«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОФИЯ – ҚЫЗЫЛЖАР АРУЫ

Биыл карантин шараларына байланысты дәстүрлі “Қызылжар аруы – 2020” байқауы онлайн форматта өтті. Сұлулардың арасынан іріктеліп алынған 8 ару төрт кезең бойынша бақ сынасты.

Алғаш рет онлайн ұйымдастырылып отырған сайыста үміткерлер әлеуметтік желі арқылы өз өнерлерін көрсетті. Қыздардың сұлулығы ғана емес, өнері, білімі мен шеберлігі сыналған байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстыру мақсатында қазылар алқасына кәсіби түсірілген фотосуретін жіберсе, екінші кезең сұхбаттасудан тұрды. Ал келесі турда қыздар өлең оқып, өздерін ерекше қырларынан танытып, соңғысында оларға ұлттық киімдермен түскен суреттерінен фотокомпозиция жасау тапсырмасы жүктелді.

Петропавл қалалық Мәдениет үйінің режиссері Анна Солдатованың айтуынша, байқау екі аптаға созылған. Қыздардың өнерін бағалау үшін арнайы таңдалған қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де дауыс берген. Яғни, әлеуметтік желі пайдаланушылары “Қызылжар аруы” атануға лайық деп таныған үміткерге онлайн түрде дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Қорытындысында қазылар алқасы мен көрерменнің ойы бір жерден шығып, София Карпицкая жеңімпаз деп танылды. Облыс орталығындағы №32 мектептің 11-сынып оқушысы София сұлулық байқауына көп дайындалыпты. Осылайша, он алты жастағы ару қаланың ең сұлу қызы атағына ие болды.

Сұлулық байқауының қорытындысы бойынша күміс жүлдеге Ханшабибі Жақсыбай лайық деп танылса, Диана Салихова үшінші орынға ие болды. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен демеушілер тарапынан сыйлықтар табыс етілді.

Жансая ҚАЙЫПОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp