«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СҰР” СЕРТИФИКАТ САПАҒА КЕПІЛ ЕМЕС

Жемқорлықты жоюды мақсат еткен техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаментінің қызметкерлері заңнамалардың талапқа сай орындалуына баса мән береді. Бұл сала әлі де шешімі табылмай жүрген мәселелердің бірі – “сұр” сертификаттар.

Елімізге жеткізілетін импорттық тауарлардың кедендік тексерістен өткізілетіндігі белгілі. Кәсіпкер кеден өкілдеріне тапсыратын құжаттардың ішінен өнімнің сәйкестігін бағалайтын сәйкестік сертификаты мен сәйкестік декларациясы мұқият тексеріледі. Алайда, аккредиттелген сынақ зертханаларында өнімге сынақ және сараптамалық шаралар жүргізілгеннен кейін берілетін бұл құжаттар кәсіпкердің қолына бірнеше айға кешіктіріліп тапсырылуы мүмкін. Өкінішке қарай, өнімнің сәйкестігін растауға кететін уақыты мен шығынын азайту мақсатында заң бұзушылыққа барып, “сұр” сертификатты сатып алатын кәсіпкерлер де кездеседі.

“Сұр” сертификат – өнімді сынақтан өткізбей заңсыз тәсілмен берілген құжат. Жалған құжат өнімнің сапасына, тұтынушылардың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. Қайта, керісінше, адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан өз пайдасын ойлап, “сұр” сертификатты сатып алуға шешім қабылдаған кәсіпкер мемлекет алдында жауап беретінін ескеруі керек.

Сондықтан сатушылардан өнімнің сәйкестік сертификатын немесе сәйкестік декларациясын көрсетуді талап етіңіздер. Құжаттың мерзіміне, қандай өнімге, кімге берілгені туралы ақпаратқа назар аудару қажеттігін ескертеміз. Ұлттық аккредиттеу орталығының www.nca.kz сайтына кіріп, сапасы күмән тудырған өнім сертификатының шынайылығына көз жеткізуге болады.

Департамент мамандары заңсыз әрекеттерімен тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін “сұр” сертификаттармен күрес жүргізуде. Бұл өзекті мәселенің алдын алу бойынша қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесінде өңірімізде “сұр” сертификаттар сатып алу фактісі тіркелген жоқ.

Бейбіт ӘБІЛЕВ,

облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp