«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ШЕШІМІ НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ?

Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Ал сот орындаушылары күнделікті қызметінде көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін сот орындау­шысы заңнама­да көрсетілген мерзімде орындай ал­майды. Бүгінгі күні сот шешім­дерінің орындалмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Сот шешімі шық­қанмен, ол орын­далмайынша азамат­тың немесе заңды тұлғаның құ­қықтары қал­пына келтірілді, әділ­дік орнатылды деп айта алмаймыз. Сот актілерінің уақ­тылы әрі сапалы орын­далуына борышкерлердің төлеу мүмкін­дік­терінің төмендігі мен мүлік­терінің, тұрақты жұ­мыс орындарының бол­мауы кедергі келтіреді. Сонымен қатар сот­талған борышкерлерден өндіру де қиын­дық ту­ғызып жатады. Себебі, соттал­ғандар көп жағдайда жазасын өтеу орын­да­рында жұмысқа орналас­паған­дықтан, тиісінше төлеу мүмкін­діктері бол­майды. Тіпті, бостандыққа шық­қанның өзінде олардың көбі бірден еңбекке араласып, табыс таба алмайтындары белгілі.

Облыстық әділет департаментінің мәліметіне сәйкес, былтыр облыста жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 11631 атқарушылық құжа­т болса, олардың бүгінгі күні 7823-і аяқталып, жалпы құны 5 млрд. теңге өндіріліп алынған. Соның ішінде жалақы бойынша қарызды өндіруге қатысты 17,1 млн. теңгені құрайтын 104 құжаттың барлығы аяқталды.

Алимент өндіруге қатысты статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, өткен жылы 4024 құжаттың 1606-сы аяқталып, толық көлемде 186-сы орындалған. Келесі жылға қалған 2418 құжаттың 183-і проблемалық алимент өндірісіне қатысты. Соның 102-сі бойынша алимент мүлдем төленбесе, 81-інде борышкер қарызын үш айдан астам уақыт өтемеген. Есепті кезеңде сот орындаушылары 226 азаматты алимент бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 68 құжат сотқа жіберілді.

Сот шешімдерінің орындалу сапасын жақсарту мақсатында 2011 жылдан бастап алғашқы жеке сот орындаушылары өз жұмысын бастаған болатын. Жеке сот орындау­шы­сының мемлекеттік сот орын­даушысы­нан артықшылы­ғы − өн­дірілген соманың белгілі бір бөлігі өзіне тиесілі болатын­дықтан, атқару құжатын сапалы әрі жылдам орын­дауға мүдделі. Облыстық әділет департаменті жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айжан Бимақанованың айтуынша, 2017 жылдың соңында облыста 53 жеке сот орындаушысы болды. Оның 33-і – Петропавл қаласында, қалған 20-сы аудандарда жұмыс істейді. Өткен жылы оларға 56 млрд. теңгеден астам тұратын 46870 құжат түсіп, жалпы 106 млрд. теңгенің 84346 құжаты орындалуға тиіс болатын. Есепті кезеңде осы құжаттардың 57 пайызы, нақтылап айтсақ, 48 млрд. теңгені құрайтын 48275 құжат орындалған. Аталмыш жұмыстарды жеделдетіп, сапасын жақсарту мақсатында жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен, басқа да мемлекеттік органдармен түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге де барады. Мәселен, алименттік төлемдер­дің көле­мін азайту мақсатында жалақысы тура­лы жалған анықтама көрсетіп немесе атындағы бар дүние-мүлкін өзгелердің аттарына жаздыратын көрінеді.

Борышкерлердің қарызын уақытында әрі толық өтеуі үшін оларды жұмысқа орналастырудың маңызы зор. Облыстық әділет департаменті бұл мәселе бойынша жұмыспен қамту орталығымен, прокуратура және тағы басқа органдармен бірлескен шаралар жүргізу нәтижесінде былтыр 317 борышкерді еңбекпен қамтыды. Мәселен, мамыр айында облыс прокуратурасымен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкені өткізу аясында ай сайын жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері сот орындаушылары берген тізім бойынша борышкер азаматтарды шараға қатысып, жұмысқа орналасуға шақырады. Соның ішінде биыл іздеу жарияланған 93 борышкердің 40-ының мекенжайы анықталды. Сонымен қатар борышкерлерді жұмысқа орналастырудың нәтижесінде проблемалық алименттердің де саны 272-ге кеміп отыр.

Борышкерлердің қарызын түрлі тәсілмен төлету бағытында облыстық әділет департаменті жергілікті полиция қызметімен де бірлесіп рейдтік шаралар жүргізіп тұрады. Мәселен, жол қозғалысы ережесін бұзып, бейнебақылау камералары арқылы айыппұл салынған азаматтардан борышты өндіріп алу мақсатында “Борышкер” жедел-алдын алу шарасы өткізіледі. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспановтың айтуынша, былтыр бұл шара бес рет өткізіліп, нәтижесінде 1733 түбіртектен 15 252 мың теңге өндіріліп алынған.

Ал көші-қон қызметі былтыр борышкерлерді, алимент төлеуден жалтарғандар мен туыстық қатынасын жоғалтқан азаматтарды іздеу жөніндегі акцияны төрт рет ұйымдастырған екен. Нәтижесінде 49 борышкер мен алимент төлемей жүрген 28 азамат анықталыпты.

Облыстық әділет департаментінің мамандары сот шешімдерін орындауға қатысты биылғы бірінші тоқсанға арналған жоспарларымен бөлісті. “Жылдың басында орындалуы тиіс 3808 құжат болса, соның 2418-і алимент өндіріп алуға қатысты. Барлық құжаттардың 1760-ы мерзімді орындалуда. Яғни, олардың еңбекақысынан ұсталып жатыр. Ал 129 атқарушылық құжат борышкерлерді іздеу барысында немесе өндірістік құжаттың сотта жатуына байланысты уақытша тоқтатылған. Биылғы бірінші тоқсанда 847 атқарушылық құжатты немесе жалпы құжаттардың 22 пайызын орындауды жоспарлап отырмыз”, – дейді облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Махаббат Хасанова.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp