«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Табыс кілті

Өңірімізде “Бастау бизнес” жо­басы бойынша білім алған аза­маттар қаржылай қолдауға ие болуда. Жыл басынан бері 84 сол­түстікқазақстандық өз ісін ашу мақсатында несие ресімдеді. Олардың 26-сы былтырғы тү­лек­тер қатарынан. Осы күнге дейін барлығы 600-ден астам тұрғын 200 айлық есептік көр­сеткіш көлеміндегі грантқа қол жеткізді.

Пандемия жағдайына байланыс­ты облыстық кәсіпкерлер палатасы жеке іс бастауға ниетті азаматтарға арналған курстарды онлайн фор­мат­та өткізуде. Олар салық, қаржы, мар­кетинг және өзге де бағыттар бойынша 50-ден астам сабақ пен 12 модуль бойынша дәріс тыңдайды. “9 шілде кәсіпкер болуға тілек білдір­ген­дер үшін оқытудың екінші кезеңі басталды. Қазір 280 солтүстікқазақ­стандық дәріс алуда. Алғашқы лекте үздік кәсіпкерлердің шеберлік сы­нып­тарына қатысқан 228 адамға сер­тификат табысталды. Олар өз биз­нес-жоспарларын сәтті қорғап, мем­лекет тарапынан қаржыландыру құ­қы­ғына ие болды”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарап­шысы Гүлнәзия Әбілева.

Жаңа талаптарға сәйкес бұдан былай курс тамамдағандар міндетті түрде тестілеуден өтуі тиіс. Бизнес-жобаның да балдық жүйе бойынша бағаланатынын атап өткен жөн. Жо­ба талабы бойынша 18 ұпай жина­ған қатысушы оқуды тамамдағаны туралы сертификатқа ие болады. Ал тестілеуде межелік ұпайға қол жет­кізе алмаған жағдайда үміткерлерге қайтадан үш рет тапсыруға мүмкін­дік беріледі.

Алғашқы лектің түлектері өз ісін бас­тауға мемлекеттен қаржылай кө­мек ала бастады. Олар, негізінен, ауыл шаруашылығы мен қызмет көр­сету саласын таңдап отыр. Ауыл тұр­ғындары көбіне ірі қара мен жылқы шаруашылығына қатысты жобалар­ды қолға алуда. Ал қалалықтар ас­ха­на, сұлулық салондарын ашып, фо­то және бейнетаспаға түсіру ісі­мен айналысқанды жөн санайды. “Би­знес-жаттықтырушыларымыз әр ау­дан бойынша маркетингтік зерт­теу­лер жүргізіп, бизнестің қай түрін жүргізу тиімді екеніне баса назар ау­дарады. Оқу аяқталар сәтте тыңдау­шыларымызға бағыт-бағдар бері­ліп, іс бастау жөнінен жан-жақты кө­мек көрсетіледі”, – дейді Гүлнәзия Әбілева.

Сағынгүл СӘКЕНОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp