«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТТІ ПРЕМЬЕРА, ЖАҚСЫ ҚОЙЫЛЫМ…

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының биылғы маусымға арналған репертуарлық жоспарына көз сала отырып, қазақ, орыс драматургтерінің ежелден белгілі туындыларына негізделген спектакльдерді көреміз. Сонымен бірге, әлемдік классиканың да туындылары барын байқаймыз.

Солардың ішінде француздың әйгілі комедиографы Марк Камолеттидің “Шым-шытырық махаббат” атты пьесасы да бар.

М. Камолетти (1923-2003) – бір ғана жанрда, комедияда аты қалған тамаша драматург. Осы жанрдың өзінде махаббат тақырыбын арқау етіп, он сегіз күлдіргі пьеса жазған. Бұлардың сюжеті отбасындағы шым-шытырық оқиғаларды, ерлі-зайыптылардың арасындағы опасыздық, бірін-бірі алдау, тұрақсыздық әр қырынан көрініс беріп, ақыры, әйтеуір, жұбайлардың жарасым табуымен аяқталып отырады. “Шым-шытырық махаббат” пьесасының “Шырайлы шаңырақ” деген екінші атауы да осы айтқанымызды айғақтай түседі.

М. Камолеттидің пьесаларының өміршеңдігін олардың көптеген елеулі театрлардың репертуарларынан орын алуы дәлелдейді. Мысалы, Ресей театрларының көбінде оның пьесаларының желісінде қойылған спектакльдер баршылық. Сондай-ақ, әйгілі сахнагерлер де осы спектакльдерде ойнауға ниетті. Сондай пьесалардың бірінде атақты Марина Владидің сахнаға шыққанын білеміз.

Бұл қойылым – биылғы 128-ші маусымның премьерасы. Қоюшы-режиссер Виктор Шалаев бір жаңа қадам жасаған екен. Ол осы спектакльге әртістердің екі тобын тартқан. Демек, біз тамашалаған спектакль 23 қазанда қойылса, келесі күні екінші әртістер тобы осыны қайта ұсынады.

Спектакльге бар болғаны алты адам қатысады. Бернар (Ринат Исмаилов), Жаклин (Татьяна Фомиченко), Роберт (Виталий Алфимов), Сюзанна (Оксана Дергачева), Сюзетта (Марина Черняк), Джордж (Руслан Закиров) режиссердің қалаған қимыл-әрекеттерін ойдағыдай орындап шыққанын айту ләзім.

Қойылым күлдіргі жанрда болғандықтан және оған қатысушы алты кейіпкерді бейнелеген сахнагерлер махаббаттағы опасыздықты соншалықты айғақты бейнелей алғандықтан, көрермендер ризашылықпен қол шапалақтап отырды. Спектакльдің соңғы түйіні – бірінің көзіне бірі шөп салған ерлі-зайыптылар ашыналарынан ажырасып, ақырында өз отбасыларына оралады. Шым-шытырық оқиғалар шырайлы шаңырақтың шырағының қайтадан жағылуымен тамамдалады.

– Премьера сәтті шыққаны менің жанымды тебірентті. Бұлар – біздің ізбасарымыз ғой. Осы жастарға тілеулес болып, өнеріне ризашылық ниетпен қараймыз. Мен осыған қуаныштымын, – деді қойылымнан соң погодиндіктердің көнекөз сахнагерлерінің бірі Людмила Ванюкова.

Сахна шеберінің бұл лебізі біздің де көкейімізден шықты. Сәтті премьера, жақсы қойылым…

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp