«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТТЕЙ ҰЙЫП, СҮЙІНДІРГЕН АҚЖАР

Қызылжар өңірінің алыс аудандарының бірі – Ақжардың тұрғындары бүгінде татулық пен бірлікті ту етіп, сүттей ұйып отыр. “Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мегажобасы аясында аталмыш аудан орталығы – Талшық ауылында болып, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” басындағы әңгімеге қатысқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері осындай ортақ ұйғарымға келді.

“Дөңгелек үстелді” жүргізген аудан әкімінің орынбасары Ғалымтай Айтмұхаметов ақжарлықтар Елбасы “Қазақстан – 2050″ Стратегиясында алға қойған айбынды міндеттерді жүзеге асыру жолында ынтымақтаса еңбек етіп жүргендігін, олар еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімді айрықша қастер тұтатындығын айтты.  

Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов Елбасының қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған саясаты және келесі жылы аталып өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына дайындық барысы туралы баяндады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман Елбасының жуырда Ұлытауда республикалық “Хабар” телеарнасы тілшісіне берген сұхбатында көтерілген тіл мен ел тағдырына байланысты көкейкесті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ділбар Бегалина жоғары оқу орнында ашылған “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы туралы мағлұмат беріп, ақжарлықтарды бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.

“Коперник” поляк орталығы төрағасының орынбасары Валентина Корнева өздері өткізіп жүрген мәдени шараларға белсене атсалысқан ақжарлық мұғалім, биші Әсем Тынышбаеваға ерекше риза екендіктерін айтып, оған үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан аудан басшыларына алғыс білдірді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Гүлайым Нұржауыпова ақжарлық үкіметтік емес ұйымдардың 5 әлеуметтік жобаға атсалысып, тиісті мемлекеттік тапсырыспен белсене жұмыс істегендігін өзгелерге үлгі ете атап өтті. Осы орайда “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дина Әбілмәжінова жергілікті этномәдени бірлестіктерді алдағы кезде де бірлесе қызмет етуге үндеді.

Облыстық ассамблея мүшелерін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айтып берді.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp