«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМІМІЗДІ ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы жылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын өңіріміздің мәдениет саласының бір топ қызметкерлері тікелей эфир арқылы Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада тыңдады. Олармен бірге біз де болашаққа бағдар беріп, келешекке сенім ұялатар тарихи маңызы зор құжатта айтылған тың ойларды көкейімізге түйіп қайттық. Мәдениет қызметкерлері биылғы Жолдау ұшса – құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ жерімізде тұрып жатқан халқымызды, түрлі этнос өкілдерін береке-бірлігімізге сызат түсірмеуге үндегенін айтып, пікірлерін ортаға салды.

Тұрсынай МОЛДАХМЕТОВА, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы:  

– Елбасы: “Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін” деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету”, – дегенін әрқайсымыз қолдап, осы мақсатқа жету жолында еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. “Бес саусақ бірікпей, ине ілікпейді” демей ме, сондықтан алпауыт елдер бір-біріне көз алартып, әлемдік дағдарыс тығырыққа тіреген сәтте бірлігімізді бұдан да бекемдей түссек, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейміз. Біз бұдан да қиын күндерде Елбасына сендік, соңынан ердік, адастырған жоқ, қайта қой үстіне бозторғай ұялаған заманға жеткізді. Мемлекет басшысының салмақты ойы, салиқалы саясаты арқылы әлемдегі дағдарыстың салқынын жеңетінімізге сенімім мол.

Саян ДҮЙСЕНОВ,

облыстық филармонияның әртісі:

– Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін бұған дейін де міндеттеген еді. Осыдан екі жыл бұрын жариялаған “Қазақстан – 2050” бағдарламасында бұл межеге жету жолында қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Ал бүгінгі Жолдауында қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жаңа жаһандық ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындап берді.

Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы көбейетінін естіп, марқайып қалдық. Шынымен де, елімізде жастардың, тұрғындардың тұрмысын түзеуге арналған осындай жақсылықтар болашаққа дұрыс көзқарас қалыптастырады.

Мемлекет басшысының: “Тарихымызды түгендеп, мәдениеттің өркендеуіне қол жеткіздік”, – деген сөздері де жүрегімізді жылытты. Әсіресе, Президенттің бұл пікірі біздің еңбегімізге берілген зор баға деп қабылдаймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жолдау уақыт талабымен үндесіп, халқымыздың алдағы күндерге сенімін ұлғайтады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp