«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Президент 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су секторын реформалау бойынша бірқатар міндеттер қойған болатын. Оның ішінде су ресурстарын, трансшекаралық су көздерін ұтымды пайдалану, су қоймаларын жаңғырту, жаңа нысандар тұрғызу, озық технолоияларды енгізу, еріген қар суын жинақтау, цифрландыру және саланы білікті кадрмен күшейту жайына айрықша басымдық берілді. Мұның өзі елімізді сумен қамтамасыз ету мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі екенін аңғартады. Өйткені климаттың өзгеруі және тіршілік көзіне деген сұраныстың күрт артуы өзен-көлдердің сарқылуына соқтыруы мүмкін.

Жақында Мәжілістің Үкімет сағатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында су шаруашылығы саласын реформалау шаралары талқыланды. Мен өзім аграрлық комитеттің мүшесі ретінде талқылаулардан шет қалған емеспін, өз ойларым мен ұсыныстарымды ортаға салып отырамын. Қызылжар өңіріне қатысты проблемалық жайттарды да назардан тыс қалдырған емеспін.

2023 жылы Мәжіліс Жоғарғы аудиторлық палатаның су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы есебін тыңдап, нәтижесінде саладағы қордаланған проблемалар мен суды ұқыпсыз пайдалану мен дұрыс басқармау олқылықтарының орын алғаны анықталды. Соған орай кемшіліктерден қорытынды шығару және Президент жүктеген міндеттерді орындау бойынша Үкімет қабылдаған тиісті бағдарламалық құжаттар жауапты орындарға жіберілді. Су шаруашылығы саласындағы стратегиялық жоспарлы құжаттардың тізбесіне 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы, 2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары және 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жөніндегі жол картасы енгізілді. Саланы үдемелі дамыту үшін толыққанды заңнамалық және институционалдық базаны қалыптастырудың маңызы айрықша. Осы жағы жете ескеріліп, салалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Су кодексіне қол қойылып, маусым айында күшіне енеді. Сөйтіп, айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізіліп, су тапшылығын азайту бағытында ілгерілеу байқалатын болады. Кодекс су ресурстарын қорғауға, халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз етуге, су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге бағытталған. Су қатынастарын реттеудің жаңа тәсілдері енгізіле бастайды. Бассейндік инспекциялардың өкілеттіктері кеңейтіліп, қадағалау функциясы берілді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша бүгінгі күні 6 мың шақырымнан астам 1485 ирригациялық канал қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде биыл шамамен 200 мың гектарды қамтитын 1 мың шақырымға жуық 275 каналды пайдалануға беру белгіленген. Сыйымдылығы 245 млн. текше метрді құрайтын Ақтөбе су қоймасы, 120 мың гектар алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып, іске қосылды. Бұдан бөлек, тағы алты өңірде 8 су нысанының құрылысы аяқталды. Олар 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Жыл соңына дейін 180 млн. текше метр көлемінде тасқын және еріген суды қосымша жинауға мүмкіндік беретін су қоймалары тұрғызылмақ.

Кезек күттірмес мәселенің бірі – су шаруашылығы жүйесін басқарудағы бірқатар шығындар мен олқылықтардың орнын толтыру. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығында су шығыны 60 пайызға дейін жетеді, көрші Ресейде бұл көрсеткіш екі есе аз. Мұның негізгі себептері – суару инфрақұрылымының тозуы және суарудың технологиялық ескірген әдістерін қолдану. Бүгінгі таңда 14 мың шақырымнан астам суару каналдарының, яғни үштен бірі жаңғыртуды қажет етеді. 2024 жылы 5,5 пайызы ғана жөнделді, биыл бұл көрсеткішті 7 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонда да суару жүйелерін жаңарту қарқыны күткендегіден төмен.

Саладағы толғақты мәселелердің бірі – суды заңсыз пайдалану. Кейбір аймақтарда 40 пайызға дейін жетеді. Осыған байланысты депутаттар суды заңсыз алуды болдырмау басқа әдістермен қатар ғарыштық мониторингті енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдауды ұсынды. Өңірлерде суды есепке алудың цифрлық технологияларын қолдану жайы өткір тұр. Сондай-ақ саланы гидролог, гидрогеолог, инженер-гидротехник сияқты кадрлармен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Халық қалаулылары гидрогеологиялық мониторингтің мемлекеттік желісін қалпына келтіру, табиғи жолмен суарылатын жерлерді айналымға енгізу арқылы суармалы алқаптарды ұлғайту, «Қазсушар» РМК өндірістік мамандарының жалақысын арттыру қажеттілігіне тоқталды. Жерасты суларын басқару жүйесінде мемлекеттік мониторингті күшейту, шаруашылықтарды ауызсумен жабдықтау жолдары айтылды. Бүгінгі таңда шағын өзендерді өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы нысандарының ластануынан қорғау, Балқаш көлін сақтау, Солтүстік Қазақстан облысындағы нақты су тасқыны жағдайы мен болжамдардың сәйкес келмеуі, халықтың өсуі мен өңірлердегі инфрақұрылым мен су ресурстарының тапшылығын қалпына келтіру, сарқынды суларды қайта пайдалану әлі де өзекті.

Солтүстік Қазақстанда да ауызсу өткір мәселе саналады. Тіршілік нәрімен жабдықтаудың негізгі көзі Есіл өзені болғандықтан, суды үнемді жұмсаудың жалпыұлттық мәдениетін қалыптастырудың мәні айрықша. Қазақстандықтар дамыған елдерге қарағанда суды он есе көп тұтынады, яғни ысырап ету жөнінен алдыңғы орында деген сөз. Сондықтан су пайдаланушылар мен фермерлер арасында Су кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру артықтық етпейді. Біздің өңірді қосқанда, алты облыста 2 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауыз- сумен қамтамасыз етуге арналған 8 су нысаны пайдалануға берілді. Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Жобаның құны 6,7 млрд. теңгені құрайды, өкінішке қарай, 1,53 млрд. теңге ғана игерілді. 14 ауыл әлі күнге дейін толық сумен қамтамасыз етілмеген, адамдар ондаған жылдар бойы тіршілік нәрін сарғая күтіп отыр. Қызылжар ауданына қарасты Архангельск, Пенково, Кустовое, Красноярка, Желяково ауылдарына жұмыс аяқталды. 12 ауылдық елді мекенге құбыр тарту үшін 3,3 млрд. теңге бағытталды. Бұл ретте бөлінген қаражатты тиімді игеру және жобаны іске асыру мерзімдерін кешіктірмеу қажет.

Тамшылатып суару – егіншілік үшін өте тиімді. Топырақ, ауа, су құрамының ластануын, экологиялық қауіпті-лікті барынша азайтып, мол өнімге негіз қалайды, сапасы да жақсарады. Оған бағытталған қаражаттың еселеп қайтары анық.

Еркебұлан МӘМБЕТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp