«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҒЫС БІЗДІ АЯҒАН ЖОҚ…

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде мен далада жалаң-аяқ ойын қуып жүрген бала едім. Сондықтан сол кездегі елдегі ахуалды толығымен түйсініп жатпасам да, кейбір көріністерді еміс-еміс көз алдыма елестете аламын. Солдат етігін киюге белін бекем буған әкем Тәжібай 1941 жылы соғысқа аттанып бара жатып, қасына шақырып алды да:

– Балам, сен енді менің орныма үйдің басы боласың. Анаң мен інің өзіңе аманат! Анаңды сыйлап, оған қолқанат бол. Өмірдегі қиындықтың барлығын жеңу үшін жігерлі болуың керек. Жолыңда кезіккен ауыртпалықтарға мойыма, ешкімнен жасқанба! – деп менің маңдайымнан иіскеді.  

Ол кезде бала болсам да оның осы сөздері санамда сақталып қалыпты. Есейе келе ол сөздердің мәнісін терең ұғынып, өзімді әкем сенім артқан ұл ретінде ұстауға тырыстым. Әкем қайтып оралып, шаңырақтың басында отырады деген бала үмітпен ұзақ жылдарды өткіздім. Бұл сарғая күттірген хаттардың қадірі артып тұрған кез болатын. Одан үш жылдан аса хабар-ошар болып тұрғанына біз де қуанып жүріп жаттық. Бір хатында ол соғыса отырып Германияға жеткенін, онда ағасы Қажыбаймен кездескенін айтып, қуанышын білдірді. Оның неміс басқыншыларының ордасы – Берлиннің топырағын таптағанын әлі күнге дейін мақтаныш етемін.

Әкем 1909 жылы туған. Оның бет-бейнесін еске түсірген кезде көз алдыма сақал-шашы сары, жауырынды адам елестейді. Ініміз Жұмағұл екеуімізге әкенің жоқтығын білдірмеуге тырысқан анама да оңай болған жоқ. Соғыс жылдарында күйеулерін майданға аттандырған көптеген әйелдер нәзік те болса, қайсар мінездерімен ерлікке пара-пар әрекеттер жасады.

Ақтас ауылынан 58 азамат соғысқа аттаныпты. Ауылда қалған жұрт таңның атысынан күннің батысына дейін қыр басында, қырман қасында жүріп, аянбай еңбек етті. Олардың маңдай терімен жиналған астық майданға жөнелтілетін. Тылдағылардың тіске басар тамағы болмай, ашығып жүретін кездері жиі болатын. Анам үйге бір уыс бидай әкелсе, біздің ауызымызға тосып, екеуміздің бір тойынғанымызға разы болатын.

Анам Алқатия бойшаң, аққұба жүзді, ақкөңіл жан еді. Аңшылыққа әуестігі бар анамның қолы да шипалы болатын. Сылап-сипап ем-дом жасап, талайға көмегін көрсетті.

Сол жылдары ауылдың шетінде қолдан қазылған бір ғана құдық болатын. Ол құдықтың суы тез таусылатын. Ондағы лай суды тұндырып ішпесең тағы болмайды. Тұрғындар таңғы 4-тен судың кезегіне тұрады. Ұңғымадағы су таусылып қалса, ол жер астынан қайта көтерілгенше орнымыздан былқ етпейміз. Біз үшін ол кездегі қолжетімді тамақ – бір үзім қара нан мен қуырылған бидай және қара су. Анам қыстыгүні аңшылық жасап, құр аулап әкелсе, қуанамыз. Оны аулау да оңай емес. Қардың үстінде жататын құсты ұстап алу үшін тартпалы жәшікті құс жүретін жерге қойып, алдына нан қиқымын шашып, күн ұзаққа соны торуылдайсың. Соғыстың ызғары, балаларын асырау үшін жанталасқан тіршілік анамның денсаулығына әсер етті. Өкпесіне суық тиген анам 1952 жылы қайтыс болды. Ол дүниеден өткенде мен қатты қайғырдым, өйткені әкемнің соңғы аманатын орындай алмадым деп ішкі жан дүнием өртенді. Ендігі өмірімнің сәні де, мәні де інім Жұмағұл болды. Анам қайтқанда, екеуіміз де буыны қатпаған жас едік. Күніміз туған-туыстарға қарап қалған кезде, жағдайымыз тіпті мүшкіл бола түсті. Өз балаларын асырай алмай отырған оларға қандай өкпе білдіресің?! Біреу Жұмағұлды ауыр жұмысқа жұмсаса, оны аяп, өзім баратынмын.

Ақтастан соғысқа кеткен 58 азаматтың 16-сы ғана елге оралды. Әкемнің ағасы Қажыбайды аман-есен көрудің бақыты бұйырды, бірақ әкемнің сол жолғы аманаты соңғы болыпты. Ата-анамыздан айрылғаннан кейін бізге жанашыр болған туыстарым – жездем Марқаш пен Сағиланы, Бәйни жеңгемді сағына еске аламын. Солардың көмегімен ержеттік, солардың таңдауына көніп, үйлендік. Екеуміз де үкіметтің жұмысына 11 жасымыздан араласып, 50 жылға жуық кеңшардың шопаны да, жылқышысы да, механизаторы да, бригадирі де болып еңбек еттік. Мен 1978 жылы “Үздік шопан” атанып, сыйға жеңіл көлік алдым. Әттең, інім Жұмағұл зейнеткерлікке шығып, енді бала-шағасының қызығын көремін дегенде үш-ақ ай зейнеткер атанып, өмірден озды.

Марқаш жездем таңдап әкеліп, қосқан зайыбым Жұпармен бақытты ғұмыр кештім деп айта аламын. Екі ұл мен алты қыз сыйлаған жан жарым өмірден озса да, немере-жиендердің тірлігіне қарап, бүгінде көңілім орнықты. 80 жылдық өмірдің тіршілік түйткілдерін тізбектеп айта берсең, том-том кітап шығары сөзсіз. Алайда, жас күнімде қаншама қиындық көрсем де, қартайғанда өмірдің бар жақсылығын беріп отырған Жаратқанға разымын.

Жұмабек ТӘЖІБАЕВ,

Ақтас ауылының тұрғыны.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp