М. Қозыбаев атындағы университетте өңір жастарының бизнес-жобалары ұсынылған “Табысқа жол” атты облыстық конкурстың соңғы кезеңі өтті.
Жастардың өз кәсібін ашып, табыс көзін табуына жыл сайын мемлекет тарапынан жеңілдетілген кредиттер беріліп, республикалық деңгейде түрлі конкурстар өткізіліп, қаржылай сыйақылар үлестіріліп келеді. Осылайша жас кәсіпкерлердің жобалары ынталандырылып жүр. Аталмыш конкурсты өткізудегі басты мақсат та сол – жастар арасындағы кәсіпкерліктің кең қанат жаюын насихаттау, жастардың инновациялық бизнес жобаларына қолдау көрсету.
Байқауға барлық аудандардан және Петропавл қаласынан 18 жас кәсіпкер өз жобаларымен қатысты. Олардың ұсынған бизнес-жоспарлары ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы мен спортты дамыту, ұлттық тағам мен сусындар дайындайтын орындар ашу, жарнама агенттіктерін құрып, Интернет пайдаланушыларды қолдау сынды әртүрлі бағыттарды қамтыды. Әр жоба иесі өзінің бизнесі туралы жан-жақты әңгімелеп, идеяларымен таныстырып, сондай-ақ, қазылар алқасы мүшелері мен тыңдаушылардың тосыннан қойған сұрақтарына жауап берді. Солардың бірі – қымызхана ашып, өз кәсібін енді бастаған Уәлиханов ауданының тұрғыны Жанай Нұрболат. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер болашақта Қытай мен Ресей мемлекеттері мен Өскемен қаласының техникаларымен жабдықталған қымыз өндіретін цех ашып, елу шақты еңбекқор жастарды қарамағына алып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуді көздеп отыр. Ол бизнес-жобасының жүзеге асу құнын есептеп те қойған, 3 миллионға жуық қаржыны талап етеді.
– Мен қымыздың түрлі ауруларға, әсіресе, туберкулез бен ракқа шалдыққан адамдарға таптырмас ем екендігін жақсы білемін. Бұл тұтынушылар тілегін қанағаттандырумен қатар, ұлттық сусынды дәріптеудің де бір жолы. Өз жоспарымды Астана және Алматы қалаларында қымызхана ашып, жемісін көріп отырған кәсіпкер таныстарыма айтқанмын. Олар да мақұлдады. Менің шығарған өнімім экологиялық таза және бағасы да тиімді болмақ. Тек Үкіметтен қаржы алып, бие санын көбейтіп, талмай еңбектену қажет, – дейді Жанай.
Конкурстың қорытындысында қымыз өндірісі жобасын ұсынып, қойылған сұрақтардан сүрінбей өткен уәлихановтық Жанай Нұрболат бірінші орынды еншілесе, екінші орын Ақжар ауданынан келіп, тәтті тағамдар пісіретін асхана ашу жобасын ұсынған Сағынай Қалиевке бұйырды. Ал желілік дүкендер құру идеясын алға тартқан Қайыржан Айсин жүлделі үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздардың бәріне сертификаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Конкурсты ұйымдастырушылардың бірі – “Жастар кадр орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Исманов аталмыш байқаудың жыл сайын өткізіліп тұратынын тілге тиек етті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.