“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасы үлгі боларлық жастарды көпшілікке насихаттайтын маңызды жобалардың біріне айналды. Биылғы байқау былтырғыдай жалпыхалықтық танымалдыққа ие болған тұлғаларды насихаттауға емес, жаңа есімдерді таныстыру мақсатын көздеп отыр.
Яғни, ел көлемінде немесе нақты бір өңір бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарға үлкен мүмкіндік берілді. Жақында бірінші кезеңнің жеңімпаздары анықталып, өңірімізден ұсынылған 8 үміткер үздіктердің қатарынан табылды. Ұтымды әрі ұшқыр идеясымен көзге түскен үміткерлердің бірі – Сәлімхан Сәбитов.
Петропавл қаласының тұрғыны Сәлімхан – тірек-қимыл жүйесі зақымданған екінші топтағы мүгедек. Алайда, бір аяғын ақсаңдай басып жүретін жігіттің мына фәни өмірге өкпесі жоқ. Қайта денсаулығындағы кінәратты Алланың сүйікті құлына берген сынағы деп білетін ол – қиындыққа еш мұқалмаған жан. Жігері күшті, талабы таудай. Ш.Шақшақбаев атындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаты мен М.Қозы-баев атындағы СҚМУ-дің түлегі Сәлімхан Жанатұлының қоғам-дық өмірде де, спортта да бағындырған белестері аз емес. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы “Қоғамдық келісім” КММ-нің жетекші сарапшысы болып жұмыс істейтін оны “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына әріптестері ұсынған. Үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен “Жаңа толқын 100+” жастар FUTURE-форумында жерлесіміздің жобасы жүлдеге лайық деп танылды. Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көлік жүргізуді үйрететін арнайы мекеме ашу идеясын ұсынды.
– Бірде өзім сияқты аяғын еркін баса алмайтын Ерлан Қасенов есімді досымның “темір тұлпарды” тізгіндегенін көріп, таңғалдым. Кейін осы мәселені біраз зерттедім. Бүгінгі таңда Петропавл қаласында 10766 мүгедек адам тұрса, олардың 8339-ының тірек-қимыл жүйесі зақымданған. Алайда, арнайы жабдықталған көлікті басқаруға шамасы жетеді. Осылайша, осы азаматтардың арманын жүзеге асыруды қолға алдым, – дейді Сәлімхан Жанатұлы.
Форум аясында жерлесіміздің “Равная дорога” атты әлеуметтік жобасы 2 млн. теңгеге қолдау тапты. Қайырымды жандардан түскен қаржыға Сәлімхан “LADA Granta” автокөлігін сатып алып, оны тек қолдың көмегімен басқаратындай етіп жабдықтау үшін Ресейдің Озерное қаласына жіберген. Зерек жас Астана қаласында “Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен өткен “Жастар синергиясы – бірлік энергиясы” атты форумға қатысып, тағы да бір қаржыландыру көзін табады. Шарада “Алтын Қыран” серіктестігі оған 4 милллион теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Бұл қаражатқа Сәлімхан Жанатұлы тағы бір жаңа көлік сатып алып, жабдықтауға жөнелтті.
Оның айтуынша, бұл жоба тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдардың автокөлік жүргізуді меңгеруіне ғана емес, алдағы уақытта қосымша табыс табуына да мүмкіндік бермек. Облыс орталығындағы “Империал” таксопаркімен келісімшарт жасалып, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Оқытуды Достық үйінде өткізу жоспарланған. Бүгіндері курсқа жазылуға 10 адам ниет танытып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда, бір мезетте мүмкіндігі шектеулі 30 жан арнайы оқудан өтіп, көлік жүргізу мүмкіндігіне ие болады.
Ұстазы Шәміл Шақшақбаев сияқты жарымжан жандарға қол ұшын созуды мақсат еткен азамат “Қазақстанның 100 жаңа есімінің” қатарынан табылады деген үміттеміз.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.