«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙЫНШАҒА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Тайынша аудандық мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов кейін аудан активіне жаңадан тағайындалған аудан әкімі Иван Турковты таныстырды.

 – Аудан әкімі қызметіне бірнеше үміткер болды. Дегенмен, олардың арасынан Иван Иванович Турковты таңдадық. Себебі, ол – Тайынша ауданының тумасы, әрі білікті басшы. Осы уақытқа дейін бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Өзін тек жақсы жағынан таныта білді. Алдағы уақытта тұрғындармен бірлесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерді жүзеге асырады деп сенемін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Иван Иванович Қазақстан тұтынушылар одағының Қарағанды экономика университетін, “Фемида” заң академиясын бітірген. Қаржы менеджері, құқықтану бакалавры мамандықтарына ие. Еңбек жолын ЭЕМ операторы, есеп айырысу-касса орталығының маманы болып бастаған. 1998-2007 жылдар аралығында Тайынша ауданында салық инспекторы, аға салық инспекторы, бас маман, салық инспекциясы бойынша бөлімнің бастығы болып істеді.

Осы аудандағы Абай ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары және аудан әкімі болып қызмет етті. 2014 жылдан осы тағайындауға дейін Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарды.

Халық қалаулылары да аудан әкімінің лауазымына ұсынылған Иван Турковтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Иван Иванович өзіне көрсетілген сенім үдесінен көрініп, адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

– Маған сенім артқандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта әріптестеріммен бірлесе аянбай қызмет істеймін. Ауданның гүлденуіне өз үлесімді қосамын. Тайынша – облысымыздағы ірі аудандардың бірі. Сондықтан білімім мен жігерімді ауданның көркеюіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына арнаймын, – деді Тайынша ауданының жаңа әкімі.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталған өңір басшысы жиналғандарға Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығын атап айтты. Бүгіндері аудандағы агроөнеркәсіп кешенінде “ақылды технологияларды” енгізу және оны жаңғырту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы егін шығымдылығында гектарынан 19 центнерден өнім алынған. Оған тек жоғары технологияларды қолданудың, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың, сандық жүйеге көшудің арқасында қол жеткізіліп отыр.

– Иван Турковқа ауданның негізгі басымдық берілген саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды тапсырамын. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, автокөліктік инфрақұрылымын жақсартуды міндеттеймін. Салық базасын да ұлғайту қажет. Бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауға алынсын, – деді Құмар Іргебайұлы.

* * *

Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов Красная Поляна ауылындағы “Зеленые луга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 400 сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасында болды.

Жергілікті кәсіпкер қолға алған бұл жоба “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Кәсіпкер құны 1 млрд. теңге болатын кешеннің құрылысына 384 млн. теңге өз қаражатын жұмсаса, қалғанын “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы қаржыландырған. Сүт кешені Италия, Израиль және Ресейдің соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған.

– Фермада адамдардың өндірістік үдеріске қатысуы барынша шектелген. Негізінен, инженерлер мен бағдарламашылар ғана отырады. Сиырлар сауын мерзімі келгенде арнайы орынға өздері кіреді. Бүгінде күніне 2,4 мың тонна сүт сауылады, – дейді серіктестіктің директоры Юрий Красноголовый.

Асылтұқымды малдар Нидерландыдан жеткізілген. Бүгінге дейін жүзге жуығы бұзаулаған. Бұзаулардың тәулік­тік салмақ қосуы, өсіп-жетілуі мұқият қадағаланады. Әр бұзауға өз енесінің сүті ғана беріледі. Бұл бұзаудың ауру жұқтырмай, жедел өсіп-жетілуі үшін қажет.

Кешен жұмысшыларымен тiлдескен өңiр басшысы сүт шаруашылығы облыста тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап айтты.

– Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін толық жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Осы орайда ауыл шаруашылығындағы басты басымдықтардың бірі болып табылатын сүт және сүт өнімдерін өндіру ісін дамыту мәселесіне көп көңіл бөлудеміз. Қазіргі уақытта облыста 2,5 мың басқа арналған 7 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Оның төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Автоматтандыру өндірістік үдеріске кететін шығынды барынша азайтып қана қоймай, өнімнің тазалығы мен сапасына да кепілдік береді, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысының айтуынша, Аққайың, Қызылжар, Мамлют және Тайынша аудандарында “Зенченко және К”, “Мамбетов және К” коммандиттік серіктестіктері, “Қызылжар сүті” ЖШС-і, “Шаймерденов” шаруа қожалығы сиыр қораларының құрылысын жүргізуде. Бұл нысандар заманауи технологиялармен және автоматты басқару жүйелерімен жабдықталатын болады. Жаңа технологияларды енгізу өз кезегінде сапалық көрсеткішті арттырып қана қоймайды, сонымен қатар облыс бойынша сүт дайындау көлемін жылына 17 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Осылайша, жергілікті шаруалар өңірдегі сүт зауыттарын шикізатпен толық қамтамасыз ете алады.

Бүгінде “Зеленые луга” серіктестігінде жергілікті 50 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Орташа айлық жалақы 120 мың теңгені құрайды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp