«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛСА ДА …

Оқу жылы аяқталып, ұстаздар мен оқушылардың жыл бойғы еңбегінің нәтижесін қорытындылайтын сәт те келіп жетті. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде соңғы қоңырауға арналған мерекелік шаралар облыстың барлық мектептерінде 25 мамыр күні сағат 10-да өтеді. Жалпы орта білім туралы аттестаттар 18 маусым күні білім беру ұйымдарында табысталады. 

Үстіміздегі оқу жылында облыс бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарын 4059 түлек бітіреді, оның 2602-сі Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет білдірді. “Алтын белгіден” – 128, үздік аттестаттан 78 үміткеріміз бар. Олар өз білімдерін маусымның 2-сі мен 6-сы аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында дәлелдейтін болады.

“Мектеп – кеме, білім – теңіз” дегендей, білім кемесіне мінген оқушыларымыз биылғы оқу жылын табысты аяқтағалы отыр. Оқушыларымыз республикалық және халықаралық зияткерлік турнирлер мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Сайыстарға қатысушылар облыс қоржынына 10 алтын, 17 күміс және 23 қола медаль салды. Жалпы білім беретін пәндерден Шымкент қаласында өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс оқушылары жалпыкомандалық үшінші орынға ие болды.  

Үстіміздегі оқу жылында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын 5005 түлек бітіреді, оның жартысынан астамы – мемлекеттік тапсырыс аясында оқығандар. Жас мамандар облысымыздың ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылығы, көлік, энергетика, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық, мәдениет және өнер, қызмет көрсету салаларында еңбек етеді деп күтілуде.

Соңғы қоңырау соғылса да, арқаны кеңге салуға болмайды. Мектеп бітіруші түлектердің алдында Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе дәстүрлі емтихандар тапсыру сынақтары тұр.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен облыстық Білім басқармасының “2013-2014 оқу жылын аяқтау және жалпы білім беретін оқу орындарында қорытынды аттестаттау өткізу туралы” бұйрықтарына сәйкес 5-8 (9), 10 (11)-сыныптарда аралық аттестаттау (көшіру емтихандары) 31 мамырға дейін жүргізіледі.

Типтік ережеге сай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген пәндер тізімі бойынша бастауыш, негізгі орта, жалпы орта оқыту бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында оқитындардың ағымдағы үлгерімін бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің формалары мен мерзімін білім беру ұйымдары белгілейді. Барлық оқу пәндері бойынша жылдық бағалары “5” болған 5-8 (9), 10 (11)-сынып оқушылары келесі жылға емтихансыз көшіріледі. Биылғы оқу жылында 9-сыныпты 6846 оқушы тамамдайды. 9 (10) және 12 жылдық білім берудің эксперименттік 10-сынып оқушыларының негізгі орта білім беру курсын қорытынды аттестаттау мамырдың 30-ы мен маусымның 14-і аралығында жүргізіледі. Оқушылар міндетті үш емтихан тапсырады. Олар оқитын тіліне қарай ана тілі мен әдебиетінен және алгебрадан – жазбаша, орыс тілінде оқитындар – қазақ тілінен, қазақ тілінде оқитындар – орыс тілінен ауызша, сондай-ақ, таңдауы бойынша бір пәннен сынақтан өтеді.

Негізгі орта білім туралы куәлікке енгізілетін барлық пәндер бойынша жылдық және қорытынды бағалары “5” болған 9-сынып бітірушілеріне үздік куәлік беріледі.

Мектеп бітірген жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарына түскісі келетіндер, үздік аттестатқа және “Алтын белгіден” үміткер 11-сынып түлектері қорытынды аттестаттауды Ұлттық бірыңғай тестілеу түрінде тапсыруға міндетті.

Оқу бітірген жылы еліміздің жоғары оқу орындарына түспейтін және Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқысы келмейтін 11 (12)-сынып оқушылары қорытынды аттестаттаудан өту үшін міндетті төрт пәннен мемлекеттік бітіру емтиханын тапсырады. Олар оқитын тіліне қарай ана тілі мен әдебиетінен, алгебра және талдау негіздерінен – жазбаша, орыс тілінде оқитындар – қазақ тілінен, қазақ тілінде оқитындар – орыс тілінен және Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. Сонымен қатар, 1 немесе 2 пәнді таңдауы бойынша алады.

Күлпаш ҚАЛҒОЖИНА,

облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp