«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫМБАТТЫЛЫҚ ПЕН СҰЛУЛЫҚ МҮСІНШІСІ

Спорт жаттықтырушысы Гүлнәр Ермекқызының пәтеріне телефон шалдым. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін ол: “Аға, мен облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың спорт залында көркем гимнастикадан балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырамын. Күн сайын күндізгі сағат 4-тен 7-ге дейін сонда боламын. Жұмыстың аяғына дейін келуіңізге болады. Тек қашан келетініңізді айтып, алдын ала ұялы телефонмен хабарлап қойсаңыз болғаны. Сағат кешкі жетіге жақындағанда келсеңіз, тіпті, жақсы”, – деді.

Уәделескен уақытта мектепке келдім. Бұл – менің Гүлнәрді бірінші рет көруім. Ол өз шәкірттеріне тәжірибелі жаттықтырушы, білікті маман ретінде көркем гимнастиканың қыры мен сырын үйретіп жүр екен. Жаттықтырушының айтуына қарағанда, мұнда негізінен аталмыш мектеп-интернаттың және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары көркем гимнастикамен айналысады. Негізгі ғимаратқа жалғастыра салынған жаңа спорт залы 2010 жылғы тамыз айында пайдалануға беріліпті. Міне, содан бері жас жеткіншектердің жаттығатын ең сүйікті орнына айналып отыр.

Мен Гүлнәрдің өзі туралы, соның ішінде гимнастикаға қалай келгені жайында айтқандарын зейін қоя тыңдадым.

– “Әке – балаға сыншы” деп тегін айтылмаған ғой. Менің әкем Ермек Құсайынов бірінші сыныптан бастап көркем гимнастикамен айналысуыма жағдай жасады. Алғаш өзі жетелеп, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің білікті жаттықтырушыларына апарып, жаздырды. Содан кейін оған қатысуымды қадағалап отырды. Ерінбей еңбектеніп, жалықпай жаттығудың және талай-талай дүбірлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз немесе жүлдегер атанудың арқасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ, көркем гимнастикадан спорт шеберіне үміткер нормасын орындадым. Оған, әсіресе, әкемнің қуанышында шек болған жоқ. Сондықтан мен әкемнің көзі тірісінде үміті мен сенімін ақтадым ғой деп ойлаймын.

Кейін орта мектепті бітірген соң көп ойланбастан 1980 жылы Омбы мемлекеттік дене шынықтыру институтының жаттықтырушылық- спорт факультетіне түсуіме де әкем мұрындық болып, ақыл-кеңес берді, қолдау көрсетті, қамқорлық жасады. Аталған жоғары оқу орнына өзі ертіп апарды. Қабылдау емтихандарын тапсырғанда үнемі менің жанымда болды. Орынсыз қобалжып, “түсе алам ба”, деп сарыуайымға салынуыма жол берген жоқ.

Әнеміне дегенше, қызығы мен қуанышы мол студенттік күндер де артта қалып, тез зымырап өте шықты. Сөйтіп, аталған жоғары оқу орнын 1984 жылы ойдағыдай аяқтап, жолдама бойынша туған қалам – Петропавлға келдім, – дейді Гүлнәр.

Ол еңбек жолын облыс орталығындағы спорт мектебінде қатардағы жаттықтырушылықтан бастады. Басында үш жыл бойы Петропавл қаласындағы “Еңбек” балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде көркем гимнастикадан жаттықтырушылық қызмет атқарған жас маман кейін облыс орталығындағы “Металлист” спорт клубында 1995 жылға дейін бапкерлігін одан әрі жалғастырды.

1996 жылғы қаңтар айынан бастап, 2007 жылға дейін Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің атақты конькиші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор В.А.Бондаренко басқаратын дене шынықтыру және туризм кафедрасында оқытушы қызметін атқарып, студенттерге дәріс оқыды және оларды спортқа баулыды. Сонымен бірге, төрт жыл бойы оқытушылық жұмысқа қоса жаттықтырушылықпен де айналысты. Ал бүгінде ол бүтіндей бапкерлік жұмысқа көшті.

Гүлнәрдің жаттықтырушылық жұмыстағы жеңістері мен қол жеткізген жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, оның Диана Әлжанова мен Светлана Седенкова сынды шәкірттері ұстазының сенімін ақтап, көркем гимнастикадан спорт шеберлері атанды. Екеуі де 2007 жылдан бері – Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшелері. Олар 2007 жылы қыркүйек айында көркем гимнастикадан Грекияда өткен ХХVIII әлем чемпионатына қатысты. Сондай-ақ, осы гимнасшы қыздар биыл көркем гимнастикадан Израильде, Грекияда, Жапонияда және Ресейдің Нижний-Новгород, Мәскеу қалаларында өткен халықаралық турнирлерге де қатысып, шеберліктерін сынады. Сонымен бірге, жаттықтырушы көркем гимнастикадан спорт шебері атанған Анжелика Рощепкина, Полина Кудрина және Тамара Бурлакова сияқты шәкірттерін де мақтан тұтады.

– Шәкірттерге дәріс беріп, балғын спортшыларды баулуда өзімнің Омбы мемлекеттік дене шынықтыру институтының жаттықтырушылық факультетінде оқығаным көп көмектесті, – дейді Гүлнәр сөз арасында студенттік кездерін есіне алып. – Әсіресе, осы институттың көркем гимнастика кафедрасының аға оқытушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лариса Лебедеваның өзі неге тұрады! Бірегей бапкер, білікті маман, ұлағатты ұстаздың дәрісін тыңдап, бай тәжірибесін үйренудің өзі бір мектеп десем, артық айтқандық емес…

“Шеше көрген тон пішер” дегендей, Гүлнәрдің 1988 жылы туған тұңғыш қызы Сәбина да алғашында ана жолын қуып, төртінші сыныпқа дейін көркем гимнастикамен айналысты. Ал кейін баскетболмен шұғылданып, бірінші разрядтың нормасын орындады. Қазір Сәбина облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің экономика факультетін ойдағыдай аяқтап, өз мамандығы бойынша қызмет атқаруда.

Әскер ӘБІЛҚАЙЫР,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp