Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында алдымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикамен күрес шаралары туралы Шал ақын және Уәлиханов аудандарының әкімдері Нұрлан Есімов пен Медет Оспановтың есептері тыңдалды.
Құмар Іргебайұлы сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу бағыттары бойынша кешенді шаралардың жүргізіліп жатқанына қарамастан, жыл басынан бері 16 заң бұзушылық оқиғасының әшкереленіп, 5 адамның тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, мұндай келеңсіздікке төзуге болмайтынын, жемқорлықпен күрестің жаңа кезеңінде іс-қимыл әрекеттерін бір арнаға үйлестіру қажеттігін атап көрсетті. Бұған заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар толық мүмкіндік береді. Мемлекеттік сатып алу мәселесінде де түйткілді жайттар аз емес. Қолма-қол ақшасыз жұмыс істеу жүйесін одан әрі дамытқан жөн. Кей аудандарда “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесінің әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр.
“Qyzyljar adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов 2020 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған шаралар жайлы баяндады. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету, көпшіліктің билік институттарына деген сенімін нығайту мақсатын діттейтін жоба бүгінде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының бірегей алаңына айналып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының бірінші басшыларын қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы баяндап, 2019 жылғы 10 желтоқсаннан қолданысқа енген жаңа Заңның талаптарын жан-жақты түсіндіріп берді.
Құмар Іргебайұлы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын мүлтіксіз орындау, басшылардың өз ұжымында заңсыздықтың алдын алуға және болдырмауға бағытталған жұмыстарын қадағалау, сыбайлас жемқорлықпен сөз жүзінде емес, іс жүзінде күресу, бұған қоғам өкілдерін белсенділікпен қатыстыру міндеттерін белгілеп берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.