«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМДІ АҚТАЙДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының жағдайын жақсарту, экономикамызды көтеру мақсатында кезекті “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын жария етті. Онда Елбасы алда талай қиын кезеңдер күтіп тұрғанын, солардан тек жұдырықтай жұмылған бірліктің арқасында шыға алатынымызды, әлемдік нарықтағы экономикалық құлдыраудың салқыны Қазақстанды да шарпитынын дәйекті дәлелдер арқылы көрсетіп берді. “Осы теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз”, – деп жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарды айқындап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады”, – деген болатын.

Еліміздің ортақ мүддесін көздеген мақсатқа жету үшін білім саласының қызметкерлері де өзімізге қатысты бағытта еңбек етуіміз қажет. Біздің міндет – жас ұрпаққа сапалы білім беріп, әр түлектің өзінің қалаған мамандығын игеруіне, еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға болуына ықпал ету. Балаларды Отанының жарқын болашағына өз үлестерін қосуға жетелеу.  

Бұл ретте білім саласында атқарылып жатқан істер де баршылық. Өзім басшылық етіп отырған Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатын өткен оқу жылында аяқтаған 37 түлектің 28-і грантқа түсті. Олар бүгінде Чехиядағы, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург, Краснодар қалаларындағы және еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орындарында қазіргі таңда өрісі кең, еліміздің кез келген өңірінде сұранысқа ие жалпы медицина, химия, математика, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, ақпараттық технологиялар және компьютерлік модельдеу, радиотехника және телекоммуникация, әскери-көлік саласының ұшқыштары, қайта өңдеу өндірісінің технологтары мамандықтары бойынша білім алуда.

Айсұлу Омаралы, Бақыт Есләм, Нүркен Қалижан, Дана Шоқтыбаева сынды оқушылар 11 жыл бойы жиған-терген білімдерін сынаққа салып, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі орындарға ие болды. Олар ертеңгі күні еліміздің түрлі салаларын нығайтуға аянбай еңбек етіп, Қазақстанның ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуына зор үлес қосатынына сенім мол.

Шәкірттердің сапалы да терең білім алуына гимназияда жағдай жасалған. Білім ошағында директордың бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Есқалиева жетекшілік ететін Қайырбек Оразов атындағы ғылыми-тәжірибелік орталық жұмыс істейді. Орталықта пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, әртүрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Санкт-Петербург, Екатеринбург, Омбы, Мәскеу қалаларында өткізілетін қашықтық олимпиадаларына оқушыларымыз үзбей қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Республикалық сырттай оқу мектебінде химия, физика, тарих, математика, биология пәндері бойынша 135 оқушымыз оқуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында: “Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс”, – деген болатын. Осыған орай оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірмен ұштастыруға баса мән береміз. Олар түрлі тақырыптарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жас ерекшеліктеріне қарай ғылыми жобалар сайыстарына, халықаралық зияткерлік ойындарға қатысады. Соңғы 5 жыл ішінде оқушылардың үздік ғылыми жобалары шетелдерге, елімізде өткізілетін сайыстарға жіберіліп, жүлделі орындарға ие болды. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, бүгінгі күні еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуда.

Оқушылардың зерттеу жұмыстарына Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Е.Батыров, А.Солодовник, С.Сартин, И.Голодова, П.Дмитриев сынды доцент, профессорлары бағыт-бағдар береді. Мектеп Алматы, Петропавл қалаларындағы обсерваториялармен тығыз байланыс орнатқан.

Бүгінгі таңда мұғалімнің ең басты міндеті білім берумен ғана шектелмей, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін, рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Заман талабына сай оқушының өзіндік қабілетін қалыптастыру және білім алуға дайындығын жетілдіру, ойын, тілін дамыту ісі – үздіксіз жүргізілетін үдеріс. Ел ертеңі болатын бүгінгі жас буын ұрпақтың терең білімді болып өсуі үшін ең алдымен жоғары білікті ұстаздар ауадай қажет. Біздің білім мекемесінің 16 ұстазы Кембридж бағдарламасы бойынша оқытатын үш айлық біліктілікті арттыру курсын аяқтады.

Мектебіміздің жоғары білімді, жоғары санатты ұстаздары: физика пәнінің мұғалімі Бекет Мұстафин, тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, тәрбие жұмысының әдіскері Сара Мұқанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Қаржауованың оқушылары түрлі деңгейлердегі олимпиадаларда жүлдегер атанып, мектеп мерейін өсіруде. Бұл мұғалімдер заман талабына сай оқушылар даярлаудың қыр-сырымен әріптестерінің арасында іс-тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Сара Қайроллақызының “Қазақстан тарихы пәні бойынша жеделдетіп оқыту”, “Тарих пәні бойынша жеке тұлғаның дамуына бағытталған компонент” атты бағдарламалары мен “Қазақстан тарихынан тест тапсырмаларына” арналған оқу-әдістемелік құралдарының жас мамандарға берер пайдасы мол.

“Балаларды Отанымыздың жарқын болашағына өз үлестерін қосуға жетелеу – біздің үлкен парызымыз”, – деп санайтын ұстаздар қауымы оқушылардың бойына жалпы адами құндылықтарды, отансүйгіштікті, кең ауқымды білік пен дағдыны сіңіре отырып, ғылым негіздерін игеруге, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жұмыс жүргізуде. Гимназияның материалдық-техникалық қамтылуы еліміздегі білім берудің инновациялық стратегиясын іске асыруға, оқытудың мазмұнына, құрылымына, тәсілдері мен міндеттеріне қарай қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған.

Алайда, көңілімізге қаяу түсіретін бір жайт бар. Қаншама атақты, даңқты адамдар шыққан білім ордасының құрылғанына 85 жыл толмақ. Талай жылдар түлек ұшырған интернат қаланың шетінде қабырғасы сөгіліп, ескінің исі шығып тұрғаны жасырын емес. Тек сол ғимарат іші білім алғысы келетін шәкірттерге толы екендігі қуантады. Біздерді қаланың қақ ортасынан бір жаңа интернаттың қабырғасы қаланса деген ой мазалайды.

Елбасы: “Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! “Нұрлы Жол”, міне, біздің креативті серпінді жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!” – деп тағы да жастарға сенім артты. Ал біздің ұжым Елбасы сенген жастарды тәрбиелеп, білім беріп шығаратынына сенімді.

Күлжан ТӨКЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp