«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 2019 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЖӘНЕ 2020 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕР ТУРАЛЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Қ.І.АҚСАҚАЛОВТЫҢ ЕСЕБІ

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
2019 жылы облысымыздағы жергілікті атқарушы органдардың қызметі “Қазақстан – 2050” Стратегиясынан, еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарынан, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі “100 қадам” Ұлттық жоспарынан, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан, 2019 жылғы 2 қыркүйектегі “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауынан, басқа да маңызды бағдарламалық құжаттардан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды.

2019 жылдың қорытындысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өсімнің жақсы қарқыны қамтамасыз етілді (ауыл шаруашылығы – 0,4 пайыз, өнеркәсіп – 2 пайыз, инвестиция – 8,8 пайыз, құрылыс – 7,6 пайыз, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 15 пайыз, сауда –1,2 пайыз). Бұл көрсеткіштердің сыртында әрбір солтүстікқазақстандықтың қажырлы еңбегі тұр.
Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалған 2018-2021 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өзінің алғашқы жемістерін бере бастады. 2019 жылы өңіріміздегі күрделі мәселелерді шешуге 92 млрд. теңге жұмсалды, мұның 47 млрд. теңгесін жеке инвестиция құрады.
Алдын ала есептеулерге қарағанда, 2019 жылы облысымызда жалпы өңірлік өнімнің өсімі 2 пайыз деңгейінде (1,3 трлн. теңге) болды.

Ауыл шаруашылығы

2019 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы өсім 0,4 пайыз, оның көлемі 633,8 млрд. теңге болды (2018 жылы – 514,7 млрд. теңге, физикалық индекс көлемі – 101,2 пайыз).
Соңғы төрт жыл ішінде тұтастай алғанда, бұл саладағы жалпы өнім 1,5 есе өсті. Егер біз 2016 жылы 411 млрд. теңгенің өнімін шығарсақ, былтыр өндіріс көлемі 633,8 млрд. теңгеге жетті.
Солтүстікқазақстандық диқандар күрделі ауа райы жағдайында 5,0 млн. тоннадан астам астық жинады.
Мұның бәріне агротехнологияны қатаң сақтау, минералдық тыңайтқыштарды енгізу және техниканы жаңарту нәтижесінде қол жеткізілді. Өткен жылы егістік алқаптарына 120 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңірілді, бұл 2018 жылдың деңгейінен 10 мың тоннаға көп. Бір жыл ішінде сомасы 37 млрд. теңгеден асатын 1900 жаңа техника сатып алынды, олардың 209-ы – астық жинайтын комбайн.
Мал шаруашылығында 2,4 пайыз өсімге қол жеткізілді. Ет өндірісі 3,5 пайызға (939 мың тоннадан 97,2 мың тоннаға дейін) артты.
“Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2019 жылы облысымызға Еуропадан және Ресей Федерациясынан 4 мыңға жуық ірі қара малдың төлдері жеткізілді.
Тұтастай алғанда 2019 жылы ірі қара саны 3,1 пайызға (355,5 мың бастан 366,5 мың басқа дейін), жылқы – 5,7 пайызға (123,9 мыңнан 131 мыңға дейін), қой мен ешкі – 3,7 пайызға (404,2 мыңнан 419,2 мыңға дейін), шошқа 16,3 пайызға (149,6 мыңнан 174 мыңға дейін) өсті.
Сүт өндірісі 2,3 пайызға (555 мың тоннадан 567,7 мың тоннаға дейін) артты. Есепті кезеңде 1600 бас сиырға арналған үш сүт кешені (“Мәмбетов және К” КС-і. “Шаймерденов” ШҚ-ы, “Заградовское” ЖШС-і) пайдалануға берілді. Олар жылына 9 мың тоннаға дейін сүт өндіре алады, 90 жұмыс орны құрылды.
2020 жылы мына жұмыстар жоспарланып отыр:
– осызаманғы 10 жаңа тауарлы-сүт фермасын салу есебінен сүт өндірісін 580 мың тоннаға дейін жеткізу;
– үш бордақылау алаңы мен ферма салу арқылы ет өндірісін 100 мың тоннаға дейін ұлғайту;
– үстіміздегі жылы “Маслодел” брендімен сүт, қаймақ және қышқыл сүт өнімдерін шығаратын жаңа желіні іске қосу.
Биылдан бастап біз жерді тиімді пайдалану жөнінде қатаң талап қоятын боламыз. Өңірімізде тек соңғы төрт жыл ішінде мемлекет меншігіне 670 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарып алынды. Бүгіндері 531 мың гектар жер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі ең алдымен агроөнімдерді өңдеуге тәуелді. Былтыр физикалық көлем индексі 110 пайыз болғанда, тамақ өнімдерінің өндірісі 119,7 млрд. теңгені құрады, бұл облыстағы өңдеу өнеркәсібінің 64 пайызын құрайды (2018 жылы 62 пайыз).
Өңдеу кәсіпорындарының сүтпен қамтамасыз етілуі 91 пайызды құрайды. Бүгіндері өңірімізде сүт өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Жаңа тауарлы-сүт фермаларының іске қосылуы сүт зауыттарына 290 мың тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорындардың етпен қамтылуы 42 пайызды құрайды, былтыр 56,4 мың тонна ет (сойылған салмақта) өндірілді.
Бір жыл ішінде 127 мың тоннадан астам майлы дақыл (өткен жылғы көрсеткіштен 24 пайыз көп) өңделді және 44,6 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Облысымызда жылдық қуаты 491 мың тонна үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді.
2020 жылы тұқымды жаңарту, жаңа техникалар сатып алу, минералдық тыңайтқыштар сіңіру есебінен астықтың жалпы түсімін ұлғайту бойынша жұмыстар жалғастырылады. 4,2 млн. гектар егістік алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Биыл 130 мың тонна минералдық тыңайтқыш 2,8 млн. гектарға жуық алқапқа сіңірілмек. Үстіміздегі жылы 2000 жаңа техника мен қондырғы сатып алу жоспарланған.
Мемлекеттік қолдаудың көлемі 2020 жылы 42,8 млрд. теңге болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 4 пайызға өсіруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар.

Өнеркәсіп

2019 жылдың қорытындысында салада өндіріс көлемі 254,4 млрд. теңгені құрап, өсім 2 пайыз (2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 243 млрд. теңге) болды. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 5,8 пайыз (4,1 млрд. теңге), электр энергиясымен жабдықтауда – 7,3 пайыз (53,4 млрд. теңге), сумен жабдықтауда 5,1 пайыз (10,2 млрд. теңге) болды. Сонымен қатар машина жасау саласында өнім өндіру көлемі 17,8 пайызға (40,3 млрд. теңге, 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 40,2 млрд.теңге) төмендеді.
2019 жылы астық пен майлы дақылдарды, етті өңдейтін, құрамажем шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылды.
“Bio Operations” зауытында крахмал мен глютен өндіретін екінші желі іске қосылды. Биыл жылдық қуаты 19 мың тоннаға жететін биоэтанол өндіретін цехты іске қосу көзделген.
Тұрмыстық химия фабрикасы өнім шығара бастады. Жаңа кәсіпорын жылына 6 мың тонна сұйық және қатты сабын шығарады. Бұл Қазақстанға бір жылға қажет өнімнің ширек бөлігі болып табылады.
Облыс орталығындағы машина жасау саласының көшбастаушылары – “С.М.Киров атындағы зауыт” және “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамдарын технологиялық жаңғырту жалғасуда, “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісі игерілген.

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамында тез бұзылатын өнімдерді тасымалдайтын термовагондарды шығару өндірісі жолға қойылды. Бүгіндері кәсіпорында 69 млрд. теңгенің тапсырыстар портфелін қалыптастыру жөніндегі мәселе шешімін тапқан, бұл 2018 жылғы деңгейден (31 млрд. теңге) 2 еседен астам көп.
Өткен жылы ашылған “QYZYLJAR” арнайы экономикалық аймағы өнеркәсіпті дамытудың және өңірімізге инвестиция тартудың қосымша көзі болуы тиіс. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу инвесторларға салықтық және кедендік артықшылықтарды, жаңа жобалар үшін инфрақұрылымды тартуға шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
Трансформаторлар шығаратын зауыт салатын жетекші “Alaqeum Elektric” компаниясы қазірдің өзінде арнайы экономикалық аймаққа қатысатын болды.
Түріктің “YDA Holding” компаниясы облыстық көпбейінді аурухананы салу бойынша жобаны жүзеге асыруды бастады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлемдік белгілі компаниялардың бірі – “Claas” та инвестиция салмақ.
Тұтастай алғанда 160 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтілуде.
2020 жылдың соңында өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 7 пайызға өсіру қамтамасыз етілуі тиіс.

 

Инвестиция


2019 жылы инвестиция көлемі 235,6 млрд. теңгені (2018 жылы 214,2 млрд. теңге) құрады, өсім 8,8 пайыз болды. Соңғы үш жыл ішінде инвестиция көлемі 68,5 млрд. теңгені немесе 41 пайызды құрады, бұл осы кезеңде облысқа инвестиция тартудың оң серпінінің сақталғанын көрсетеді.
Былтыр сырттан 33 пайыз өсіммен 15,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестиция көлемі – 193,8 млрд. теңге, өсім 21,9 пайызды құрады. Жұмсалған 1 теңге бюджет қаржысына 4,6 теңге жеке инвестиция тартылды.
Бүгіндері сомасы 226 млрд. теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 3 мыңдай тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Алға қойған жоспарларды ең алдымен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен орындау керек. Олар Сырымбет қалайы кен орны, фанера шығаратын және ағаш өңдейтін зауыттар, көтерме-тарату орталығы, изотермикалық вагон-термостар өндірісі, биоэтанол өндіретін цех, ағаш шпонын өндіретін зауыт пен басқа да жобалар.

Шағын және орта бизнес

Бүгінгі күні өңірімізде шағын және орта бизнестің 30 мыңнан астам субъектісі бар, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға көп. Шағын және орта бизнеспен айналысатындар көрсеткіші өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша 0,9 пайызға артып, 107,0 мың адамды құрады. 11 айдың ішінде бюджетке түскен барлық салықтың 58 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі, өткен жылмен салыстырғанда өсім 7 пайыз болды (41 млрд. теңге). Шағын және орта бизнес шығаратын өнім 17,3 пайызға өсті және 472,9 млрд. теңгені құрады (2018 жылы 370,6 млрд. теңге). Облысымыздағы жалпы өңірлік өнімнің шағын және орта бизнестегі үлесі өсті. 2017 жылы – 25 пайыз, 2018 жылы 29 пайыз болды.
 

“Бизнестің жол картасы” бағдарламасы

2019 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 2,3 млрд. теңге бөлінді, соның 1,4 млрд. теңгесі демеу-қаржыға, 210 млн. теңге кепілдікке, 37 млн. теңге грантты қаржыландыруға, 698,1 млн. теңге инфрақұрылым тартуға бағытталды. 142 жобаға қолдау көрсетілді.
2020 жылы бағдарламаны қаржыландыру 1,6 есеге артып, 3,7 млрд. теңгені құрады.

 

“Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы

2019 жылы бағдарламаға 25 мыңнан астам адам қатысты. 2446 адам оқуын аяқтап, соның 62 пайызы жұмысқа орналасты.
1099 адамға 5,3 млрд. теңге жеңілдетілген шағын несие беріліп, нәтижесінде 627 адам бизнесін ашуға, ал 472 адам кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Олар 540 жұмыс орнын ашты. “Бастау-Бизнес” жобасы бойынша 2515 адам бизнес жүргізу дағдыларын меңгерді. 650 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз гранттың берілуі облыстың екі мың тұрғынының бизнес бастауына мүмкіндік берді, соның 764-і – жастар, 81-і – көпбалалы отбасы. Осы кезеңде тұрақты жұмысы жоқ 4,8 мыңнан астам адам уақытша жұмыспен қамтылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды, жастардың жұмыссыздығы 2,7 пайызды құрады.
2020 жылы жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша жұмысқа орналастырудың жаңа жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Алғашқы жұмыс орнына 2 жыл, қалған жұмыс орындарына 18 ай мерзім белгіленді. Бұл жұмыс орындарына мемлекет тарапынан демеуқаржы берілетін болады. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жұмыс орындары және квота қарастырылады. Жұмыс ұсыну, грант және несие беру түріндегі қолдау облыстың 20 мыңнан астам тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа 6 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған.

 

Бөлшек тауар айналымы


Былтыр облыс бойынша бөлшек тауар айналымы 0,4 пайыз өсіммен 252,3 млрд. теңгені құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек тауар айналымы көлемін 5,5 пайыз өсіммен 282,0 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Туризм

Имантау – Шалқар курорттық аймағы республикалық маңызға ие туристік нысан ретінде 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енді. Алдағы бес жыл ішінде курорттық аймақтарды дамытуға айтарлықтай (24,7 млрд. теңге шамасында) қаржы бағытталатын болады. Соңғы 3 жылда курорттық аймақта 7 млрд. теңге қаржыға 273 км. жол жөнделді.
2020 жылы бұл мақсаттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табады және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды қолға аламыз. Биылғы жылға арналған біздің міндетіміз – инженерлік-инфрақұрылымға жобалық-сметалық құжаттарды дайындау. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 40 млн. теңге бөлдік. Сондай-ақ, курорттық аймақтарды абаттандыру бойынша жоспарымыз бар. Бұл шаралар Имантау – Шалқар курорттық аймағына ірі инвесторларды тартуға және демалушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылым


Әртүрлі жұмыстармен 243 елді мекендегі нысандарды қамту жоспарлануда.

“Ауыл — ел бесігі”

2019 жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 26 мың адам тұрып жатқан 3 елді мекенде 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын (Саумалкөл, Бескөл, Талшық ауылдары), соның ішінде 2-еуі – коммуналдық-инженерлік, 15-і – әлеуметтік және 2-еуі – көліктік инфрақұрылымдық жоба.
Былтыр 17 жоба бойынша жұмыстар толықтай аяқталды, 3 жоба 2020 жылға ауысты (Саумалкөл ауылындағы темір жол станциясы орталық қазандығының жылу желісінің құрылысы; дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы; өнер мектебіне арналған екіқабатты ғимаратты жергілікті бюджет қаржысы есебінен қайта қалпына келтіру).
Жол жөндеу. Соңғы 3 жылда 91,9 млрд. теңгеге 2134 км. жол жөнделді (2017 жылы 21,5 млрд. теңгеге 754 км., 2018 жылы 33 млрд. теңгеге 675 км., 2019 жылы 30 млрд. теңгеге 676 км.). Былтыр бұл мақсатқа бөлінген қаржы 2017 жылмен салыстырғанда 38,2 пайызға артып, 8,5 млрд. теңге болды. Биыл 37,8 млрд. теңгеге 700 км.-ден артық жолды жөндеу жоспарлануда. Осылайша үстіміздегі жылы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 58-ден 69 пайызға дейін өседі.
Сумен қамтамасыз ету. Соңғы 2 жылда (2018-2019 жылдары) 409 км. су құбыры тартылды. Нәтижесінде 50,6 мың тұрғыны бар 72 ауылды сумен жабдықтау жақсарды. Осы уақыт ішінде бұл мақсатқа 9,1 млрд. теңге бөлінді. Облыс тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі 88,4 пайыздан 89,9 пайызға дейін артты (11,1 мың адамға).
Биыл өткен жылға қарағанда сумен жабдықтауға 2 есе көп (7,9 млрд. теңге) қаржы қарастырылуда. 51 мың тұрғын, яғни 3,6 мың үй орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылмақ. Жалпы облыс тұрғындарының орталықтандырылған су жүйесіне қолжетімділігі 90,1 пайызды құрайтын болады.

 

Құрылыс

2019 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6 пайызға артып, 86,8 млрд. теңгені құрады. Ел бойынша – 12 , 5 пайыз.
250,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығындағы көрсеткіш – 218,1 мың шаршы метр). Физикалық индекс көлемі – 115 пайыз. Бюджет есебінен 71,2 мың шаршы метр, кәсіпорындар мен тұрғындардың қаржысына 179,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Соңғы 4 жылдың ішінде 833 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді.
2019 жылы 2573 пәтер (2018 жылы – 2068 пәтер) пайдалануға берілсе, олардың 866-сы – жеке тұрғын үй (2018 жылы – 480 үй), 1707-сі – бюджеттік және коммерциялық пәтер (2018 жылы – 1588 пәтер). Осылайша пәтер кезегінде тұрған 700 отбасы (кезекте тұрған 19,7 мың адамның 14,5 мыңы – Петропавл қаласының тұрғындары, 5,2 мыңы – ауданнан) баспаналы болды. Олардың 434-і – әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар (жетім балалар, мүгедектер, толық емес және көпбалалы отбасылар). 9700-ден астам адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2020 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үймен 3000 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.

Білім беру

Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамту мәселесі түбегейлі шешілді. Қазір балаларды 2 жастан бастап мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша жұмыс жүргізілуде. Балабақшалардың 85 пайызы мәртебесін өзгертіп, бөбекжай-балабақша болды. Бұл 2 жастан 3 жасқа дейінгі 4,8 мың баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Орта білім беруде қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартуға басымдық берілуде.
Білім беру саласында инфрақұрылымды жақсартып, педагогтардың біліктілігін арттырудамыз (2019 жылы – 3287 педагог). 2019 жылы 142 нысан жөндеуден өткізілді, соның 100-і – ауыл мектептері. Бұл мақсатқа 5,4 миллиард теңге жұмсалды. Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектептер мен балабақшаларда температура режімін 22 градусқа дейін көтеріп, қуат көзі бойынша шығындарды үнемдеп, мекемелердің қасбетін жаңарттық.
Тайынша ауданындағы апаттық мектепті жабу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жатақхана салу мәселелері шешілуде.
2020 жылы 60 нысанды (соның ішінде 8020 баланы қамтитын 46 ауылдық нысан) күрделі жөндеуден өткізу үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Биыл мектептер түгел заманауи бейнекамералармен қамтамасыз етіліп, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.
Облыста “уақытша отбасы” қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба алты ауданда қолға алынып, 102 “уақытша отбасында” мектеп жасындағы 121 бала тәрбиеленуде (Айыртау – 52, Мағжан Жұмабаев – 27, Мамлют – 18, Есіл – 3, Жамбыл – 3, Шал ақын – 18). Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде балалардың оқу үлгерімі 5,7 пайызға жақсарды. Бұл ретте бюджет 2,78 миллион теңге үнемдеді.
Үстіміздегі жылы “уақытша отбасында” тұратын оқушылардың санын 150-ге дейін жеткізу көзделуде. 2025 жылы 314 болмақ (2021 ж. – 184, 2022 ж. – 217, 2023 ж. – 254, 2024 ж. – 282). Жобаны жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылы 76,8 миллион теңге бөлу көзделген.
2018-2019 жылдары өткен есеп беру кездесулерінде ата-аналар инклюзивті білім беру мәселесін көтергенін атап өткім келеді. Бүгінде Петропавл қаласындағы 3 мектепте (№21, 23, 8 орта мектептер) аутист балалар үшін инклюзивті сыныптар ашылды. №2 және 40 орта мектептерде ресурстық сыныптар жұмыс істейді.
Облыс орталығында Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорымен бірлесе аутизм орталығы ашылды. Ауылдағы балаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі 6 ауданда (Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Мамлют, Тайынша) 100-ден астам баланы қамтыған инклюзивті кабинеттер ашылды. Бұл бағытта 1234 педагог қайта даярланды.
2020 жылдың бірінші тоқсанында өңір аудандарында (Ақжар, Есіл, Қызылжар, Жамбыл, Уәлиханов) 108 баланы қамтитын 5 инклюзивті кабинет ашу жоспарлануда. Қосымша 1500 педагог қайта оқытудан өтеді.
Мұғалім мамандығының абыройы мен педагог мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылуда. Облыстағы 10 мың ұстаздың еңбекақысы 30 пайызға артты.
Өткен жылы ауылда жұмыс істеуге тілек білдірген 307 мұғалімге 64,2 миллион теңге (бір ұстазға 1000 АЕК) көтермеақы төленді. Сонымен қатар 142 ұстаз баспана сатып алу мен тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жалпы сомасы 470,6 миллион теңгені құрайтын (бір адамға 1500 АЕК) бюджеттік несиеге қол жеткізді.
2020 жылы еңбекақыны 25 пайызға көбейту көзделген (қалада – 181 мың теңге, ауылда 227 мың теңгені құрайды). Бұл ұстаздарды одан әрі кәсіби тұрғыда ынталандыруға, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Үстіміздегі жылы колледждер 1,29 миллиард теңгенің заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Бұл кадрларды сапалы даярлауға мүмкіндік береді.
Жақында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де заманауи оқу-зертханалық корпустың құрылысы басталады. Онда 68 заманауи зертхана жұмыс істейтін болады. Бұл студенттер санын 1,5 есе арттырып, оны он мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 13 елден 200-ден астам шетелдік студентті оқыту жоспарлануда. Олардың арасында Үндістан, Ресей, Қытай, Грузия және Түркіменстан елдері бар.
2020 жылы әскери институт үшін заманауи оқу корпусының құрылысы басталады.

Денсаулық сақтау

Жыл сайын медицинаға жұмсалатын қаржы көлемі артуда. Мәселен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы үш жылда 60 пайызға өсіп, 42,2 млрд. теңгеге жетті.
2018 жылдан бері медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінетін қаржы үш есеге өсті, яғни былтыр оның көлемі 2,7 млрд. теңгені құрады (2017 жылы – 1,2 млрд. теңге, 2018 жылы – 1 млрд. теңге). Соның нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші – 12,1, қатерлі ісік аурулары – 0,6, жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алу – 50, бала шетінеуі 17,2 пайызға төмендеді. Ана өлімі тіркелген жоқ.
Облыстық ауруханаға МРТ (549 млн. теңге) және компьютерлік томограф (250 млн. теңге) сатып алынды. Екінші МРТ қондырғысын пайдалануға бергеннен бері бұл медициналық жабдыққа қаралу кезегі қысқарды, сондай-ақ, бұрын байқалмай келген ауруларды анықтауға мүмкіндік туды.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы бір МРТ жабдығын алу жоспарлануда. Кардиологиялық орталықта орнатылатын ангиограф (467,8 млн. теңге) миокард инфарктісі және ауыр жүрек ақаулары кезінде жедел көмекті үздіксіз көрсетуге мүмкіндік береді. Онкологиялық орталық цифрлық маммографпен қамтамасыз етілді (134 млн. теңге). Оның көмегімен 1 мыңнан астам сараптама жүргізілді.
Тұңғыш рет аудандық ауруханаларға (Уәлиханов, Тимирязев, Жамбыл, Ақжар) 4 маммограф сатып алынды (49,1 млн. теңге).
Іштегі сәбилердің туабітті ақауларының дамуын уақтылы тоқтату мақсатында сараптама жүргізетін 5 ультрадыбыстық зерттеу құралы пайдалануға берілді. “Жедел жәрдем” қызметі “Мерседес Спринтер” автокөлігінің базасында жасалған 3 реанимобильмен толықты (103,5 млн. теңге). Сондай-ақ, аудандық ауруханалар 17 санитарлық көлікке қол жеткізді.
Биыл қаржылық лизинг шеңберінде денсаулық сақтау мекемелері “Хундай Н350” маркалы 32 “Жедел жәрдем” көлігімен қамтамасыз етілмек.
Былтыр облысымызға 108 дәрігер келді (2018 жылы – 56 дәрігер). 500 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы басталады. Жоба инвесторы – “YDA Холдинг” түрік компаниясы.
Үстіміздегі жылы 2,4 млрд. теңгеге 132 медициналық жабдық сатып алу жоспарланған, сондай-ақ, барлық аудандардағы медициналық ұйымдар 13 ультрадыбыстық зерттеу қондырғысымен, 3 бейнеэндоскопиялық құралмен және өкпеге жасанды жолмен ауа беретін 24 аппаратпен қамтамасыз етілмек.
Аудандарда өз жұмысын бастайтын 5 отбасылық дәрігерлік амбулатория және 20 фельдшерлік-акушерлік пунктің арқасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болады.
Биылдан бастап міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға артып, 260-280 мың теңгені құрайды.
Олармен бірге медбикелердің де еңбекақысының көлемі орташа есеппен 20 пайызға өсті. Яғни, бұл санаттағы қызметкерлердің айлық табысы 140-150 мың теңгені құрайды. Облыс бойынша 1,5 мыңға жуық дәрігер мен 5 мың медбикенің жалақысы өседі деп күтілуде.
Жалпы алғанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 48 млрд. теңгеге артады (2019 жылы – 42,2 млрд. теңге).

Мәдениет

2020 жылға дейінгі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 137 мәдениет және архив нысанына жөндеу жүргізілді.
Тұңғыш рет “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” халықаралық симпозиумы өтті. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның суретшілері қатысты.
Мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлері арасындағы “Рухани қазына – 2019” республикалық фестивалінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана “Қазақстанның облыстық маңыздағы үздік мемлекеттік кітапханасы” атағын жеңіп алды. Ал Солтүстік Қазақстан облысы “Еліміздің ең көп кітап оқитын өңірі” деп танылды. Облыстық кітапханада ұлы ақынымыздың 175 жылдығына орай “Абай орталығы” ашылды.
Биыл мәдениет саласын қаржыландыру көлемі 37 пайызға артты. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен облыстық филармонияның қасбетіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Соңғы бес жыл ішінде үш театрымыздың жаңа қойылымдарын қаржыландыру көлемі артып отыр. Мәселен, биыл “әл-Фараби трактаттары”, “Абай жолы” және тағы басқа қойылымдар көрерменге жол тартады.
Ботай қонысындағы археологиялық зерттеулердің 40 жылдығын атап өту аясында биыл археология, антропология, генетика саласындағы әлемдік деңгейдегі танымал ғалымдардың, сондай-ақ, қоғам қайраткерлерінің, еріктілер ұйымдары мен жастардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру жоспарланған.
“Рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламасы шеңберінде өңірімізде алты бағыт бойынша 13 арнайы жоба жүзеге асырылуда.
“Туған жер” арнайы жобасы шеңберінде меценаттарды тарту міндеті орындалды. Жалпы бұл бағдарлама бойынша 618 жоба жүзеге асты, әлеуметтік маңызы бар 27 нысан тұрғызылды, 402-сі қайта қалпына келтірілді, бұл іске 518 меценат тартылды. Соңғы екі жыл ішінде қаржыландыру көлемі 3,8 есеге, яғни 1,5 млрд. теңгеден 5,65 млрд. теңгеге дейін артты.
Ауылдардағы 158 мектепке (218,87 млн. теңге), денсаулық сақтау саласының 24 нысанына (46,635 млн. теңге), 35 спорттық ғимаратқа (137,24 млн. теңге) және 34 мәдениет нысанына (178,58 млн. теңге) жөндеу жүргізілді.
Өлкетану шеңберінде 2018 жылдан бастап өткізіліп жатқан “Мен музейге барамын” акциясы барысында өңір тұрғындары музейлерді тегін аралауда. Соның нәтижесінде музейлерге барушылардың саны екі есеге артқан. Елді мекендерде 413 мектеп музейі құрылды. Білім ордаларындағы жобалардың арқасында 2 мың оқушы өлкетану ісімен мақсатты түрде айналысатын болды.
Киелі жерлер бойынша арнайы жоба. Өңірімізде 33 киелі нысан тіркелген, соның ішінде 8-і жалпыұлттық тізімге енді. 16-сының инфрақұрылымы дамыған. Киелі жерлерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жол, абаттандыру мәселелері шешімін тапқан.
Нәтижесінде аталмыш нысандарға келетін туристер саны 140 мың адамға жетті. Облысымызда 2 археологиялық және этнографиялық зерттеу жүргізілді. Уәлиханов ауданында Алтын орда дәуіріне тиесілі “Қызыл оба” ортағасырлық ескерткіші зерттелуде.
“Заман таспасы” жобасы шеңберінде 120 киелі нысанға QR-кодтары орнатылды. 3Д-турын әзірлеу нәтижесінде мәдениет саласының интернет-порталдарын пайдалану 70 пайызға өсті.

Спорт


Спорт саласына жұмсалатын қаржы көлемі 43 пайызға артты. Биыл футболдан, волейболдан және баскетболдан облыстық чемпионат өткізетін боламыз.
Елді мекендерде спорт саласын дамытуда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін тұрғызу зор маңызға ие. Алдағы жылы біз Айыртау, Есіл және Жамбыл аудандарында осы бағыттағы құрылыс жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Қосымша 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік қолдау

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа критерийлер бойынша көрсетілуде:
– ең төменгі күнкөріс деңгейі 50-ден 70 пайызға дейін ұлғайтылды (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін);
– атаулы көмекті алушы аз қамтылған отбасылардың әр кәмелет жасқа толмаған баласына көмектің бірыңғай мөлшері белгіленді;
– көмекті тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысын есептеу тәртібі өзгерді.
Атаулы әлеуметтік көмек төлемдерінің механизмін жетілдіру, сондай-ақ, масылдық мінез-құлықтан арылу мақсатында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді.
4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды.
Аталмыш жәрдемақының көлемі бала санына қарай сараланды, орташа есеппен әр балаға 10-11 мың теңге: 4 балаға – 42500 теңге, 5 балаға – 53125 теңге, 6 балаға – 63750 теңге, 7 балаға 73375 теңге төленетін болды.
Аз қамтылған отбасыларға атаулы көмекті беру тәртібі қайта қаралды.
Атаулы көмектің мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әр мүшесіне шаққанда өңірлердің күнкөріс минимумынан 70 пайыз арасындағы табыстан шығарылатын болады. Егер отбасының еңбек етуге жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда қазіргі жағдайдағыдай оған ғана емес, барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тоқтатылады.
Бұған қоса, аз қамтылған отбасыларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады:
– мектеп жасына дейінгі балалар үшін; балалар тағамы және гигиеналық құрал-жабдықтар;
– мектеп жасындағы балалар үшін – мектептердегі ыстық тағам, мектеп киімі мен құрал-жабдықтарын сатып алу және жолақыға кететін шығындарды өтеу.

“Жастар жылы”

2019 жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Осы орайда “Жастар – ел тірегі” ұлттық жобасы мен “Жас маман” және “Жас кәсіпкер” қосымша бағдарламалары жүзеге асты. “Жас маман” бағдарламасы бойынша екі жыл ішінде басым бөлігі аудандарда орналасқан (Есіл, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау) 10 колледж осызаманғы жаңа қондырғылармен қамтамасыз етіледі, оқытушылар қайта даярлау курстарын тамамдайды.
“Жас кәсіпкер” бағдарламасы бойынша 600 адам білімдерін толықтырды. Соның 362-сі 505 мың теңгенің грантын иеленді, 18 адам 6 пайыз жылдық өсімақымен несие алды.
Жастар жылында “Жасыл ел” жобасы шеңберінде 683 жас жұмыспен қамтылды. Олар аулаларды абаттандырып, көмекке мұқтаж жандарға көмектесті. Бағдарлама аясында медиажасақтар құрылды. “Жасыл елдің” өңіріміздегі штабы республика бойынша ең үздік ұйым болып танылды.
“Жастар жылы” аясында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысқандардың қатары 1,3 есеге артты. Егер 2018 жылы ауылдарда жұмыс істеуге тілек білдірген 352 маман арнайы көтермеақыға ие болса, былтыр олардың саны 472-ге жеткен. Елді мекендерде еңбек етуге ниет еткендер қатарының көбейгендігі соншалық, оларға көтермеақы төлеу ісі биыл да жалғасатын болады. 214 жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әрқайсысына бюджеттен 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, биыл кезекте тұрған 150-ден астам маман да өздеріне тиесілі көтермеақыны алады. Бұдан басқа, 472 маманға аудандар бюджетінен 98,7 млн. теңге көтермеақы төленді.
Келесі жылы бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі 62 пайызға артпақ (1,2 млрд. теңге), бұл ауылдағы кадр тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің кубогы жолындағы халықаралық көңілді және тапқырлар ойындары, “Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы” республикалық дебаты, “Jer. Jiger. Jastar” жас депутаттар және “I-Vent” инновациялық форумдары және тағы да басқа ірі көлемдегі шаралар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы осындай маңызды шаралардың жалғасы ретінде биылғы жылды “Волонтер жылы” деп жариялады. Өңірімізде 2018 жылдың сәуір айынан бастап Волонтерлар клубы жұмыс істейді. Оның құрамына 250-ден астам студент пен жұмыс істейтін және NEET санатындағы жастар кіреді.
Бүгінде волонтерлар республикалық, облыстық және халықаралық шараларға белсенді түрде қатысып, түрлі ұйымдармен ынтымақтастық орнатуда белсенділік танытып отыр.
Былтырғы жылдың қараша айында волонтерлардың “Ашық жүрек” облыстық форумы өтті. Онда біз ең белсенді еріктілерімізді марапаттадық.

