Айыртау ауданындағы Константиновка елді мекені тұрғындарының көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. 2016 жылға дейін инвесторлар жиі ауысып, жалақы кешіктіріліп, жұмысшылар қысқартылып келсе, “Константиновка – 2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестор “Каззернопродукт” фирмасының құрамына кіргелі жағдай түзелді.
Қазіргі таңда механизаторлар көктемгі егіс алдындағы агротехникалық шараларды толық атқарып болды. Енді олар жасымық егуді аяқтап, дәнді дақылдарды себуге кірісіпті. Серіктестік биыл 13235 гектар егістік алқаптың 7700 гектарына бидайдың “Ақмола”, “Астана” сұрыптарын сіңірсе, үш мың гектарға арпа сеппекші.
Бүгіндері “Константиновка – 2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі екі жүзге жуық адамның жартысы дала жұмыстарына тартылған. Серіктестікте он – “К-700” тракторы, екі “Бюллер-Морис” егіс кешені бар. Егістіктегі барлық жұмысшылар түскі және кешкі аспен қамтамасыз етілген, тамақ құнының жетпіс пайызын серіктестік төлейді.
Агрофирманың басшысы Игорь Захаров – шаруашылығын әртараптандыруға бағыт алған кәсіпкерлердің бірі. Ол асылтұқымды қара мал өсіріп, омарташылықпен де айналысуда.
Әйгерім ОМАРОВА.
Айыртау ауданы.