Адамдар қаланы былай қойғанда, ауылдық жердің өзінде тиіп тұрған жерге жаяу бармайды қазір. Әр үйде қос-қостан көлік. Осындай кезде кей адамдар көлік кептелісінде тұрмай, қалаған жеріне әлдеқайда жылдам әрі оңай жетудің амалы ретінде велосипедті пайдаланатыны белгілі. Алайда, қос дөңгелекті көлік иелері жолда жүру ережесін сақтамағанымен қоймай, басқа көліктермен қатар жаяу жүргіншілерге де кедергі келтірулерін доғарар емес.
Жыл сайын жаз мезгілі келіп, күн жылыған кезде қала көшелерінде велосипед мінген адамдар көбейеді. Көліктің бұл түрін, әсіресе, жастар пайдаланғандықтан, олардың тәртіпке бағынып, ереже бұзбағанын қалаймыз. Былай алып қарасақ, жылдам жүретін көліктің тиімді тұстары көп. Алайда, оны басқарып отырған адам жолда жүру қағидаларын бұзбаса, басқаларға кедергі келтірмесе екен дейміз.
Мұндай ыңғайсыз жағдайларға, әсіресе, Петропавл қаласы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналған – Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында куәгер болып жатамыз. Өйткені, ол жерде күнделікті балаларын ерткен аналар, жүкті қыз-келіншектер, сонымен қатар егде жастағы адамдар да серуендеп жүреді. Өкінішке қарай, діттеген жеріне жылдам жетуді көздеген велосипед жүргізушілері өзгенің қауіпсіздігін ескере бермейді. Көпшілігі жаяу жүргіншілер өтетін жолда көлігінен түспей, адамдардың ортасынан зырылдап өтсе, тротуарларда жүрген тұрғындарға ыңғайсыздық келтіретіндер де жетерлік. Олар көлік басқарып, қоғамдық орында жүргендіктен, өздерінің ғана емес, айналасындағы азаматтардың денсаулығы үшін де жауапты екендерін естен шығармауы тиіс.
Күні кеше ғана облыста жыл басынан бері велосипедшілерді қағып кетудің екі фактісі тіркеліп, салдарынан екі адам қайтыс болып, екі адам жарақаттанғанын естігенде, жағамызды ұстадық. Айналаға, өзіміздің, бала-шағамыздың денсаулығына, өміріне деген алаңдаушылығымыз да біршама артты.
Күнделікті хабарлар мен жаңалықтардан көріп жүргеніміздей, тәртіп сақшылары тұрғындардың өтініш-шағымдары бойынша рейдтік шараларды қолға алып, әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сондықтан мойнына артылған жауапкершіліктің ауыр жүгін түсінбей, қалай болса солай, тәртіпке бағынбай жүретін жастарды жөнге салуымыз керек. Тәртіп бұзатын жандардың тиісті түрде жазаланып, әр әрекетінен сабақ алуы аса маңызды. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін осылай ғана қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын.
Гүлден ХАМЗИНА,
Петропавл қаласының тұрғыны.