Петропавл қаласындағы бейнелеу өнері мұражайында жазасын өтеушілер салған картиналар мен қолөнер бұйымдарының “Үміт – 2017” облыстық байқау-көрмесі өтті. Аталмыш байқауға өңіріміздегі алты түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар қатысты.
Дәстүрлі байқауға 34 картина мен 40 қолөнер бұйымы ұсынылды. Олардың ішінде мүсіндер, асүй аспаптары мен кәдесыйлар бар. Картиналар көбіне ана, отбасы, балаға сағыныш, туған жер тақырыптарына арналған.
Жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдар сапалы жасалған. Әсіресе, ағаш бесік, кеме, қобдишалар мен темірден жасалған раушан гүлдер көпшілікті сүйсіндірді.
Қазылар алқасының ұйғарымымен Фарид Есмағанбетовтің “Менің түсім” атты картинасы үздік деп танылды. Жүлделі орын алған қолөнер бұйымдары мен картиналардың авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Түзету мекемесінің қызметкерлері бұл картиналар мен бұйымдарды қарттар мен балалар үйлеріне, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және оңалту орталығына, мектептер мен балабақшаларға сыйламақ.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.