Облысымызда тұңғыш рет “Волонтер дәрігерлер” қанатқақты жобасы жүзеге асты. Білікті мамандармен жұмыс істеп, түрлі тренингтерде тәжірибе жинақтаған волонтерлар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Биыл волонтерлар қызметі жеті бағыт бойынша ұйымдастырылады. Олар қиын жағдайларға тап болған балаларға қатысты тәлімгерлікке, еріктілерді денсаулық сақтау саласына және қоршаған ортаны қорғауға, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға, қарттар үйінде жұмыс істеуге, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, ағылшын тіліне оқыту, компьютерлік және құқықтық сауаттылыққа, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру жобаларына қатысты болмақ.
Өңірімізде “Волонтер жылын” өткізуге орай Жол картасын құру жұмыстары жүргізілуде.

“Ашық әкімдік”

Көкейкесті мәселелерді шешу мақсатында өткізілетін барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері тұрғындармен байланыс орнату және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асырар алаң болып табылады. 2019 жылы 41 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол жөндеу, сумен қамту және жерге қатысты болды.
Тұрғындардың мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара тығыз байланыс орнатуы үшін аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің, басқарма басшыларының ресми сайттарында “Әкім блогы”, “Басқарма басшысының блогы” және “Қоғамдық қабылдау” бөлімдері жұмыс істеп тұр.
Бірінші басшылардың блогы – бұл азаматтарға цифрлық кеңістікте мемлекетпен диалог орнату үшін жасалған мүмкіндік. Блог-тұғырнамаға 2019 жылы 279 өтініш түсті. Оның ішінде 120-сы құқықтық тәртіп, аумақты абаттандыру бойынша – 4, ТКШ жөнінде – 62, басқа мәселелерге қатысты 93 (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік мәселелер, құрылыс) өтініш болды.
Азаматтарды толғандыратын мәселелердің шешімін есепке алу үшін “Халықтық бақылау” және “Блог-тұғырнама” айдарлары ашылды.
2019 жылы “Халықтық бақылауға” 163 өтініш түсті. Оның ішінде 18 өтініш жол жөндеу, 59-ы аумақтарды абаттандыру бойынша, 19-ы ТКШ мәселелері, 67-сі басқа проблемаға қатысты болды (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік мәселелер, құқықтық тәртіп). Барлық мәселелер белгіленген мерзім ішінде қаралды.
Солтүстік Қазақстан облысында “Ашық есік күнін” өткізу тәжірибеге енгізілді. “Ашық есік күні” аясында өз басым 6 жеке қабылдау өткізіп (2017 жылғы 27 қараша, 2018 жылғы 20 маусым, 2018 жылғы 20 желтоқсан, 2019 жылғы 18 мамыр, 2019 жылғы 13 қыркүйек, 2019 жылғы 21 қараша), 1123 азаматтың өтінішін тыңдадым. Аудан және Петропавл қаласының әкімдері 678 азаматты қабылдады.
Бірінші басшылар “Instagram”, “Facebook” әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында облыс тұрғындарынан түскен сауалдарға жауап береді.
Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығы – біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы. Біз бірнеше жобаны іске қостық. Қазір өңірде 7 ашық әкімдік, блог-тұғырнама, халықтық бақылау жұмыс істейді. Әкімдік отырыстарынан онлайн көрсетілім жүргізіледі. “Ашық бюджет” жұмысының арқасында азаматтарымыз бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын және қандай жұмыс атқарылатынын бақылай алады.
“IKomek-109” жедел әрекет ету қызметі ашылып, тұрғындар сол арқылы өз өтініштерін айта алады. Бұл бағытта “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық-кеңсесі жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын да айта кеткен жөн.

Петропавл қаласын дамыту

Облыс орталығы – өңіріміздің келбеті саналады. Оны заманауи, көрікті әрі жайлы ету – бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі.
2019 жылы Петропавлда 153,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 39,7 млрд. теңгені құрады.
5 көппәтерлі және 12 бірпәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 442 пәтерлік төрт жалдамалы тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 100 пәтер тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына беріледі.
“7-20-25” бағдарламасы аясында 4,4 млрд. теңгеге 400-ден астам пәтер сатылды.
Ал жаңа “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша 162 отбасы баспаналы болды. Олардың арасында көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар.
“Жас өркен” шағынауданында 4 көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Ондағы 18 қабатты екі үйдің құрылысы биыл аяқталмақ.
Аумағы 78,7 мың шаршы метр, құны 10 миллиард теңгені құрайтын 1117 пәтері бар 10 көппәтерлі тұрғын үйдің және 116 жеке баспананың құрылысы жүргізілуде.
Біздің мақсатымыз – облыс орталығын жинақы ету. Ол үшін заманауи ғимараттар мен көппәтерлі үйлерді тұрғызу қажет. Бұл шағын-аудандардағы инфрақұрылымды тарту үшін кеткен шығындарды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Осы мақсатта Уәлиханов көшесі бойындағы, Ойқала, “Копай” шағынаудандарындағы 467 үйді сүріп, 54,8 гектар жерді жаңа құрылыс үшін босату жоспарланып отыр. Жоба 2021 жылы жүзеге асырылмақ. “Шығыс” және “Копай” шағынаудандарын салу және дамыту да жоспарда бар.
“Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылуда. Бұл мақсатқа 3 млрд. теңге бөлінді. 2020 жылы аумағы 89 мың шаршы метр, құны 12 млрд. теңге болатын 1259 пәтері бар 12 көппәтерлі және 40 жеке үйдің құрылысы жоспарлануда.
Кәріз жүйесіне қатысты мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 344,5 млн. теңгенің қаржысы бөлінді. Кәріз құрылысы жөніндегі жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын таппақ.
“Жас өркен” шағынауданындағы 900 орындық мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Тағы бір мектептің құрылысы басталды.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы темір жол вокзалын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. Үшжылдық жобаның құны 3 млрд. теңге. Вокзал ғимаратында 2 жеделсаты мен эскалатор орнатылады.
Қаланың вокзал маңы алаңын қайта қалпына келтіру жұмыстарына 100 миллион теңге қарастырылған. Мұнда ағаштар отырғызылып, жаңа гүлзарлар салынбақ, ескі павильондар сүріліп, аялдамалар вокзалға жақын орнатылатын болады.
2020 жылы жаңа қазақ театрының құрылысы аяқталады. Театр аумағын абаттандыру жұмысына да бюджет қаржысы бөлінді.
Петропавл қаласын абаттандыруға және дамытуға 1,2 млрд. теңге бөлінбек. Қала көшелерін көгалдандыру – ағаштар мен гүлдер егу жұмыстары жалғасады.
Ботаникалық бақтың да жаңа тынысы ашылмақ. Жобада ғимаратты, шағын сәулет ескерткіштерін, тоғанды қайта қалпына келтіру қарастырылған. Бұл мақсатқа 203 млн. теңге бөлінді.
Жалпы 2020 жылға арналған облыс орталығының бюджеті 44,7 миллиард. теңге болып бекітілді.

Қоғамдық қауіпсіздік

Облыс аумағында криминогендік жағдай тұрақты. Қылмыс санының азаю үрдісі сақталуда. 2019 жылы облыс аумағында 6382 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Қылмыс деңгейі 7,4 пайызға төмендеді (507 фактіге азайды).
Соңғы бірнеше жылдан бері кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс және оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер азайды.
Алдын алу мәніндегі шаралардың нәтижесінде кісі өлтіру (5,9 пайыз), бопсалау (14,3 пайыз), қарақшылық (35 пайыз), тонау (7,3 пайыз) және бұзақылық (3,9 пайыз) қылмыстары азайды.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен шаралардың нәтижесінде өңірімізде есірткіге тәуелді тұлғалардың саны 13,2 пайызға (756-дан 656-ға) төмендеді, сондай-ақ, синтетикалық есірткіні шамадан тыс қабылдау фактісі де 44 пайызға азайды (134-тен 74 фактіге).
Жалпы қылмысты ашу деңгейі жақсарып, 71,4 пайызды құрады (70,1 пайыз).
Облыс жолдарында тұтастай алғанда жағдай тұрақты. Жол қозғалысы ережесін сақтамаған 72 мыңнан астам заңбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны екі есе азайды (55-тен 30-ға дейін).
* * *
Солтүстік Қазақстан облысының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындысы осындай.
2020 жылға одан да маңызды және жауапты міндеттер қойылды. Премьер-Министр мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімі арасында 2020 жылы негізгі мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес жалпы өңірлік өнім өсімі 4,3 пайыз деңгейінде болады деп келісілді.
Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін экономиканың негізгі салалары саналатын ауыл шаруашылығында – 4 пайыз, өнеркәсіпте – 7 пайыз, құрылыста – 8 пайыз, көтерме-бөлшек саудада – 5,5 пайыз (көлік және қоймалау – 3 пайыз, ақпарат және байланыс – 2 пайыз, жылжымалы мүліктік және операциялар – 3 пайыз) өсімді қамтамасыз ету қажет.
Премьер-Министр мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімі арасындағы 2020 жылғы негізгі капиталға құны 307 млрд. теңгені құрайтын (физикалық индекс көлемі – 127,1 пайыз) инвестиция тарту жөніндегі меморандум жобасы әзірленді.
Белгіленген жоспарларды жүзеге асыру облыс экономикасы өсімінің оң серпінін сақтауға және солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp