Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының достық һәм тату көршілік қатынастары көңілге әр кез жылылық ұялатады. Ежелден қоңсы қонған елдердің арғы-бергі тарихында да көптеген байланысты жайттар бар. Ресейдің қуатты аймақтарының бірі – Түмен топырағында бүгінгі таңда 20 мыңға жуық қазақ еңбек етуде және бақуатты өмір сүруде.
Өзге елде өз жерінде жүргендей жайлы ғұмыр кешіп отырған түмендік қазақтар халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тілінен, ділінен, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпынан ажыраған емес. Ұлт болып ұйысып, “Мен қазақпын” деуінің арқасында әр буын қазақы ортада тәрбиеленуде. Осының арқасында осыдан 15 жыл бұрын түмендік қазақ жастарының белсенді тобы “Бірлік” қоғамдық бірлестігін құрса, бес жылдан кейін Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының іргесі қаланды.
Биыл Түмен қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының құрылғанына 10 жыл толады. Өткен он жылдың ішінде көптеген игі істер атқарылды. Ең бастысы, құрылған сәттен бастап, жұдырық болып жұмылып, ұлттық мүддені ұлықтауда бірлігімізді таныттық. Осының арқасында бүгінде автономияның Ишим, Омутинск, Упоровкс, Бердюжск, Казан аудандарында бөлімшелері бар.
Түмен қазақтарының қазіргі буыны осы жерде туғандықтан, жергілікті ұлттың қоғамдық-мәдени ерекшеліктеріне бейімделіп өсті. Алайда, тамыры тереңде жатқан қазақ халқының әр ұрпағы өз салт-дәстүрін берік ұстанады емес пе?! Себебі, жастайымыздан ата-әжелеріміз, аға буын қыс бойы соғым етіне баратынын, қасиетті Рамазан айында әр қазақ отбасы міндетті түрде ауызашар бергенін көріп өстік. Қанымызға сіңген, танымымызға дәні себілген қазақы ділдің тамыры мықты. Жыл сайын дәстүрлі түрде Наурыз мейрамын тойлап, Түмен қазақтарының құрылтайын өткізіп, аруларымыздың ақыл-парасатын сарапқа салатын “Сұлу қыз” байқауын ұйымдастыруымыз осының нақты айғағы болар.
Үстіміздегі жылы Наурыз мерекесінің Түмен жерінде тойланып келе жатқанына да 20 жыл толып отыр. 1997 жылы Наурыз мейрамының тойлануы жергілікті қазақтар үшін қуанышты жаңалық болып еді. Себебі, облыстық көлемде аталып өтілген алғашқы ұлттық мереке болғандықтан, өңірдің түкпір-түкпірінде тұратын бауырларымыз көптеп жиналды. Ал одан кейінгі жылдары облыстық құрылтайға басымдық беріліп, Наурыз мейрамын әр аудан өздері жеке тойлай бастады. Осыдан да болар біраз жыл Ұлыстың ұлы күні орташа деңгейде аталып жүрді. Алайда, соңғы жылдары қазақ жастарының арқасында Наурыз мерекесіне деген ерекше ықылас қайта жанданды десек болады. Биылғы мерейтойлық Наурыз мейрамын Заводоуковск қаласында өз мәртебесіне сай сән-салтанатымен қарсы аламыз.
Осылайша, Ресейдей алып мемлекетті өзіндік бет-бейнесін сақтаған түмендік қазақтар барлық салада жемісті еңбек етіп жүр. Қалалы жерде тұратын ер-азаматтар күш құрылымдарында жұмыс істесе, бір тобы кәсіпкерлікпен айналысады. Мәселен, Қабдолла Хайдаров – Түмен облысының бас сот жасауылы, Сұлтан Кісімов – орталық округтің прокуроры. Ал қыз-келіншектер жағы білім беру, денсаулық сақтау және қаржы саласында жұмыс істейді. Ауылды жердегі қазақтар фермерлік шаруашылықтарда еңбек етеді, қосымша мал ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, әрқайсысы өз тірлігін жасап, қазақ деген атқа кір келтірмейтін ұрпақ тәрбиелеп, лайықты ғұмыр кешуде.
Отбасында тәрбие алып, қазақы ортада танымы қалыптасқан өсекелең ұрпақтың бүгінгі белсенділігіне көз де, көңіл де қуанады. 2002 жылдары алғашқы “Бірлік” жастар ұйымын құрған кезде қатарымыз санаулы ғана еді. Қазіргі таңда қазақ тілін үйреніп, ұлттық-мәдени шараларға қатысып жүрген жас буынның қатары қалың. Ұлттық-мәдени автономия жанында құрылған жастар кеңесі Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылатын автошеруді өткізуді өз мойындарына алып, аға буынның жүгін жеңілдетіп отыр. Сонымен қатар жастарымыздың арқасында алғаш рет қазақ тілінде “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” пьесасы сахналанды. Осындай белсенділік танытып жүрген жастарымызға қолдау көрсетіп, орталарын кеңейтсін деген мақсатпен оларға бөлек орын бердік. Олар сол жерде қазақ тілін үйренеді, тарихымен танысады, білімдерін тексеру үшін конкурстар ұйымдастырады, кеңестің отырысын өткізеді. Ұлттық мәдениетті насихаттауда Қазақстаннан келіп оқып жүрген студенттер де елеулі үлес қосуда. Бөтен қалаға келген кезде қазақстандық жастар қазағы, орысы болсын, алдымен біздің жастарымызбен байланыс орнатады. Себебі, олар қазақ жеріндегі “қазақылықты” іздейді, аңсайды. Осындай байланыстың арқасында қазақ қыздарының өмірлік серігін тауып, келін болып қалғандары да бар. Мысалы, Алматыдан келген магистрант, Түмен мемлекеттік университетіндегі қазақ жастарының пікірталас клубының негізін қалаушы – Мереке Жақыпбек түмендік қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Қазіргі таңда ол жастар кеңесінің мүшесі және автономия жұмысына белсене араласып жүр. Бір сөзбен айтқанда, Түмен қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының жұмысын жалғастыруға лайық буын өсіп келеді.
Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жұмысының аясын кеңейту үшін Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясының өкілдерімен ынтымақтастық келісімге қол қойдық. Содан бері біраз жылдың жүзі өтіп, әріптестік қарым-қатынасымыз достыққа ұласты деуге болады. Бүгінде Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен ғана емес, қонаққа да барып, бауырларымыздың ыстық ықыласына бөленіп жүрміз.
Ресейде өмір сүріп жатқан ұлыстардың бірі ретінде мұндағы қоғамның дамуына азды-көпті үлесімізді қосып жүрміз. Әсіресе, Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынасты дамытуға басымдық береміз. Екі жаққа да инвесторлар тарту үшін түрлі шекаралық жобаларға белсене қатысамыз. Осы орайда Ресейдегі және тарихи Отанымыздағы жаңалықтарды, реформаларды жіті бақылап отырамыз. Мәселен, біз ата-баба жеріндегі жағымды оқиғаларды, әлемдік саясаттағы Қазақстанның жетістіктерін естігенде, кеудемізді мақтаныш кернейді. Әлемнің жүрегі саналатын Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстанның беделінің асқақтауы – бізге де абырой.
Үстіміздегі жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауымен танысып, Елбасының көрегенділігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. “Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді”, – деген Елбасының бұл сөзі бізге де қанат бітіргендей. “Әр халық өз басшысына лайық” деген халық даналығы бар. Осы орайда Қазақстан халқы стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыра отыра, Наурызды зор табыстармен қарсы алады деген сенімім зор.
Есенғали ЫБЫРАЕВ,
Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының президенті.