Петропавл қаласындағы кәсіптік-техникалық лицейде дәнекерлеуші мамандығы бойынша кәсіп алған Ерсайын Сайдалин осыдан 11 жыл бұрын “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да еңбек жолын бастаған. Ол студент бола жүріп, тәжірибе жинақтау курсын аталмыш кәсіпорында өткізген кезде оның әкімшілігі болашақ маманның еңбекке икемділігін танып, өзіне жұмысқа шақырады. Бүгінде Ерсайын Нұрымжанұлы – зауыттың алдыңғы қатардағы газэлектрдәнекерлеушілерінің бірі.
Жас маман озат еңбеккерлер тақтасының жұлдызы болсадағы, үйренуге, ізденуге талпынысы мол ол бәсекелестік ортаның болғанын ұнатады. Сондықтан зауыттың дәстүрлі “Шеберлік” байқауына қатысып, өзінің біліктілігін көрсету әрі әріптестерімен тәжірибе бөлісу кәсіби талабы іспетті.
– Байқауға қатысу жеңіске жетіп, сыйлық алуды ғана көздемейді. Осындай сайыстарда әріптестеріңнің алдында жақсы маман екеніңді таныту – мен үшін мақтаныш. Өмірдің өзі – күрес. Сондықтан осындай байқаулар көңіліңді сергітіп, еңбекке ұмтылдырады. Жалпы менде бұл жұмысты таңдағаным үшін өкініш болған жоқ. Бүгінде ай сайын отбасыма жүз мың теңгенің үстінде табыс әкелемін. Тамыр-таныстарымның зат-бұйымдарын дәнекерлеп, жөндеп беріп, ризашылықтарын аламын. Одан артық ер жігітке не керек?! – дейді Ерсайын Сайдалин.
Ерсайын Нұрымжанұлы сегізжылдық мектепті бітірген соң заңгерлік мамандықты қалапты. Сол бағыт бойынша техникумды бітірген. Бірақ мамандыққа көңілін жақындата алмаған жігіт, оның үстіне жұмыстың да ыңғайы келмеген соң дипломын сандықтың түбіне тастайды. Қайтадан кәсіптік білім алуға ақыл берген нағашы ағасының сөзін тыңдап, дәнекерлеуші мамандығын игеруді ұйғарады. Ауылда өскен жігіт дәнекерлеушінің бұрыннан үлкен сұранысқа ие екендігін білетін. Ал бүгінде бұл мамандықтың қыр-сырына қаныққан ол тамыр-таныстарын, інілерін соңынан ертуге дайын. Сондай-ақ, зауытта жасалатын кез келген тетік толықтай дайын болып шыққанша бірнеше еңбеккердің қолынан өтеді. Егер өнім сапасыз болып, тексерістен өтпей жатса, ұжымдық жұмыстың зая кеткені. Сондықтан әр тетікті сызбадағыдай етіп, дәлме-дәл шығаруға дәнекерлеуші де үлкен еңбек сіңіре отырып, біліктілік қолтаңбасын қалдыруға тиіс.
– Зауыттағы еңбек оңай емес, бірақ сүйіспеншілікпен істесең, ауыр жұмыстың өзі жеңілдейді. Сондай-ақ, біздің кәсіпорында қажетті мамандықтарға баулу жағы жақсы жолға қойылған. Денсаулығың дәнекерлеушілікке келмесе, басқа мамандықты үйреніп, оңай ауыса аласың. Жауапкершілік болған жерде еңбек те ескерусіз қалмайды, – дейді.
Облыс орталығының қасындағы Березовка елді мекенінен зауытқа қатынап жұмыс істейтін ол өз кәсібіне разы. Ерсайын Нұрымжанұлы осы кәсібінің арқасында бір ұл мен үш қызды жұрт қатарлы өсіруге мүмкіндік алып отырғанын ризашылықпен айтады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.