«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СӘЛЕММЕН, МӘКЕН…”

Майданнан келген хат
Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына Есіл ауданының Қарағаш ауылынан екі жүзден астам азамат аттанды. Солардың бірі – Сапар қарттың жалғыз ұлы Мәкен туралы сөз қозғамақпын.

1942 жылдың мамыры. Сұра­пыл соғыс елге ауыртпалығын ар­тып, бі­реудің көзінің ағы мен қа­ра­сындай жалғызын жалмаса, ен­ді бі­рінің ер­кек кіндіктілерін түгел алып, қайғы-қасірет шеңгелін са­лып тұр­ған кез болатын. Ауыл тұр­­ғындары хат тасу­шы Шабдар Той­шабекұлы­ның келуін асыға кү­теді. Егер пош­ташы ауыл кең­се­сі­не бұрылса тұрғындар: “Иә, жаса­ған жа­ма­нат­тан сақтай гөр, майдан­дағы жа­уынгерлерге сау­лық бер­гей”, – деп өзді-өзі сөй­лесіп, дүрлігіп қа­латын. Соғысқа аттанған жалғыз ұлы Мәкеннен хат-хабар күтетін­дердің бірі ауы­лымыздағы құр­метті ақсақал Сапар аға бо­латын. Мек­тептен келіп, үй­дің ша­руасымен есік алдына шық­қаным сол еді, көр­ші тұратын қарт:
– Қарағым, бері кел, – деп мені ша­қырды да, қасына отыруымды сұрады. Бұл кісінің домбырашы, әрі әнші екенін білемін. Кешкілікте ауыл ақсақалдарын жинап алып, кө­­ңіл көтерген кездерін де көзім­мен көргенмін. Қараймын қасын­да домбырасы жоқ, қалтасын си­пай береді, саусақтары дір-дір ете­ді. Бір кезде үшбұрыш хатты алып: “Оқы, мынаны, Мәкен ағаң­нан ке­ліп­ті!” – деді. Хатты басы­нан бас­тап оқи жөнелдім. “Аға, (әке­сін осы­лай атайтын) бауы­рым, Айша! Аман­сыздар ма? Хат­тарыңды алып, ел көшіп келген­дей қуанып қал­дым. Ал өздеріңіз қайғылыға жақ болып, қайғысыз­дан сақ бо­лып жүріп жатқан бо­лар­сыздар? Ағайын, ел-жұрт, көр­ші замандас, құрбы-құрдастарым­ның амандық хабарларын естідім. Баршасына дұғай-дұғай сәлем. Аға, кеше мар­құм анам түсіме ен­ді, маған қамшы мен ине беріп жа­тыр екен. Дәм жазса, елге де ба­рармын.
Аға, қаршадайымыздан ана­мыз­­дан айырылып, оның жан жы­луына бөлене алмаған Айша екеу­­мізді қанаттыға қақтырмай, тұм­­сық­тыға шоқыттырмай мәпе­леп өсір­ген еңбегіңізді қайтарар күн туар ма екен?! Сіздің маң­да­йым­нан иіске­ген, домбыра шерт­кізіп, өлең айт­қы­зып шат­танған күндері­ңізді са­ғындым. Ақылды қарында­сым Ай­шаны ойлағанда іш бауы­рым елжі­рей­ді. Осы хатты окопта отырып жаз­дым. Жігіттер­дің бәрі де “сен тұр мен атайын”, жаудан қаймығу де­генді білмейді. Өт­кен күні жау­дың екі танкісін өртеген ақ­молалық Қайыр деген жігіт полк алғысына бөленіп еді, ал бүгін таң алдында оқтың құрба­ны бол­ды. Ол да біреудің жалғызы еді. Шіркін, өмір қандай қысқа, қан­дай өкініш­ті… Менің мына өлім ту­ралы жазға­нымнан қорықпаңыз­дар. Қазақта: “Қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өледі” деген мақалды жү­регіме терең бойла­тып, Алладан медет сұрап жүрген жайым бар. Ал көріскенше күн жақсы. Дәм елден жазып, құшақ­тасар күн болсын!
Жазушы мен Мәкен Сапар­ұлы. 1942 жыл”.
Хатты оқып, қартты қуантып ен­ді тұра бергенімде Айша: “Сүйінші әке, Мәкен ағадан тағы хат кел­ді!” – деп, қолындағы үшбұрыш қа­­­ғаз­ды қарияға ұсынды. Хатты қо­лына алып, көзіне келген жас­ты іркіп қалған Сапар ақсақал “Қа­ра­ғым рақ­мет, үйімізге қуаныш ала кел­дің ғой, оқып берші”, – де­ді.
Бұл жолы хат өлеңмен жазы­лыпты, мен оны да асықпай оқып бердім.
Өткенге көз жіберсем, бұл оқи­ға­ның болғанына да қаншама уа­қыт өтіпті-ау! Талай жас майдан­нан оралмады. Соғыстың салда­ры­­нан қаншама отбасының ша­ңы­р­ағы шайқалды, елге оралған­дар­дың көбі аяқ-қолдарынан айы­ры­лып, еңбекке жарамсыз болып қал­ды. Денсаулықтары нашар­лап, жа­сына жетпей бақилық бол­ған­дары қан­шама? Ал Мәкен аға со­ғыс аяқ­талғаннан кейін араға уа­қыт са­лып, 1952 жылы туған елге орал­ған еді.
– Адамның басы Алланың добы ғой. Қайда бағыттаса, сонда ба­расың, – деген ол бірде басы­нан өткенін айтып берген еді.
Мәкен Сапарұлы Ленинград қа­ласын жаудан қорғау кезінде ауыр жараланып, фашистердің қо­лына түседі. Содан Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, ақыры АҚШ-тан бірақ шығады. Соғыс аяқ­талғаннан кейін қайта оралады. Туған елге жақындаға­нымен, ар­найы қызметтердің өкіл­дерінен көр­меген азабы қал­мапты.
– Мен көзіме жас алатын бол­дым, кейде көрген азабым жа­ным­ды қинайды, – деп төмен қа­райтын.
– Неге жасисыз, аға? – дегенім­де, “Себебі бар ғой, қарағым. Фа­шист салған оқ жарасы аздай, сын­баған қабырғамды өзіміздің “үнде­местер” сындырды ғой, одан бас­қа айтарым жоқ”, – деп күрсінетін. Біз бұ­дан кейін сұрақ қоюды доға­ратынбыз.
Бірде Мәкен аға:
– Қарақтарым, мен соғысқа де­йін өзіміздің ауылдағы он жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне үнемі қа­тысып жүрдім. Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасындағы Ке­бек, Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жі­бек” пьесасындағы Шеге бейне­сін сомдаған едім. Бір той бола қалса жиналған қауым маған Балуан Шо­лақтың “Ғалиясын” айт­қыза­тын. Мен бұл әнді асқан сү­йіспен­шілік­пен орындайтын едім. Сол кезде бір қызды қатты сүй­дім. “Ға­лияны” айтқанда ға­шы­ғыма арна­ғандай бір рақатқа бататын едім, – деп өзін-өзі жұ­батқандай терең күрсі­нетін.
Баршаға аян, соғыстан кейін ең­кейген кәрі, соғыстан жаралы кел­ген азаматтар, әйелдер мен ба­ла­лар бір кісідей шаруашы­лық­ты көтеруге атсалысты. Жұ­мыстан қанша шаршап келсе де, көпшілік мектеп қабырғасында өтетін кеш­терге жиналатын. 1952 жылдың жел­­тоқсанында ұйым­дас­тырыл­ған осындай бір кеш есімде қа­лып­­ты. Ауыл жастары Ға­бит Мүсі­ре­повтің “Қыз Жібек” пьесасын сах­­наға шығардық. Ауыл­дың ең­кей­ген кәрісі мен ең­бектеген бала­сына дейін жинал­ды. Осы сахна­лық қойылымда жа­сының ұлғай­ға­нына қарамай, Мә­кен аға Шеге­нің, мен Төлегеннің, ал Қарымсақ Ғалиұлы Бекежан­ның рөлін сом­даған бола­тынбыз.
Ойын-сауықтың көркі бола біл­ген Мәкен Сапарұлы өмірінің со­ңына дейін халық арасында сый­лы болды. 1991 жылғы наурыз айын­да сұм ажал құрығын салып, өмір­мен мәңгі қоштасты. Аса қа­дірлі ақсақалдың артында ұл-қыздары қалды.


Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp