«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАП БОЛҒАН СОҢ ТАЛПЫНЫС ТА БАР

Еліміз сан ғасыр армандап, тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бері арада екі онжылдықтан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында еліміз айтулы жетістіктерге жетті, әлемнің дамыған, өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. Көңілімізге медеу болатын жағымды жаңалықтармен қатар жанымызға қаяу түсіретін жағдайлар да аз емес. Соның бірі – тіл мәселесі. Қазақ тілін ешқашан назардан тыс қалдырмайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды”, – деген сөзі жарқын болашаққа ұмтылыспен қадам басқан әрбір адамды ойландыруы тиіс.

Біздің мекемеде жұмыс істейтін қызметшілердің көбі мемлекеттік тілге келгенде мүдірмейді. Өз ісіне машықтанған мамандардың барлығы мемлекеттік тілде іс жүргізуге барынша көңіл бөлуде. Қазақ тілін үйрену үйірмесі үзбей жұмыс істеп келеді. Мысалы, өткен жылы қазақ тілі үйірмесіне қатысқан 108 қызметші мемлекеттік тілді меңгергендігін растайтын сертификат алды. Биылғы жылы да 50 қызметкер оқып жүр.

Біздің қызметкерлер мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл саясатын насихаттау мақсатында өтетін барлық республикалық, облыстық және қалалық байқауларға белсенді қатысады және жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. “Туған тілдің білгірі” республикалық байқауында Айдос Мусин жүлделі II орын алды, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары ұйымдастырған “Үздік қазақ тілі кабинеті” және “Мемлекеттік тілде үздік іс жүргізуші мемлекеттік мекеме” байқауларында I орынға қол жеткіздік. Тіл мәселесі талқыланған кеңестер, жиындар, “дөңгелек үстел” отырыстары және мерекелік, спорттық іс-шаралардың дені мемлекеттік тілде өткізіледі. Бұл жетістіктерге “Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесінің бастығы Серік Ғайсиннің мемлекеттік тілге деген жоғары талабының, жанашырлығының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.

Мұқағали Мақатаев үш бақытының біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің ертеңгі бақытты болашағы өзінің Қазақстанда өмір сүретінін мақтаныш көретін өрендердің өрелі іс-әрекетіне тікелей байланысты болмақ.

Жазира ҚҰРМАНОВА,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі

департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат

тобының инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp