Ермекбай ҚОЖАХМЕТОВ,
СҚО Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
департаменті бастығының орынбасары.
Елбасы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және жүзеге асыру маңызды міндет екенін атап айтқан болатын.
Елбасының тапсырмасына сәйкес Қаржы полициясы органдары жекеменшік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын әзірлеу бойынша жұмысты бастады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228, 231 және 232-баптарын сыбайлас жемқорлық санатына жатқызудың мақсатқа сәйкестігі туралы мәселе де зерттелуде. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жекеменшік сектордағы сыбайлас жемқорлық – жекеменшік ұйымдардағы “лауазымды тұлғалардың” ұйымның өзінің мүддесіне қайшы әрекеттерге барып, ондағы мүлікті немесе қаражатты жеке басының пайдасына жұмсайтын заңға қайшы әрекеттері.
Жекелеген сарапшылар бұл саладағы жемқорлықты мемлекеттік деңгейдегімен салыстыруға болатынын айтады. Себебі, жекеменшік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың ауқымы жыл сайын өсуде.
Бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірген ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков: “Жалпы отандық кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін қабылдамау туралы баршаға ортақ бәтуаластыққа келмей, кәсіпкерлік қызметте табысқа жету мүмкін еместігін түсінулері керек. Сондай-ақ олардың өздері мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекеттесу, сонымен қатар ұжымдық қарым-қатынастарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қағидаларын енгізуге ұмтылулары қажет”, – деген болатын.
Жекеменшік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын қалыптастыру жұмысын өңірдің қоғамдық ұйымдарымен және кәсіпкерлік қауымдастықтарымен тығыз байланыста жүзеге асыру жоспарланып отыр. Облыстық Қаржы полициясы департаментінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес жұмысының аясында аталған бағыттағы істер басталып кетті, бүгінде тиімді шаралар белгілеу бойынша ұсыныстар қалыптастырылуда.
Мәселен, біздің өңірде таяуда Қаржы полициясы департаменті және ірі бизнес құрылымдары мен қауымдастықтарды топтастырған СҚО Кәсіпкерлер палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум міндеттерін жүзеге асыру мақсатында 2014 жылға арналған ортақ іс-әрекет жоспары бекітілетін болады.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің қатысуымен бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясын жасау және қабылдау мәселесін қарау жоспарланған.
Бұл құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды ұжымдық басқаруды тәжірибеге енгізу, заңсыз басымдықтардан бас тарту, сыбайлас жемқорлыққа ақпараттық қарсы тұру, тағы да басқа мәселелер қарастырылмақ.