облыс орталығында 169 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әлі 89 пәтер жетіспейді. Оларды сатып алу жоспарланған.

«Заречный кентін толығымен қорғап қалу мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан біз бөгетті биіктеттік. Жұмыстардың барлығын атқардық. Бірақ кіші өзендердің толуына байланысты барлық жақтан су келмек. Қорғап қалу мүмкін емес. Сондықтан да жер үйлерді, екі қабатты тұрғын үйлерді көшіру жоспарланған», – деді облыс әкімі.

Азат ҚҰРМАШ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp