Техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелерінде қызмет ететін сала мамандарының біліктілігін арттыруға арналған өңірлік семинар өтті. Оған бизнес қауымдастықтардың, өндіруші кәсіпорындардың, сынақ зертханаларының өкілдері де қатысты.
Шара халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелері саласындағы Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін жетілдіру және арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл болашақта өнімдер мен қызметтер өндірісін жетілдіруде жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық қажетті құралдарды тәжірибеде дұрыс және тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, семинарда Кеден одағының “Темір жол жылжымалы құрамының қауіпсіздігі туралы”, “Темір жол көлігі инфрақұрылымының қауіпсіздігі туралы”, “Жоғары жылдамдықты темір жол көлігі қауіпсіздігі туралы”, “Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы” техникалық регламенттердің нормалары мен талаптары түсіндірілді.
Жобаның маңыздылығын ескере отырып, дәрісті өнеркәсіптің басым секторларының жетекші сарапшылары, техникалық регламент әзірлеушілер мен бағыт бойынша сарапшы-аудиторлар жүргізді. Шара соңында тыңдаушыларға сертификат табыс етілді.
Азамат КӘРІМОВ,
“Қазақстан стандарттау және
сертификаттау институты”
РМК-ы облыстық филиалының жетекші маманы.