«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘУІРДЕ – ПРЕМЬЕРА

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымы Алексей Яковлевтің пьесасының желісімен «Небесный тихоход» қойылымын көрермендер назарына ұсынбақ.

Шығарма көпшілікке жақсы таныс. Себебі, 1946 жылы Алексей Яковлевтің «Небесный тихоход» пьесасының желісімен түсірілген режиссер Семен Тимошенконің фильмі көрерменге жол тартқан болатын. Ресей мен Қазақстанның көптеген театрларының сахналарында қойылған спектакльді енді біздің қаламыздың тұрғындары да тамашалай алады.
Пьеса желісі бойынша үш ұшқыш-офицер соғыс аяқталғанша ешкімге ғашық болмаймыз деп ант-су ішеді. Алайда әскери қызмет барысында олар әйелдер эскадрильясының ұшқыш қыздарын жолықтырады. Сөйтіп тағдыр тоғыстырған нақсүйерлерін қан майданда жоғалтып аламыз ба деген қорқыныш бойларын билеп, сезімге ерік берген серілер бір-бірлеп сөздерінен таяды. “Соғыс тақырыбындағы шығармалар өте көп. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қойылым сахналау туралы мәселе көтерілгенде, біз ұжым болып барлығын саралап, қарап шықтық. Сөйтіп таңдауымыз бір ауыздан осы пьесаға түсті. Ең алдымен, біз соғыс кезінде адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, махаббатты қадірлеп-қастерлегенін көрсеткіміз келеді. Фильмде актерлер осы сезімдерді жақсы жеткізген”, – дейді Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас.
Театр актерлері дайындықты бір апта бұрын бастады. Констатин Демидов спектакльде эскадрилья командирінің рөлін сомдайды. Басты рөлдердің тағы бірін ойнайтын Анатолий Наргеленас бұған дейін мұндай спектакльдерге қатысып көрмепті. Оның ойынша, бұл пьеса соғыстан гөрі, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына құрылған. Қойылымның тұсаукесері сәуір айына жоспарланған.
Ал Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өнер ұжымы белгілі режиссер Талғат Теменовпен «Абай жолы» қойылымын көрермен назарына ұсынбақ.

http://petropavltv.kz/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp