«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫН ЖОЛДАРДАН СҮРІНБЕЙ ӨТТІК

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Өмір өткелдері” кітабы жарық көрді. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі – өзгеше, өнегелі өмір. Кітапта журна­лист Сауытбек Абдрахмановқа өзінің өмірі жайында әңгімелей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев заман, қоғам, адам туралы терең толғанады. Елбасының сұхбат кітабын ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз. Осы орайда кітапты оқыған бірқатар азаматтар өз ойларын білдірді.

Менің ойымша, “Өмір өткелдері” кітабын оқыған адам мол мағлұмат, зор тағылым алады. Осы күнге дейін еліміздің қалыптасу жолын тарихтың қасаң тілімен танып келсек, сұхбат-кітапты оқи отыра барлығына басқа қырынан қарауға, тануға болады. Кеңес өкіметі кезіндегі саяси қателіктер мен еліміздің тәуелсіздік алған жылдары туындаған қиыншылықтар, мемлекеттік мүддені қорғай отыра, көршілерімізбен достық қарым-қатынас орнату ауызбен айтуға ғана жеңіл. Ал іс жүзінде оның ауыртпашылығы қандай екенін білдей бір елге жауапты Президентіміз ғана біледі. “Өмір өткелдері” кітабын оқып отырып, осыған көз жеткіздім. Елбасы бір сұхбатында: “Еліміздің басты жетістігі – бейбітшілік пен келісім. Ал оны біздің халықаралық беделіміз де қамтамасыз етіп отыр. Халықаралық бедел деген нәрсе салиқалы сыртқы сая­сат пен дәйекті ішкі дамудың жарасымды қосылуынан шығады. Ішкі саясаты жараспаған елдің сыртқы саяса­ты да табысты бола алмайды. Еліңнің ішінде тыныштық, тұрақтылық, татулық болса, еліңнің сыртында да жүзің жарқын жүреді, айтқан сөзің өтеді. Қазақстанның халықаралық қызметіне біз, ең алдымен, елімізді дамытудың сеп­тегіші ретінде қараймыз. Ол жұмысымыз аз жылдың ая­сында нақты нәтижесін берді. Бізді дүйім дүние таныды. Бізді әлем құрметтейді. Өйткені, біз экономикасы күшті, халықаралық қоғамдастықтағы ұстанымы берік аймақтық держава құрдық. Сондықтан да бізбен әлем санасады. Кей мәселелерде жанжалдарды реттеуге ара ағайын етіп шақырып та жатады. Мысалы, 2010 жылы Қырғызстандағы саяси дағдарысты еңсеруге Қазақстан тікелей атсалысты”, – деді. Көзі ашық, көкірегі ояу адамға осы сөздің өзі қаншама ой тастайды. Кез келгенге қарай бермейтін Батыс пен саясатын сабырлы жүргізетін Шығыс елдері еңсесін жаңа тіктеген Қазақстанға бірден құрмет көрсетпегені анық. Бірде жалына қол тигізбейтін асау, ал кейде қолыңнан тамақтанатын қозыдай жуас болып мың құбылатын саясаттың тілін түсінген Президентіміздің арқасында әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземіз теңелді. Аталмыш кітапта осының барлығы ашық әрі жан-жақты жазылған.  

Раушан ИСМАИЛОВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp