“Әр бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет”. Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұнның осы сөзі біздің әріптесіміз Болат Нұртазинге қаратыла айтылғандай. Өйткені, Болат Нұрахметұлы – талай ауыл баласын спортқа баулып, шыңдап, жеңіс тұғырына жетелей білген жан.
Болат Нұрахметұлы еңбек жолын Сергеевка қаласындағы қазақ тірек мектебінде дене шынықтыру сабағының мұғалімі болып бастады. Содан бері білім саласындағы 20 жылдай уақыт ішінде өскелең ұрпақ үшін – өнегелі ұстаз, жас мамандар үшін үлгілі тәлімгер болып, жұмысына деген шексіз сүйіспеншілігін іспен дәлелдеп келеді. Оны қазақтың ұлттық спорт түрлерінің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген жерлестеріміздің бірі десем, артық айтпағаным. Болат Нұрахметұлы оқушылардың қазақша күреске деген қызығушылықтарын оята отырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына да үлес қосуда. Оның тәрбиеленушілері бұл еңбегін ақтап, аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстарда өздерін лайықты түрде көрсетіп жүр. Мәселен, Батырхан Қайырбек, Мейірбек Рахимов, Қазбек Саматов – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпиондары, бірі спорт шебері атанса, өзгелері үміткерлер қатарында. Абылайхан Сахабин – белбеу күресінен, ал Диас Борашев дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпиондары. Ержан Әскеров ҚР Ұлттық спорт түрлерінен жасөспірімдер чемпионатында қола жүлдегер атанып, спорт шебері нормативін орындады. Рүстем Әшімов пен Айдос Алтаев та өңіріміздің намысын республика деңгейінде қорғай білген талапты жастар қатарында.
Әріптесіміздің арқасында елді мекеніміздің мақтанышына айналып, күткен үмітімізді ақтаған оқушыларымыздың арасында Нұркелді Телман, Жандос Алтай, Даниял Қаби, Дамир Атамбай, Рауан Бектемір, Мақсат Мырзахметов, Нұрбол Есілбай, Алтынбек Махметов, Ержан Салиманов, Құдайберген Жұмашев, Егіс Жолкенов, Махамбет Айтқожин, Диас Сембин, Мұхит Жанбосынов, Ақжол Жанабергенов сынды ұлдарымыз бар. Олардың қайсысы болмасын – намысты қолдан бермейтін ер жігіттер. Болат Нұрахметұлының бір топ оқушылары тәлімгерлерінің жолын таңдап, ұстаздық етіп жүр. Асылбек Әбдірахманов ауылымыздың спорт кешенінде әдіскер болып жұмыс істесе, Дархан Мауытбаев пен Әділет Тельман жаттықтырушы ұстаз ретінде жастарды тәрбиелеуде.
Біз ауыл жастарының спортқа ден қойып, биіктерге ұмтылуын Болат Нұрахметұлының қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз. Жұмысында уақытпен санасуды білмейтін өнегелі ұстаз облыстық білім басқармасы мен оның аудандық бөлімінің, жергілікті әкімдердің марапаттарына талай рет ие болды. Мұнымен қоса, Білім және ғылым министрлігінің, “Қазақ күресі” әлемдік федерациясының Құрмет грамотасын, Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатын да алды. Меніңше, зейнеткерлік жасқа келген адам өз еңбегіне, өткен-кеткен күндеріне есеп бермей қоймайды. Болат Нұрахметұлы – берекелі шаңырақ иесі, айналасындағылардың бәріне бірдей сыйлы азамат. Оның соңынан ерген шәкірттері мен жолын қуған ізбасарлары бар. Нағыз еразамат үшін мұның бәрі үлкен жетістік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасында: “2025 жылға дейін бұқара халықтың отыз пайызы саламатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қоюына қол жеткізуіміз керек”, – делінген. Ал жуырда жариялаған Жолдауында әрбір мектептің спорт залы ел азаматтарының кішісі мен үлкеніне де бірдей әрі кез келген уақытта пайдасын тигізсін деген нұсқауын берді. Осы айтқанындай, біздің ауыл мектебі болашағы жарқын, дені сау ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысумен келеді. Бұл ретте, әрине, Болат Нұрахметұлының сіңірген еңбегі айрықша.
Жайнагүл ҚАЗБЕКОВА,
Жаңажол орта мектебінің директоры.
Шал ақын ауданы.