Сегіз сері Баһрамұлы – өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Ол асыл өнерімен, жеке басына тән əдет-мінездерімен, сəн-салтанатымен жас шағынан көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісінің бірі. Өңіріміздің әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқыраған өнер иесінің әуен-саздарынде бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір туындыларында терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Сегіздің шығармаларының ішінде “Қарғаш” әнінің шығу тарихы ерекше.
Сегіз сері сал-серілік құрып жүрген кезінде үнемі Нұрлыбай ауылына тоқтап, сауық құрғанды ұнатады екен. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл қожалар шоғырланған елді мекен болса керек. Нұрлыбайдың ең үлкен ұлы Жанғожа ауылға сыйлы, қадірлі азамат ретінде танылып, көрші-қолаң, туған-туыс арасында үлкен беделге ие болыпты. Сыр бойында Орта жүз бен Кіші жүз елдерінің шектесетін жерінде отырған Нұрлыбай қожа да ауыл тұрғындарына үнемі көмегін беріп, жомарттығымен танылыпты. Қарғаш есімді сұлу – осы ақсақалдың кенже қызы. Ол ұзатылар кезде Сегіз сері өз тобымен ауылға келіп, тынығып алмақшы болады. Танымал өнер иесінің келгенін естіген бойжеткен қадірлі қонаққа құрбылық тілегін жеткізіп, яғни өзіне ән арнауын өтінеді. Қарындасындай болып кеткен әрі әкесі мен ағасының ел-жұртқа жасаған жақсылықтарын ескеріп, сазгер бір кештің ішінде бойжеткенге арнап ән жазады.
Кейінгі уақытта интернет кеңістігінде жұртшылық «Қарғаш» әнінің авторы ретінде өзге авторларды атап жүргенін жиі кездестіреміз. Бірақ, шын мәнінде, бұл туынды Сегіз сері Баһрамұлының шығармасы екенін дәлелдейтін тарихи фактілер өте көп. Мәселен, Жаяу Мұса Байжанұлы бірнеше жазбаларында әннің шығу тарихына кеңінен тоқталып, Сегіз серінің оны не себеппен шығарғанын жан-жақты айтып өткен. Ақын “Ер Сегіз” атты өлеңінде:
Сегізде толып жатыр тамаша
әндер,
“Әйкен-ай”, “Жылы ой”, “Қарғаш”,
“Бес қарагер”.
“Шолпан қыз”, “Ғайни” менен
“Бозқараған”,
Бәрі де ол шығарған ғажап әндер, – деп жазған болатын.
Сазгер Жаяу Мұса Сегіз серіні өзінің ұстазы санап, екеуі бірге біраз жерді аралаған. Жүрген жерінде жерлесіміздің әндерін айтып, тыңдарманның қошеметіне бөленген. Сауық-сайранда Қарғаш қыз туралы әнді де әуелетіп, оның кеңінен танылуына түрткі болған.
“Сегізден үлгі-өнеге ап артты
өнерім,
Мен ондай көрген емен
жыр шеберін.
Әр ауыл әншісіне жазып бердім,
Ұстазымның тамаша ән өнерін.
Біздерге үлкен шаруа
жұртты бұру,
Мақсатым – жақсылармен
мәжіліс құру.
Тағы да менің баппен
шырқайтыным,
Сегіздің әні “Қарғаш”, “Кісен сұлу”, – деп жырлаған әнші бойжеткенге арналған өлеңді нақышына келтіре орындап, қазақ өнерінің дамуына зор үлесін қосқан.
“Еңлік-ай”, “Жансұлу”, “Меңзипа”, “Алқоңыр” туындыларымен бірге “Қарғаш” әнінің шығу тарихын, мәтінін Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылында тұрған әнші Базар Мақышқызынан осы елді мекеннің белсенділері Күлзи Бисарина мен Шолпан Садықова жазып алған екен. Сондай-ақ, Қызылжар қаласының тұрғыны марқұм Ғазез Мусиновтың зерттеулерінде де осы ән жайлы деректер кездеседі.
“ҚАРҒАШ” ӘНІ
Ақ дидарың көргенде
тұра алмаймын.
Сенсіз жерде еш дәурен
құра алмаймын.
Сен есіме түскенде,
асыл Қарғаш,
Ыстамбұл кемесіндей
бұраңдаймын.
Ашылар жүрек құлпы сыр
шерткен соң,
Келмессің ауылыңа бір кеткен
соң.
Еділде Байұлының
бурасындай
Қайғырар талай құрбың сен
кеткен соң.
Жылқың жатыр Аралдың
шаңдағында,
Жігіт сері болмай ма
бойдағында.
Ауылыңнан сен кеткен соң
қызық кетер,
Жүргейсің келіп-кетіп
ойнағыңа.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.