Петропавлда “Корона” сауда үйінің маңында таңғы сағат 10 шамасында белгісіз ұры жайбарақат кетіп бара жатқан әйелдің қолынан ақша салынған пакетті жұлып алып, үйлердің арасымен қаша жөнелген. Айқайға басқан әйелдің дауысын қалалық патрульдік полиция батальоны экипажының қызметкерлері естіп, полиция аға лейтенанты Асқар Татанов ұрының соңынан қуа жөнеледі. Қуғыншыны байқаған қаскөй қолындағы пакетін лақтыра салып, аулалардың бірінде жасырынып қалмақ болған. Алайда, полиция қызметкері оны қуып жетіп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Ішінде 4 миллион теңгеден астам ақшасы бар пакет бірден иесіне қайтарылды.
Тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұған дейін бірнеше рет сотталған 34 жастағы петропавлдық уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.