«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХТЫҢ САҚТАУШЫСЫ

Облыстық мемлекеттік мұрағатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласын талқылауға арналған “Архив – мемлекет тарихының сақтаушысы” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Оған осы саланың ардагерлері мен қызметкерлері, мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының өкілдері қатысты.

Облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова Президент мақаласының тарихи маңызы зор екенін айтты. Мақалада атап көрсетілген Ұлы даламыздың жеті қыры қазақ халқының ділінен, мәдениетінен, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінен сыр шертеді. Соның ішінде “Архив – 2025” жетіжылдық жобасын ерекше атап өткен жөн. Бұл деректанушылар, мәдениеттанушылар мен тарихшылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік мұрағаттармен өзара жүйелі ықпалдастықта жұмыс жүргізуіне септігін тигізеді.

– Құжатта Мемлекет басшысы қазақ жерінің материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны болғанына баса назар аударып, тарихи мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге үндеді. Бұл орайда “Архив – 2025” жеті жылдық жобасының берері мол, – деді Сәуле Зейноллақызы.

Республикалық ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру, ведомстволық мұрағаттар және ғылыми-техникалық өңдеу құжаттарын бақылау бөлімінің қызметкері Марина Кочергина баяндама жасап, мақалада айтылған мәселелердің маңызына тоқталды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай да мақаланың барлық ел тұрғындары, әсіресе, мұрағат қызметкерлері үшін жауапкершілік жүктейтінін айтты. “Ақ жол” демократиялық партиясының өкілі Евгений Кинцель де Елбасының мақаласы жайында өзінің ой-пікірімен бөлісті.

Сондай-ақ, Аққайың ауданындағы Кольцовка ауылының тұрғыны, зейнеткер Бектембай Жүсіпов туған жерге құрмет туралы айтып берді. Бұрын ауылдағы орта мектептің директоры қызметін атқарған ардагердің елді мекеннің тарихы жайлы айтқан әңгімесі жиналғандардың қызығушылығын туғызды.

Шара соңында облыстық мемлекеттік мұрағаттың бірнеше қызметкері Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ақ қайыңдар өлкесінің энциклопедиясын әзірлеуге өздерінің үлестерін қосқаны үшін Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp