«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ТУЫНДЫҒА АРҚАУ БОЛҒАН

Биыл қазақтың халық композиторы, дала циркінің негізін қалаушы, ұлттық ат спортының түрлі тәсілін жаңғыртушы өнерпаз, жауырыны жерге тимеген алып, күш атасы Балуан Шолақ (шын аты – Нұрмағамбет) Баймырзаұлының туғанына 150 жыл толып отыр.

Балуан Шолақ – заманында қазақ ән өнерінің тамаша орындаушысы, өзі де ән шығарып, қазақтың әншілік өнерін өркендетуге үлкен үлес қосқан композитор. Қазақ руханияты ғана емес, бүкіл мәдениетінің де қалыптасуында зор орны бар тұлғаның өмірі Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” повесіне арқау етілген.

Бала жасынан эпос жаттап өскен жазушының есте сақтау қабілеті ерекше болған. С.Мұқанов болашақ туындысының кейіпкері Балуан Шолақты 1913 жылы атқосшы болып сапарға шыққан кезінде үлкен бір жиында көріп, оның күшіне де, әншілік өнеріне де қайран қалып, бала қиялында оның тұлғасы мәңгілік жатталып қалады. Осы кездесуден соң әнін тыңдап, өнерін қызықтаған бала Сәбиттің өзінің бойында өнерге деген құштарлық оянады. Сегіз қырлы, бір сырлы Балуан Шолақты өнердің биік тұлғасы ретінде бағалап, ол туралы тарихи туынды жазу Сәбеңнің есейген шағында қолына қалам алғызады.

Жазушы Балуан Шолақ бейнесін былай суреттейді: “…Кескіні бірсыдырғы көркем екен, имектеу зор мұрынды, қалың қабақты, қою қасты, үлкен қара көзді, ат жақты, қою, ұзын қара мұртты, дөңгелектеу қою қара сақалды. Ерекше көзге түсетін киім-кешегі екен: сыртына желбегей салған ақ ботаның түбітінен тоқылған шекпен, астары батсайы, өңіріне жалпақтығы төрт елі қып құндыз ұстаған, басында батсайымен тыстаған ақ бұйра тымақ, ішкі қара барқыт қамзолының беліне жалпақ қып-қызыл жібек белбеу байлаған… Бұл сияқты киінген кісіні мен өмірде көрген емен”.

“Балуан Шолақ” – тарихи туынды болған соң оның сюжеттік желісі Нұрмағамбеттің әншілік, батырлық-балуандық қасиеттерін суреттейді. Повесте Балуан Шолақ пен Ғалияның ғашықтық сезімдері қаламгерлік қуатпен шебер өріліп, оқырманды баурап отырады. С.Мұқанов шығарманы жазу барысында тарихи дерек ретінде жиналған естеліктермен, әңгімелермен бірге Балуан Шолақтың өз өлеңдеріне сүйенген.

Балуан Шолақ шығармаларының бір ерекшелігі – өмір-тарихы, шыққан тегі, өзінің табиғи бітімі, тұлғасы, мінез ерекшелігі өлеңдерінде көрініс тауып отыратындығы. Осыны жазу барысында Сәбең Балуан Шолақтың өлеңдерін пайдаланғанда онда қамтылған өмірдеректеріне сүйене отырып, солар арқылы әдеби тұлғаның эмоциялық көңіл күйін, психологиясын ашады.

Сарыарқаны сазды әуенімен тербетіп, алып күшімен көз сүйсіндірген сері, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы Өзекті-сайда қайтыс болды.

С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры жазушының туғанына 110 жыл толуына орай оның “Балуан Шолақ” повесінің негізінде драматург Дулат Исабековтің сценарийі бойынша “Жаужүрек” спектаклін сахнаға шығарды. Оны тамашалай отырып, өзіміз оқыған тарихи туындының желісін, оқиғалар тізбегін ойша көз алдымыздан өткіздік. Осындай шаралардан біз де шет қалып отырған жоқпыз. Кітапханамызда оқырмандармен кездесу өткіздік. Оған қаладағы алтыншы және жиырмасыншы орта мектептердің оқушылары мен ұстаздары шақырылды.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

№2 кітапхананың

меңгерушісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp