Жеңісті Берлинде қарсы алған Қызылжар қаласының тұрғыны Сұлтан Мұхамеджанов халықаралық комендатурада қызмет істеп, 1946 жылы ғана елге оралған. Ол Сталинград, Кривой Рог, Смоленск, Ржев, Николаев қалалары үшін ұрыстарға қатысып, Молдова, Румыния, Болгария, Югославияны азат етушілер қатарында болды. “Бүкіл Еуропаны жаяу аралап өткендердің бірі менмін”, – деп күледі ақсақал.
– 1941 жылы желтоқсанда Ақмола облысының Макинск ауданындағы Қараөзек ауылынан майданға аттанып, Сталинград түбінде 128-ші полктің 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа кірдім. Сталинград шайқасы 1942 жылы 17 шілдеде басталған еді. Онда жаудың беткеұстар 6-шы дала әскерімен шайқастық. 1941 жылы ол вермахттың ең мықты әскері саналып, “астаналар жеңімпазы” атанды. Олар бірінші болып Брюссельге кіріп, 1941 жылдың маусымында солдаттары Париждің көшесінен маршпен өткен болатын. Осындай атағы жер жарған солдаттармен бетпе-бет кездесіп, қиян-кескі ұрыс болды. Тамыз айына дейін Донның оң жағалауында кескілессек, одан кейін фашист әскері бізді сол жағаға ығыстырды. Ол жерде біз жертаса қазып болғанша, неміс әскері қайта шабуылға шықты. Танкілер, ұшақтар оқты қардай боратты. Біз оқтан жасқанып жатпай, шамамыз келгенше қорғанысты ұстадық. Себебі, әр солдат әп-сәтте-ақ оқтан жер құшатынын түсінгенімен, кеңес әскерін – “саптай тізіліп келе жатқан жауды тоқтату керек” деген ой билеген болатын. “Өмір не өлім?” деген сұрақ туындаған кезде Қорғаныс халық комиссары И.Сталиннің №227 бұйрығындағы “Бір адым артқа жылжуға болмайды!” деген сөзі санада жатталып қалған еді. Бұйрықтағы бұл сөзді әр солдат білетін, – дейді ардагер.
Қан судай аққан соғыс даласы да, шегінген сайын фашист әскерінің билеуінде қалған елді мекен тұрғындарының жасқа толы жанарлары да есінде мәңгілікке сайрап жатыр. Алайда, жаудың беті қайтқан кезде фашист әскерін Берлинге дейін тықсыра қуып, санада жатталып қалған манағы көріністерді өшіргендей болған. Үнемі алдыңғы шепте, от пен оқтың ортасында жүрген Сұлтан ата снаряд жарықшағы мен жаудың оғынан төрт рет жараланған. Қарт жарақаттары туралы анықтамаларды мұқият сақтап отыр. Алғаш рет ол 1942 жылғы 18 қыркүйекте Сталинград түбінде жараланыпты. Снаряд жарықшағы бетіне тиіп, есінен танып қалады. Өзіне-өзі келіп, бетінен аққан қанды алақанымен басып, жан-жағына зер салса, екі жақтың да әскері бұл жатқан жерден сәл алыстаған екен. Қансыраған солдатты Саратовтағы госпитальға жібереді.
Екінші жарақатты ол Ржев түбінде сол жақ бұғанасынан алған. Одан кейінгі жарақаты “қызық”: Николаев қаласының түбінде болған соғыста “уралап” жүгіріп келе жатқан оған оқ тиіп, аузынан кіріп, сол құлағының түбінен шығыпты…
– Есімді жисам, бетаузымды қан жуып кеткен екен. Басқа келген ең бірінші ой “Басым батысқа ма, әлде шығысқа қарап жатыр ма?” деген сұрақ еді. Ой деген жүйрік екен-ау. Есімді жиған бір-екі секундтың ішінде соны ойлап үлгердім. Қайта талықсып кеткен болуым керек, есімді жиғанда дала госпиталінде жатыр екенмін, – дейді ардагер.
Төртінші рет ақсақал Белград қаласын азат ету кезінде жараланған, қаңғыған оқ мойнына тиген. Осындай ауыр жарақаттар алса да, ол майдан даласына қайта оралып отырған. Содан да болар, Сұлтан ата соғысты Австрияда аяқтаған. Одақтастардың келісімі бойынша кеңес әскерлері бұл елді 1,5 айда тастап шығуға тиіс еді. Оны Берлиндегі халықаралық комендатураға қызметке жібереді.
– Біз 105-ші шекара полкінің 134-ші шекара отрядында қызмет еттік. Берлинге 1945 жылдың қыркүйек айының аяғында әкелді. Күн жадырап, жанға жайлы жылымық болып тұр екен. Анда-санда еркіндікке жіберіп тұрады, сонда немістің бас қаласын біраз аралап шығамыз. Қираған ғимараттардан, үйінділерден көрінбейтін шаһар күні бүгінгідей көз алдымда, – дейді Сұлтан Мұхамеджанов.
“Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, Сұлтан Мұхамеджанов 1946 жылдың 8 шілдесінде әскерден босаған соң елге оралып, болашақ зайыбы Рашида Шәріпқызымен танысып, отбасын құрады. Құдай қосқан қосағымен 3 бала тәрбиелепөсірді. 45 жыл бойы Қызылжар қаласының қаржы саласының салық жинау бөлімінде жемісті еңбек еткен ол “Даңқ”, “Ұлы Отан соғысы” ордендері, “Германияны жеңгені”, “Будапешті алғаны”, “Белградты алғаны”, “Ерен ерлігі” үшін медальдарымен марапатталған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.