«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУ КӨРШІ, СЕНІМДІ ӘРІПТЕС

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Оқушылар сарайында “Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы форумның пленарлық отырысы өтті.

Форумның пленарлық отырысын Қа-зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кіріспе сөзбен ашты. Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның бір мыңнан астам өкілі бас қосқан, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХV форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстан мен Ресейдің жемісті қарым-қатынастары оның біздің халықтарымыздың мүддесі тұр­ғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихы­ның ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер болып саналады, – деген Мемлекет басшысы қазіргі заманғы жағдайда туризм жаһандық экономика өсімінің негізгі драйвері екенін атап көрсетті. “Бүгінде туризм әлемдік экономиканың 10 пайызын қамтыды, әрбір оныншы жұмыс орнын құруда. Осы сала тікелей инвестицияның жүздеген миллиард долларын тартуда. Бұл тұрғыда жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде де туризм даму тетігі болып сақталмақ. Екіжақты туризмді дамыту үшін жүйелік шаралар қабылдау керек. Сонымен бірге, екі елдің географиялық жақындығын тиімді пайдаланған дұрыс. Біз туризмді дамытудың бес жылдық бағдарламасын әзірлеуді аяқтауға жақындадық. Қазақстанға туристер ағынын 13 миллионға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл ретте 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ”, – деді Елбасы.

– Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның 14 облысымен қарым-қатынас орнатты. Жыл сайын тікелей өңіраралық қатынастардың қарқыны артып келеді. Қаңтарқазан аралығында Қазақстанға 50-ден астам ресейлік аймақтық делегация келді. Осы орайда ондаған бизнес-миссиялар, жастар бағдарламалары ұйымдастырылды, яғни ғылым, білім және мәдениет салаларына арналды. Қазақстан мен Ресей арасында тарихи-мәдени құндылықтарды туристерге таныстыратын бағыттарды жетілдіру керек. Форумға қатысушылардың барлығына белсенді бірлескен жұмыс үшін алғысымды айтқым келеді. Келесі жылы өңіраралық форумды өткізу кезегі Ресейге түсіп тұр. Осы орайда сіздерді Омбы қаласына жиналуға шақырамын, – деді өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Байқоңырда туризмді дамытуға кедергі болып тұрған факторларды атап өтті. Барша әлемде жабық ғарыш айлақтарына сапарлау өте жоғары қызығушылық тудырады. Мұндай жағдай көптеген құқықтық кедергілерге, әскери ведомстволар іс-қимылындағы келіспеушілікке байланысты болып отыр. Бұл тұрғыда аталған мәселені шешу үшін Қазақстан мен Ресей Президенттерінен тиісті қолдау көрсетуін сұрады. Содан кейін министр екі елдің туризм саласын дамытудың келешегін, Астана қаласының, Бурабай, Алакөл курорттық аймақтарының, Алматы тау кластерінің мүмкіндіктерін баяндады.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша Имантау-Шалқар курортты аймағын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Осы орайда Астана мен Ресей өңірлері бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге екпін қойылып отыр. Көліктік инфрақұрылымды жақсартудың арқасында туристердің жолда жүру уақыты 30 пайызға қысқарды. Соңғы екі жылда осы салада қабылданған шаралардың нәтижесінде Ресейден Солтүстік Қазақстан облысына сапарлайтын туристер саны екі есеге артты. Алдағы жылы бұл көрсеткіш тағы да өседі деп болжануда. Сәйкесінше, шекара бекеттеріне жүктеме артады. Әсіресе, жаз кезінде шекарада ұзын-сонар кезекті байқаймыз. Сондықтан, шекарадағы бекеттерден өтетіндерді бақылау рәсімін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов. Сонымен қатар өңір басшысы Имантау-Шалқар аумағын және өзге де жобаларды дамытуға ниетті инвесторларға қолдау жасалатынын тілге тиек етті. Бизнесті қолдау аясында туризм нысандарына барлық қажетті инженерлік коммуникациялар тартылатын болады.

Пленарлық отырыста Ресей Федерациясының Экономика министрі Максим Орешкин туризмнің басым бағыттары мен оның экономиканы дамытуда алатын орнына тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақты байланыстың нақты фактілерін келтірді.

Астрахань облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов өз өңірі шектесіп жатқан Қазақстанның батыс облыстарымен тығыз достық қарым-қатынас орныққанын тілге тиек етті.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек еліміздің оңтүстік астанасының туристік әлеуетін нақты мысалдармен жеткізіп, олардың тартымдылығын сипаттап берді.

Ал Алтай республикасының басшысы Алексей Бердников “ЮНЕСКО”-ның алтын қорына енгізілген Таулы Алтайдың ширек бөлігі қорықтық орындар екенін алға тартты. Халқының үштен бірін қазақтар құрайтын бұл өлкеде экологиялық, су және тау туризмі кеңінен дамыған.

Пленарлық отырысты қорытындылаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петропавл қаласындағы форумның жемісті өткенін атап көрсетіп, бұл бағытта алда тұрған бірнеше міндеттерге назар аударды, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-жоспарына қол қойды. Форум аясында басқа да меморандумдар мен келісімдер жасалды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp